Сен сыналдың,
бір апта
ойлап жүрдің сол жайлы.
Сені сынар бірақ та
жиын – күнде болмайды.
Сүймесіңді – жолатпа,
жалғыз-ақ қал сен мейлі.
Көп ішетін қонақ та
күнде саған келмейді.
Шыдау – сенің міндетің,
бұлшық ет боп пісіп, қат.
Жақсы бастық күнбе-күн
жатқан жоқ қой түсіп қап?!
Аңырма, Ақыл, түңілме, Ес,
Қайғы ойлама, қайран Бас:
күнде тұлпар сүрінбес,
есек күнде бәйгі алмас.
Бұ да қызық шақ шығар
сүлгі айтса ту жайлы...
Күнде өлмейді жақсылар,
жаман – күнде тумайды.
Сөйледі деп бір шірік
керегі не күрсініп.
Жаман емес тіршілік,
жаман емес тіршілік!
1978