Жанжалдың созады әйел қирағатын,
келтіріп Хақ есімін, иман атын.
Бұршақтап екі көзі бұлан-талан,
жан бар ма бірақ соған иланатын.
Күлкісін сұлулармен тиғалы ақын
ән аңдып, құлақ қалды күй бағатын.
Қайтесің күлін шашып көне жұрттың
өнердің өлген ізін сыйла, қатын.
Қан жанып тамырларда қызыл маздақ,
ол рас: қызыл көңіл бұзылды аздап.
Өткіздік қызғанышты қызыл тұрмыс,
қос жүрек қызыл жібін үзіп-жалғап.
Емес ем тау мен құзға тоқтар ағын,
ал, кейде шөп тастасаң – тоқталамын.
Жеңілген секілдімін,
өйткені мен
әйелге де өкпелейтін боп барамын.
Жотама бар күнәні шайқап артып
Отырсың, пиғылың жоқ жай табар түк.
Жай таппас пері-қанат періштеден
сасса – сабыры бар сайтан артық!
1978, 1982