Вавилонның бағы түгіл аспалы,
шөп те сирек,
қияқтары ауру тістей сап-сары,
жыңғылдары тот қаптаған сым-сидың;
құлақ түріп тыңдай қалсаң қас қағым:
қурайлары жел өтінде сыңсиды.
Белдеулерге қыстырылған құрығы
антенна боп – жел үп етсе ұлыды.
Балалары жылауықтау ауыл ол,
құлауықтау болатұғын құдығы.
Табриз, Шираз көп жырланған қалалар,
Қошалақта жыр жоқ,
жел мен дала бар.
Құдығының суы бірақ сұйық бал,
қарақаты – жүзімдікке бара-бар.
Батаға ынтық қарттарының дос көңлі,
жастары әттең ұнатады бөскенді.
Жазда – құмға,
қыста – суға шұбырар
қойының да көп шұбырар жыны бар.
Бауырын езсе жат қайғысы,
дос мұңы –
соның бәрін қоңыр күйге қосты ұлы.
Бала – жылауық,
құдық – құлауық
бұ да айып:
топырағы мен көкірегінің бостығы.
Құлын байлап,
құдықтарын көздеген,
тас атқанды аспен атып төзген ел.
Жесірлері кешірімсіз кекшіл тек,
жетімдері қуаттырақ өзгеден.
Таба алмаған тағдырына
табынудан басқа амал,
о, құлан-құм,
құдірет құйған астанам;
жетім лағы желіде қап қақсаған,
жүйріктері шаппай жатып ақсаған.
Қатар өскен: қайсарлық пен момындық,
қас батыр мен қас надан!

1983