Қызық қой қызы бар әже,
Қызықпыз ғой біз де тым,
Сәл сынасам әжені – оған деген ізетім:
Толтырсаң да қыз жәйлі дәптеріңнің жүз бетін,

Жүрген жоқсың қыз аулап,
Қыдырғаны – қызметің.
Сен жымисаң – қорқады ол,
Қорқа ма адам күлкіден,

Бірақ мықты құмға өскен ши секілді бір түп ол.
Әр қимылың әйтеуір береді оған бір күдік,–
Жалт қарасаң қау құсап жанатындай дүрлігіп.
Әбігер боп ине іздеп – шай алады дорбадан,
Іздейді есік кілітін – өмірінде болмаған.
Жаулығының ұшымен сүртіп бір сәт кебісін,
деп қояды күбірлеп: «бала-шаға не білсін!»
Кім біледі онымен не қоярын, не бітіп –
Қызы жәйлі сөйлейді төрт-бес жасты кемітіп.
Бойжеткенді сәби деу, ойлап көрші, обал, ә?
Онсыз-дағы... ұғады, ұғады ғой о бала.
Бұдан кейін... ішінде «бұзық» бұғып тұрады,
Аузын жапқан ақ сандық – қызықтырып тұрады.
Тегін емес мінезі аза шыбын-жан дейді,
Ерін емес бұл өзі – таза шырын-бал дейді...
Қамшыңды алсаң сол әже бәрін бір-ақ ұмытып:
«Түгеншежан, ағаңды аттандырып сал» – дейді.
Қызық-ау бұл әжелер,
Қызықпыз ғой біз де осы;
Бізден қызық пендені бұл дүниеден іздеші!
Қанша іздесең алдыңнан әже шығар жаңадан,
Кеткен қыздың соңынан көзін сүртіп қараған.

1965