VI
ҚУҒЫН
Аяқтарға түсті бар күш,
Сол қайғы:
О дүниеде телефондар болмайды.
Алдар көсе деген әруақ-өліден
Мүңкір–Нәңкір жауап алмақ, – деді де ол,
Жөңкіп ала жөнелді
О дүниенің ұзын коридорымен.
– Сақал–шаштар, бурылың бар, ағың бар,
Алдар деген көсені іздеп табыңдар.
Шайтандардың тінтіп қара шатырын,
Періштенің есігін де қағыңдар!
Бұл бұйрықтың қатал еді күйі шын.
Өлі дүние бүкіл қуыс-мүйісін
тінтіді жұрт –
Шайтан жылап шырқырап,
Үрпиісті періштенің үй–іші.
“Алдар, Алдар!” деген дауыс бір апта
Жаңғырықтай ұрып тұрды құлаққа.
Бірақ Алдар таптырмады Тамұқтан,
Алдар көсе жоқ боп шықты Жұмақта.
Бір шабарман аһ ұрды,
алған демі Тамұқ күлін ұшырды,
Жұмақ бағын жапырды.
Мүңкір-Нәңкір пақырға:
“Ойлан! Ойлан!” – деп бір жақтан ақырды.

Ойла, бірақ абайла:
Мүңкір-Нәңкір-екеңе
Ұнайтұғын ой ойла!
Ондай ойлар ойлау үшін мына бас
Құдіреттің алдында да күнә, рас.
Бұдан туған ой ешкімге ұнамас.
Сопақ бас па?
Сөз қозғама ол жайлы,
Сопақ баспен ой ойлауға болмайды.

Ойлануға жұмыр бас та жарамас,
домалауға жаралған бас –
О да рас.
Ақ бастар бар,
Сары бас бар,
Қара бас –
формалары келіспеген –
бәрі оғаш:
төрт бұрыш пен пирамида аралас.
Тағы қандай бас бар еді?
Әсте көп.
Бәрі бірақ заң-дәстүрге қас, демек,
Жұрттың бәріне ұнау үшін
формасыз
пластилин бас керек!

Ал, миы ше?
Мәселе емес бұл, шырақ,
Кімге керек балшық сын-ды былшырақ?!
Балшық орнын немен толтыр – жөн бәрі,
“басыңда түк жоқ!” – демесе болғаны...
Ойлан! Ойлан!
Ойлан, бірақ абайла:
Жұрттың бәріне жағатын ой ойла!
... Сол шабарман,
Шабарман-ды бірақ паң,
паңдығы үшін Мүңкір–Нәңкір талай тартқан
құлақтан.
Жұмырлығы үшін және басының
Қуылды о да жұмақтан.
Зәлімдігі үшін біреу қуылған,
ғалымдығы үшін біреу қуылған,
талай көңіл шындық іздеп суынған.
Өліге де тірі көзбен қарау жөн,
ей, Әділет, көтер биік туыңды ал!
Бермен қара, Әділет,
Тәңрім болсаң, бір тілекті қабыл ет,
бір сауалға жауап берші, тым құрса,
даусым жетпей қойды менің шыңғырсам, –
Жақсы атандым, содан да
Халім менің жақсармады, жарығым,
Жаман болдым –
Өзгеріс жоқ бәрібір,
Жақсыларды күндеген жұрт жабыла
Жамандарды менсінбейді тағы да,
Қанағат жоқ,
Қайырым да жоқ әрі –
Сонда кім боп күн көруге болады?
Қол – жағада,
ауыз біздің – тобада.
Бейім дейді жобалауға, жобаға
Жұмыр бастар, “алла добы”, домала!
Жұмақта да қуғындаулар болады, ә?!
Мүңкір-Нәңкір билікші ғой: пай–пай–пай,
“Ойлан, ойлан!” – деп тағы да салды айқай.
Ойланған жоқ, түсінді тек хал-жайды,
Жұмыр бас қой: ойланбайды, болжайды.
Ойланған жоқ, түсінді тек өз халін.
“Тартқан азап аз ба әлі?!” –
Осылай деп күрсінгенде шабарман
екінші рет өліп кете жаздады.
Өліде де өмір үшін майдан бар,
Жаса, жаса, ей, күрестер, майдандар!
Жөңкілісті ел:
Қайда, қайда, қайда Алдар –
Күлге қарап иек көтерді бір шайтан,
Көкке қолын шошайтты бір пайғамбар.
Бірақ Алдар... табылатын жоқ түрі,
бейне аз ақыл,
Сөздің не бір өткірі,
Әділеттей, айқай салсаң “Әу” демес.
Іздеушілер адастырды бір-бірін,
адастырды іздеушінің көптігі.

