Екі үйіміз болғанмен бірге өсіп ек екеуміз,
екі қамшы ап бір тайға мінгесіп ек екеуміз.
Ертегіден естіген «дәу перінің» күшімен,
бір кеуделі,— ойнаушы ек — екі басты кісі боп.
Екі басты кісі боп бітіріп ек мектепті,
қуа-қуа тірлікті жеті басты боп кеттік.
Кітап жиып қалада кісі болып мен кеттім,
кілем жиып далада кісі болып ол кетті.
Биыл іздеп көріп ем — ұмытыпты, жорта ма,
соңғы модамен тіккен костюмімнен қорқа ма,
Жақындады сақтана ұрып қалар секілді,
ол — мақта да,
мен күйе, жұғып қалар секілді.
Ұғыспақ боп елді айттым — қостамады көріне,
жымиды құр: сен елден не білесің деді ме.
Ұғыспақ боп жырды айттым — қостамады көріне,
жымиды құр: соныңның керегі не деді ме.
Кінәлі емес шығар ол, мен де емеспін,
өкіндім:
айрылыппын бір достан арқасында оқудың.
Енді отырмын, оқушым, мұңымды айтып саған жәй,
бір досымды жоғалтып,
бір досыма сене алмай.
1969