Темір қақпа, темір төсек – сұр бәрі
ертеңді-кеш сұстанып кеп тұрғаны!
Сұп-сұр ұшқын төгіп қалды сұр жанар,
сұр жұдырық түйіледі ұрғалы.
Сұрғылт бұйрық, сұр айыптау, сұр сүңгі
шың етіп сұр сәуле алдында бір сынды.
Сұрғылт сұрақ, сұрқай жазалаушылар...
сұрқай ой жеп сұрғылт тұтқын күрсінді.
Сұр күзетші, сұр мылтығы сіресіп
өрттен қалған қазық құсап тұр өсіп,
Сұп-суық боп құйылады сұрғылт жел
са-ақыр етіп ашылғанда сұр есік.
Сұр есіктің мың тұтқыны – бір төбе,
мына есіктің бір тұтқыны – бір төбе.
Еден де сұр, қабырға сұр, сұр төбе,
сұр шыңдарды сұрқай бұлттар бүркеген.
Бірақ тұтқын үміті мен тағаты –
қиялдағы Қызыл Тудың қанаты.
Бірақ анау көкжиекті қанатып
келе жатыр қызыл күрең таң атып...
1978