Күлімдеудің жоқ секілді керегі,
Күлмесе де жып-жылы оның жанары.
Жұмыр иық, жуас біткен денені
Қақ айырып қара бұрым ағады;
қара бұйра толқындары бұралып,
бүлк-бүлк етіп ағып жатыр қос бұрым –
Алматының аспанындай қуанып
сылқылдаған судың үнін естідім.
Ақша бұлттай үлпілдейді тамағы,
аузын ашса – отырасың ән күтіп.
Кеудедегі егіз шыңды, табиғат
бір-біріне қойды ма екен аңдытып?
О, дариға, жан тыныштық іздеп ем,
болмады ақыр... бір керемет жыр құшты ой.
Бәрінен де... аты әдемі-ау қыз деген,
Қыз болған соң – сұлу болмау қылмыс қой!

1965