Алматының тау жағы,
ертегілер бағында
малтып жүрді көк бұта жасыл мұнар-сағымға.
Отырдым мен бал жалап бармағынан ескінің –
жасыл сақал бір қарттан
Шымыра-Ділдей кескіні
шырмауықтай шым-шиыр хикаялар естідім.
Ал, тыңдайық, дедім мен, құлағанша тыңдайық,
бір сиқыршы көз қысты – кетті кенет Күн байып.
Сөйлеп отыр қария,
әр сөзіне күй тұнған:
жасыл жапырақ, сыңғыра,
сылдыра су, сиқырлан!
Ауладағы әппақ шам жасылдана жанғасын,
жарығына жиылған көбелек те – жап-жасыл.
Шашырады жасыл от,
– О, зымыстан, зымыстан! –
кетті екі-үш бас домалап жалт еткен бір
қылыштан.
Төгілді бір дыбыс-бал тәңір құйған ыдыстан,
қан-тамырдай лүпілдеп бір леп есті Шығыстан.
Тас боп қатты ши-бөрі бір есінеп, бір ұлып,
қарғып шықты ауладан тас арыстан тіріліп –
сиқырланды бар маңай,
сала берді құбылып:
кіріп келді сол сәтте жүз кәнизак шұбырып.
Кәнизактар мақтады тұлғалылау бір ерді,
сыңқ-сыңқ күлді сұлулар,
ер – еңіреп жіберді.
Ей, жарамсақ жыршылар,
шапан киіп, ат тапқан,
шарап жұтып шат тапқан патшаларды мақтап қал!
Маймыл мас боп қылшықты,
тасты жарып Жын шықты,
Жез тырнағы жалтылдап Мыстан шықты
батпақтан.
Һарон-Рәшид халифа сауық қызған шағында
кағып кірді қақпаны Жағыпары жанында.
Күй күмбірлеп,
Саз сайрап,
Ай астында ән қызды –
әй, сыйлады-ау, сыйлады жасыл сақал шал бізді:
сұрап ішті бір патша,
маған зорлап алғызды.
Шайқы-Ісіләм қария қабыл деді бір бата,
бар батаны арнатты Күншығысқа – таңға атар.
Әбу Науас жыр қосты мұңды сазын зарлата,
сандуғаштың даусына сауысқан мен қарға таң...
Мыстан алтын жасады бір алхимик-шарлатан.
Шаһаризада сұлудың сазын сүйіп,
бірауық
бал ұсынып қолынан балқып отыр Қалмақан.
Шаһрабаз-патша отыр, қара бұлттай күркүрлі
қарауытып қарайды Қалмақанға бір түрлі:
қызғаныш па тағы да?
Патшалардың ұлы ісі:
баспен ойнау – жұмысы,
қолында сол – қашаннан қынабы жоқ қылышы.
Салып жатыр саудаға бірі ақылын,
бірі ебін.
балуан – күшін бұлдайды,
қыз бұлдайды іреңін.
Әлдекімнің жүзі өрттей, алқымы ісік қап-қалың,
біреулердің, аңғардым, алқынысып жатқанын.
Бола ма екен итте ынсап – қазанның жоқ
қақпағы –
бір сұлуды мен де арбап, аңдып-андып мақтадым.
Сақ-сақ күлді бір сайтан,
Гүж-гүж етті Жын қызып,
жұрқа-шашты бір қызды жотасына мінгізіп.
Сыңғыраса шолпы, алқа – шым етеді жүрегің,
судыратқың келеді, Мысыр, Шамның жібегін.
Шарап тарап шарбыма,
шын балқытты күй мені,
жұғыстым көп сайтанмен,
Ібіліснен биледім,
ең сұлуын солардың онашаға сүйредім:
енді ұмсына беріп ем емініп бір сүйгелі –
қызыл қораз шақырды!
Жазғы таңның атқаны,–
ғайып болды той-жиын,
алтын сарай қақпалы –
ақ сақалды қария тұрды орнынан жатқалы.
Таң ағарды Шығыста,
самал ескен шағында
Шаһаризада, жүз сұлу еріп кетті сағымға,
Һарон-Рәшид жоғалды Жағыпары жанында.
Бір-бір теуіп Жын, Дию – жерді жарып түсті олар,
көлеңкеге айналды – ұзындар бар, қысқа бар...
Сауық та жоқ,
саз да жоқ, ұшып жүр тек жай ғана
көбелектер ақ канат жалғыз шамды айнала.
Қайың тұрды ағарып,
әлі жасыл тал мына,
ертегіден белгі боп осы ғана қалды ма?
Састым білем, абдырап
жүзігімді сипап ем –
жасыл көзді такси кеп тұра қалды алдыма...

1983