Жатпасам алтын ашып, күміс күреп,
Қайтейін, алған емен тынысты көп.
Мына ми жаңа ой тілеп тыншымайды,
тынбайды қолым жаңа жұмыс тілеп.
Тың әуен аулаймын деп құлақ алаң,
жаңа сөз жазамын деп мына қалам.
Жұлдыздай бұлтта адасқан жылт-жылт етіп
теңеулер өтіп жатыр ұнамаған.
Әурелеп кеттім білем бір істі көп,
жел құсап жыртық үйді тіміскілеп.
Тілейді тың көрініс екі көзім,
екі аяқ жаңаша бір жүріс тілеп.
Ескі ойдан шыға ала ма босап адам,
бір ерлік – бір ессіздік жасамаған.
Әйтеуір бір ессіздік етсем деймін,
бір жылжып кету үшін осы арадан.
1969, 1982