Ей, ер халық, сілкініп бір түрегел!

Ұлы дүбір жаңғырықсын тау-тасқа,
шабыт берсін жаңа-жаңа айқасқа.
Қартайды ғой Гомер, Данте Пегасы,
Паблоның қазан-аты, ойқаста!

Дүйім дүние бұрды саған жол басын,
сіздің ұлдар – біздің бауыр болғасын,
Жарқылдасын Чапаевтың қылышы,
Махамбеттің аруағы қолдасын!

Ескі ерлердің қайратымен сұрапыл
туды күнің бұрқырап бір шығатын.
Жұл бұғауды жүректінің қолынан,
ашу-кектің арыстаны, тұр, атыл!

Гүл үгіліп күл болуын тіледі ол,
хунта басы құлауға әзір... кім еді ол?!
Ол бір елес – Гитлердің үрейі,
Муссолини моласына түнеген.

Ей, ер халық жұлқынып шық, түрегел,
найза сынсын өңменіңнен тіреген.
Сынсын құлып, сыңғырасын бір өлең
туған өлең қыл бұрау мен дүреден!

1978