Жаңбыр жауды,
хал мүшкіл,
көлік сирек – кешіктім.
Алқынып кеп жабыстым
тұтқасына есіктің.
Үсті-басым су болды –
жаңбыр жауды бір күні.
Сонда маған түйрелді
бастығымның кірпігі.
Көзі от шашты сұр-сары,
жаңбыр жауған денеге
найза болса – бір сәрі,
кірпік деген немене
елемедім,
бас салып
мақтай бердім мен оны.
Махаббатың тасса анық
бастықты да жеңеді.
Шықпады үні, не демі,
мен бітірдім бір істі.
Жеңілді ол,
себебі:
нахалсың деп ұрысты.
Нахал деді,
денеме
қуат бітті он есе.
Нахал деген немене,
жағымпазсың демесе.
Бүгін менен жалғыз да
отыр ағам таппай мін...
Не жаңбырды жауғызба,
не бастықты мақтай біл!
Күнде жаңбыр болмайды,
кешікпейсің күнде сен.
Ісің бірақ оңбайды
«нахал» бола білмесең.
1978