(Мінездеме)
I
– Көп қаланың көшелерін білсем де,
бұлай екенін, әттең деді ол, кеш білдім:
итіңді ерттеп мінсең де
жұмысы жоқ ешкімнің!
Маған бұл сөз желін құйды даламның –
мақтау естігендей болдым тегіннен:
– Іздеп жатыр, дедім сендей адамды,
Көшіп келсең – үй береді дедім мен.
– Аузыңа май, қарағым,
әмиін, деді ол, түшкіріп,
аяғы жоқ балағын
белбеуіне қыстырып.
Мәз болды аға:
– Мен емеспін тартынар,
Жеңгең: шау боп шөгіп қалдың десе де...
Дүкені бар, паркі бар –
ертесіне тағы шықтық көшеге:
ерегесіп бір құрдасына «оңбаған»
елге бара көшетұғын болды ағам.
Қызып-қызып алатыны бар әлі,
Қызық-қызық Қошалақтың адамы.
II
Аялдама. Қалған сын-ды жұрт үннен,
Сағатына қарайд біреу есінеп.
Әлдебіреу тықыршьш тұр күңкілдеп,
Осыншама кешіккені несі деп.
Самал ғана лыпып ойнап жүр кезбе,
бұталардың арасына кеш кірді.
Оң қолдағы көше жақтан бір кезде
«помогите!» деген дауыс естілді.
Ақсақ ағам есі шығып бір түрлі,
дауыс шыққан жаққа кенет ұмтылды.
Ыңғайлады балдағын
ұратындай лақтырып,
сонсоң тез-тез, тез-тез деді ол аптығып.
Сап-сап дедім.
Тұрды ол бір сәт тың тыңдап,
Қошалақтың ері нағыз осы да.
Әлгі дауыс шыққан тұстан, сынқылдап
бір қыз күлді,
жігіт күлді қосыла.
– Жастар, дедім, ойнайды ғой, кеш кірді –
мән берудің жөні болмас зор бұған,
көрмейсің бе, сенен басқа ешкім де
қозғалған жоқ орнынан?!
Түсті ағамның көңліне бір жарқыншақ,
басын шайқап, сипап қойды иегін бір.
Қос көлеңке қолтықтасып,
әлгі тұстан қыз бен жігіт көрінді.
Көтеріңкі сөйлейтіні бар әлі,
көңілді ғой Қошалақтың адамы:
– адамдары «қайырымсыз, оңбаған», –
бұ қалаға көшпейтұғын болды ағам.
III
Бір қара ағаш сыбыр етті шалға әлгі,
самал жүрді әр бұтадан күй теріп.
Сала-сала саусақтары шамдардың
айсыз түнді көкірегінен итеріп.
Сездірмей тұр салмағын.
Сөйлейді аға дүрліге,
көкірек-көңлі болмады әсте тыншығар.
– Помогите! деді ғой ол, кім білер,
бәлкім біреудің тарыққаны шын шығар?!
Рас, ептеп ұрттап едім сырадан,
қызғындықпен айтқан емес,
сынаман –
қала ортақ қой,
қарашы тек мынаған:
«помогите!» деген шақта,
тым құрса
селт етпеді-ау топ адамнан бір адам!
Мен – кекеттім:
– Әттең, дедім, кеш білдің –
ит ноқталап мінсең – мін,
шаруасы жоқ ешкімнің.
Күреңітіп жүретұғын еді өрттей,
бозғыл тартты, содан кейін мені ертпей
жалғыз кеткен...
барып келдім жаңа да:
біреуді ұрып ағамның
өзі түсіп қап еді ауру-ханаға.
Қошалақтың адамының қаны ыстық
Гаекондықтар секілді;
Әнеугіні әлі күнге намыс қып:
қала өмірін күзетпесе бола ма,
қала адамын түзетпесе бола ма –
ерегіссем көшіп келем, деді аға.
Жиырмасыншы жылға ұқсайтын
көп мінезі бар әлі,
қызық, қызық Қошалақтың адамы!
1983