Жарқ-жұрқ етіп баурайында сонша арық
аққанымен
шыңдар отыр томсарып:
Сабыр, қайрат,
әлде қатал мінез бе,
жан ұға алмас мінез бар ма бір өзге,
арықтардың ақ жалы оған жат па әлде –
қабағына қатпар болып қатқан не?!
Қалтарысты, қойнауларды бұйығы
ала тасқын қанша ұрса да үйіріп
бүлк етпейтін неткен бүйір – бүйірі?!
Желкілдесе әппақ тасқын,
тас қара
түнереді – қайшылық қой масқара!
Қара шыңға қайшы бітіп, қасара
емен де отыр жел өтінде,
не шара:
қара діңі қыңқ етпейді қасқаның,
жапырағы қанша шуылдаса да.
Болмай ма екен қуанышы, күйігі –
бүлк етпейтін неткен бүйір – бүкірі?!
Жұлмала жел, алқынып бір сал майдан,
әлсіз дейді жапырақтар сарғайған:
әлсіздерді қиратып бір «ерлік»
етсең болмас па –
жел, жел, баста шабуылды, сен баста!
Өкпе артар ек қара еменге – қасқаға,
кінә артар ек қаталсың деп тасқа да,
жатыр екен бұғып ұзақ дау мұнда:
жапырағы бар сонша қара еменнің,
бұлағы бар сонша қатал таудың да –
мұның өзі қайшылық-ау масқара?!
Қайшылық па,
жарастық па бұл әлде?
Осыны ойлап тұзды көлдей тұнам мен.
Жігер, қайрат шыңдалса егер сеніммен,
ақыл өседі екен күдік-күмәнмен.
Бүлкіл қағып бүйірі
емен қашан көріп еді иіліп!
Жұмсақ болып көріп еді тас қашан,
қалар ма отқа төзер күш-қайрат
тастың қатты-лығын алып тастасаң!
Менде таудың беделі бар,
дегенмен
желкілдесем әр толқынмен бірге ағып,
не қалар ед сол салмақтан – беделден!
Қара емен боп шыңға қарсы қаз басып
мен де өскенмін тағдырыма қасара.
Жалқы өскенге күз, көктем де, жаз да – сын,
көрсеткем мен бірақ қатал тасқа өскен
дің-түбімнің қисаймасын, азбасын,
жапырақтар қанша шуылдаса да.
Мен – тасқа өскем,
қалайыдан қиылғандай жапырағым да
қап-қатты,
қоға емеспін қуып өсер батпақты.
Бойда қайрат, болғанымен күш қалың,
жапырағымның қурап, тозып ұшқанын
көрудің не сезінудің бір айын
маңдайыма жаза көрме, Құдайым!
Қайшылық қой бұ да, достым:
дұрыстап
бейнет шексек, бейнет түбі – ырыс, бақ..
Жарастықтар жаратқанмен әлемді,
қайшылықтар тұр ұстап!
1983