Кел, кел, ұлым, бермен кел, мойныма кел, кел асыл,
асыл,
көрейікші екеуміз туыс-туған санасып:
сен әкеңді білесің жазбаса да тілдей жыр,
мен әкемнің сүйегі қайда қалды — білмеймін,
сенің шешең жүр үйде ақыл айтып тарынып,
менің шешем ауылда аты Қайғы-Кәрілік.
Сенің екі апаң бар:
бірі — ұйқы,
бірі — ойын,
үш апа бар, ал, менде: шабыт, сана, уайым.
Сенде жалғыз қарындас — еркелігің ол әне,
менде жалғыз қарындас: жаңа жырым болады.
Ұйқы — апайың әлдилеп, үлбіреді керемет,
ойын-апаң ән-күймен күлдіреді керемет.
Қарындасың — Еркелік, екі көзі жылтырап,
қанша тырбыңдағанмен шыға алмапты қырқынан.
Шабыт-апам біраздан жоламай жүр, жоламай,
Сана-апайым басқаны жағалай жүр, жағалай.
Үшінші апам — Уайым,
уһ, жаным-ай, күйем бе,
Жыр-қарындасты ұзаттым журнал атты күйеуге.
Менен сенің тумаң көп, көрдің бе, ұлым, сүйенген,
ал мен қалдым Жалқаулық деген жалғыз жиенмен.
1969, 1982