Балта түсті,
мәткең бар ма – соқ, қане!
Бір соғарға жарайтын күш жоқ па әлі?!
Қызды-ау ойын,
қызды, қызды, әй, қызды –
көзір алты ұрып алды жай тұзды.

Бітірмейді желке қасу, жөтел түк,
әне сегіз, қосқан екен – кет ертіп.
Біреу, міне, тұздары бар кісіге
жер тістетті жетілікпен көтертіп.

Тұз құлады тыраң асып табыстан,
король жатты бастан дәурен-бағы ұшқан.
Балта жүзі мұқап қалды,
даманың
тырнағы өткір екен барыстан –
бүрді-ау бәрін, бүрді кенет, әй, бүрді:
ондық күлді,
қарға тоғыз қайғырды.
Король біткен тақ-тажынан айрылды,
балталар да баққанынан айрылды.

Кеудең қаңырап бос қалады, жан ұлып,
теңселесің қарға-қанат жамылып.
Қызыл табан – тамып қалған қан сынды
балта мұрнын қанатқанда дама ұрып.

Жалт-жұлт етті көздер бейне жай тасы,
мықты екенсің, қызбай ойнап байқашы!
Махаббат деп мақтағаның бозбала-ау,
дамалар мен балталардың шайқасы.

Жеңу, жеңу бұл ойынның бар мәні,
әйтеуір бір жеңу – көптің арманы.
Мен де ойнап ем –
қолым жөнді шықпады,
сондықтан да қарсы жағым мықты әлі...

1978, 1982