Қыздар!
Сіздер жайлы көп жазғам жоқ-ау, сірә мен –
ерте үй болып қойыппын,
Соның үшін кінәлі ем.
Ыңғайсыз ғой қыздарға өлең арнап бүліну,
Жар отырса жаныңда талдап өріп бұрымын.
Мынау ағаң байғұстың қиын халін түсін, кел,
бірақ әлі сендерге бұрып тұрам ішімнен.
Қайран ғана жырымның жылытуға келсе ебі,
Құлап тұрып мақтар ем,
мақтар едім мен сені;
Қара шаш деп мақтар ем –
Жарымда да бар ол шаш,
Қара қас деп мақтар ем –
өз жарым да қаламқас;
Мүсінді деп мақтар ем – мүсінсіз де емес ол,
аяғы да әдемі – сәл қисықтау демесең.
Жоқ, жоқ, бітті… бүлдірдім,
бүлдірді ғой сөз мені,
аяқ емес, сөз қисық!
Білмеймін мен өзгені.
Жарым менің жақсы адам,
Жақсы адам ол – шыным дәл,
Жалт етіп бір қарайды-ау жанарымен ұғынған.
Жар деген бір жақсы сөз,
тіпті жақсы қыз деген,
тәтті сөз ғой қыз деген – өзге бояу іздемен.
Бояу деген сізде анау... сөмкеңізде жетерлік,
бояу кейде қыз түгіл өлеңге де бекер жүк.
Кейбіріңді мен сырттай көрем енді суреттеп,
бұл – ғашықтық емес тек – ұғыныңдар құрмет деп.
Ал, оқи ғой, ойшылым.
Міне, алғашқы жол дайын,
Тек қана анау жеңгеңді...
ренжітіп алмайын?!
1965