Кәрі шың риза боп өзіне-өзі,
Құшақтап қиял, мұңды көз іледі.
Төсіне көтерілсе көлеңке-бұлт
Тау оны түс көрдім деп сезінеді.

Көңіл-ай, алданумен күн өткізген,
Кезінде көп сезімді дір еткізген.
(Қара тас үйретеді қайсарлыққа,
Қайсарлық қашып кетер жүрексізден)

Топырлап төмен қарай бұлақ-киік,
Табаны тасқа әр жерден бір-ақ тиіп,
Асығыс шыға келді ай далаға,
Аяғын әр бұтаның құлап сүйіп.

Дәм татып көп үміттен, аз арманнан,
Туған жер, ол да керім базарланған.
Мінгізді мың алғысын бір толқынға,
Шаңдағы кеудесінің тазарған жан.

Сұлу ед Алатаудың бұлты неткен!
Болса да менен жақын түн-түнекпен.
Қараймын қарбаласта қабағына
Өзім мен оған аян бір тілекпен.

Бұлттай боп, қалың ағаш тұр кеңесіп,
Ғажайып сыршылдықпен іргелесіп.
Төсінен көп шоқының қоналқы іздер
Көк бұлты жер бұлтымен бірге көшіп...

1961