Шалықтап еседі бір самал тұрып,
Қойнауға тығылады шаң алқынып.
Жалаңаш балтырлардан «кәріқыз» бүрсе,
Көк сүйрік құм астынан табан тіліп.
Бұл елдің жілігі де илігеді,
Бұл жердің шілігі де би біледі.
Аяқты аттап қалсаң, майлы топырақ
Бұрқ етіп тобығыңа үйріледі.
Қоңыр шаң, барлық маңай қоңыр тұман,
Шаң емес қоңыр, мүмкін, көңіл шығар?
Әйтеуір мұржалардан қашты түтін
Исін ап бауырсақтың қоңырсыған.
Бұл жерге еңкеймеуің – айып тіптен,
Ақ мақта – алақаның жайып күткен.
Жүйектер кетіп жатыр батып-батып
Жіп құсап қалың күпіні қайып тіккен.
Болса ғой шіркін бір топ емен, терек, –
Тамсандық суық су мен көлеңке деп.
Қыздардың плащын ап «күрке» тіктік,
Суырып ақысына өлең төлеп.
Жел сонда етектерді бітті түріп, –
Тақасын отырды қыз тық-тық ұрып.
Таңдайға тұрып қалған тілді қозғап,
Қояды біреу әппақ сүт түкіріп.
Мақта әппақ – қауашағын ашыпты үміт,
Ақтықты адалдыққа ғашық қылып
Кетесің өлке жәйлі ұзын ойға,
Қып-қысқа көлеңкеңді басып тұрып...
Сұп-сұр боп шыға келер қара жейде,
Шаң өзі қашып кіріп жаға-жеңге.
Төзімін тістеп тартсаң жыртылмайтын
Май сіңген кенеп сын-ды дала кейде.
Аймалап аптап ыстық-ерке құшақ,
Ойнаса шаң мен құйын жер тегіс-ақ.
Тесіліп шұр-шұрқ болып алқап жатты
Мақтасы шыққан көне көрпе құсап...

1965