Америка, әлхисса,
атып-шауып, қырғызып,
телефильм көрсетіпті бір қызық:
көп-көп әскер автоматын құндақтап,
солдат аты –«десант» болып «қымбаттап»,
қар жамылған иен өлкеге қабаттап,
шекарадан кіріпті-мыс әрі аттап.
Қар сықылды жамылғысы ақ, әппақ
ылғи орыс екен дейді –
ал аттан!
Халық деген қай жерде де халық та,
не болғанын түсінгенше анықтап,
ойрандайды түскен десант Советтен,
Совет деген, деседі екен «тәбетті» ел –
байғұсты атқан,
бейбақты атқан,
малды атқан
қарға аралас қызыл мұз боп қан қатқан.
Оқ даусынан оқырадай қозады,
оған қоса «қызыл» болса өзі әрі –
не күтесің солдаттан!
Аляскадан оқ-боран боп соқты қыс,
үзілді әнтек көп телефон, көп тыныс –
Ией, соқтығыс, екі дүние, соқтығыс!
Сонда бүкіл Америка ышқынып:
«Соғыс! Соғыс!» – депті-мыс.
«Қызыл қырғын!»
Күш жоқ одан басқа асса –
ақылы бар – президент саспаса.
Батыл етпей отырған бір ісіңді
қандай жақсы басқа біреу бастаса!

Дүние тыныш.
Орыс ояу. Түн іші.
Соғыс екен сол «орыстың жұмысы».
Соғысқа арнап салды дейді қас қып ән
менің бейбіт ұйқыдағы Москвам –
кәрі маршал өргізіпті, сутегі, атом бомбасын
бас бармағы астынан.
Дж. Кеннеди – тым советшіл, жас маман,
Рузвельт – жалтақ болған – қасқа адам.
Дұрыс, депті, штаттардың тарихын
Трумэн мен Рейганнан бастаған.
Сол Рейган – момын кісі – жаңа адам,
ешкімді ұстап көрмеген жан жағадан, –
түлкіден қу,
азулырақ және одан.
Жанжал десе – жел-бұтадай басы үркіп,
ұстайды екен, әлхисса,
өзін ылғи саясаттан қашыртып:
Совет халқын «үлкендікпен қатты аяп»,
жанарына алыпты-мыс жас іркіп!
Жас ірку не – жыламаса он рет!
«Дүние қамын ойлай» келе кеңірек:
«Әй, тентек-ау Советтердің елі» деп,
кнопкасын ол да басып,
әлхисса,

Содан кейін жіберіпті еңіреп!
Қарсы жақтың қамын ойлап «жылаған»
президент неткен ғана «жылы» адам!
Шын сене ме идеологтар қуыршақ
өтірікке өздері ойдан құраған?!
Бір күні өстіп құриды деп тіршілік,
фильм аты – сенсация! – тұр шығып.
«Көрегендік» жасапты бір көк мылжың,
режиссер атаныпты бір шірік.
Абай айтқан ғахыл-сөзден сезгенім:
«Өзі – шошқа,
ит деп ойлар өзгені!»
Қанша өтірік болса да өнер – өнер ғой:
келістіріп айту, рас, басты ісі:
президенттің масқара ғып ашты ішін –
бұдан сұмдық түс көре алмас мас кісі.
өз ұлты мен халқын алдап басшысы,
өз пиғылын көргенде өзі,
фильмнен
келді дейді тұра келіп қашқысы!

1983