Келдің бе, жыл?
Әлде саған мен келдім,
Қарай-қарай компас пенен сағатқа.
Мен – нашарлау есепші едім, тең бөлдім
Бар жүгімді тәуекел мен талапқа.
Жүгім менің – өткен жылдың есебі,
Жүгім менің – содан қалған көп үміт.
«Бала, саған ауырлау ғой» – деседі,
Әлдекімдер қыр астынан көрініп.
Қандай жыл да ортайтпаған көңілін
Біздің ел де – бір керемет ел еді.
Күншуақтың өлмейтұғын өмірін
Көлеңкенің өзі жасап келеді.
Бір арманды баспалдақ қып бір арман –
Бәз біреуді ең биікке шығарған.
Бәз біреулер қалт-құлт етіп жүр сапта,
Бәз біреулер әлі жатыр құрсақта...
Саған айтар тағы да шын сөзім бұл:
Ұзақ ғұмыр туралы адам толғады,
Өлгендерді тірілтпесең – өзің біл,
Тірілерді өлтірмесең болғаны!

1965