Суретшілер көшіп кеткен жұрт па бұл –
бояу исін мұрыныммен ұрттадым.
Суретші болса егер ол қырт-кәрі:
тікшіл екен қаламының мұрттары.
– Серігіме кір дейін бе сырттағы?

– Брось! –
деді әйел-дауыс шошынып, –
жалғыз ғой деп жатыр едім көсіліп,
күле кірген – шығад деуші ед күңірене,
Шығады екен осы күнгі дос ұлып!
Сұлуға да керек шығар сын-сымбат, –
Осыны айтып күлді сұлу сыңқылдап.
Жылт-жылт етті алагеуім бөлмеде
алтын күрек-тіс пен жылтыр бір тырнақ,

Сурет отыр, бояуы әлі кеппеген,
тірі адамға ұқсастық бар ептеген.
Көзі – тірі,
күлетіндей бір түрлі,
кірпігімен етегіңнен ілетіндей бір түрлі –
сояу-сояу тікендер боп тұр аңдап,
қозғалғанмен бел-мықыны бұраңдап,
түрінде бір суықтық бар,
сол ызғар:
моншақтары – жорғалаған қоңыздар.

Оттай ыстық сөйлегені өкпелеп –
қонатын бір сорлы көбелек керек!
Бір қарасаң, жарастық та бар мұнда,
жақсылық та бар мұнда.
Тірі әйелдің алдында емес,
тұрғандаймын мен, әттең,
жаңа біткен картинаның алдында.

Бұлай бояп көрсету де тірі адамды – тірлікті
кім біледі,
өнер шығар бір мықты?
Ортаймасын бояу құйған тегенең, –
Шын суретші сенсің, әйел деген ел!
Ескі дәуір мұрасындай ең өлі
өңдеп, өлшеп көрдім көзбен мен оны.
Сүю, құшу қиын мұндай сұлуды –
іргеңе тек іліп қойғың келеді.

1983