Сапар – ұзақ деп еді,
тез оралдым, тағы да
тез оралам,
себебі:
домбырамды сағынам.

Үйкүшіктеу – біліп қой –
бұ заманның серісі мен жарлысы: –
жаңа үйленген жігіттей
домбырасы бар кісі.

Талай әсем қыздардың
дарымады «қарғысы»:
қызға қарап қайтеді
домбырасы бар кісі.

Талай жұмбақ күй шерттім –
шешу ғана қалып тұр.
Ақылсыз көп құлақты
кесу ғана қалып тұр.

Домбыра, сен туралы
талай жаздым мен мына –
күйді ұқпаған кісілер
сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбыра?!
Бақыт жайлы толғам көп,
менің бағым – домбыра.
Майсаңдап күй шертпесе
неге керек қол мына!
Күрек ұстай білмесем,
қалам ұстай білмесем –
қайғырмас ем,
ал, бірақ
домбыра ұстай білмесем,
күйдің мәнін, сүйсінбесем, әр ұғып,
өлер едім, жүрегім
қасіреттен жарылып!

1983