1. Параллель: Сауал

– Қызыр-ата сонау өткен заманда
ақ боз мініп, бақ-ырыс боп қонарда,
Көрінеді екен адал адамға.
Шәкен аға, фильм бітті,
Сөз бұра
береді екен ой-қиялды қоздыра:
Оқиға боп Жерде нөмір бірінші,
Қалай дейсіз, кенет Алдар тірілсе,
Аңыз-ақын мадақтаған ер өңі
Қызыр болып кімге көрінер еді?
Ойланған да жоқ бір сәтке Айманов
Күтіп жүрген сауалындай сайлана:
– Ақынға! – деп жауап берді жай ғана.

Қуғын (жалғасы)
Жұмақтың да өз жұрты бар,
Тозақта да қоғам бар,
Бірақ Алдар... Алдар қайда? Жоқ Алдар.
Ойлан! – десе сасқалақтар, алаңдар
ойлануға хақысы жоқ адамдар.
Алдар! Алдар! деген үн бар,
былайғы үн
Өшіп қалған құдіретімен Құдайдың.
Еркін ойға,
Сөйлеуге де өрепкіп
Хақ қолынан қағаз алу керек-ті,
Әттең ондай аз кісі.
Сәл ойланса келетұғын жазғысы
Әлденені жазып-жазып бір аруақ:
Сол жазғанын жыртады да жұмарлап –
Жаңа туған шаранасын шабыттың
лақтырады жалынына Тамұқтың.
Ал, Тамұқтан шырқыраған шығады үн
(Содан менің тұнып бітті құлағым).
Қайда, қайда, қайда, қайда, қайда Алдар?
Мойынына қарғыс-қамыт байланған
Шайтан – мұңды,
Мұртпен күлген пайғамбар.
“Біз бен сізге түсініктер сыңар жақ
Неге керек, ойлан!” – дейді бір аруақ.
Ой ойлайтын басы жоқ-ты ал оның,
Міне, міне бастауы бар бәленің:
ерікті ойға еркі бардың бәр-бәрі
Жазғыштар-ды;
Шабармандар қалғаны
ақыл-есі аяғының басында,
тек бұйрықты орындайтын, расында,
түйсігі жоқ футболшыдай кәдімгі
Бостан босқа, бостан босқа сабылды.

Алдар көсенің табылуы

Жаппа шеккен күндер еді бәр-бәрі:
Қара еменнің түбінде тік жардағы,
Қара киіп, ақ сақалын салалап
Отыр еді Мұқамбеттің аруағы,
Не ойласа – еркі бар жан сол еді
“ең ақырғы пайғамбар” ғой себебі.
Бір аруақты тоқтатты сол ақырын:
“Өлсең де есің кірмей қойды-ау, пақырым,
есер жаның екі жұма тер төкті,
іздеймін деп сақалы жоқ еркекті
Миың ақты, бұрын да
есің қою еместұғын оңды аса
аяғыңның сұйықтығы болмаса.
Өлі жандар болсақ-тағы біз мейлі
Сұлулардан ешкім күдер үзбейді.
Әйел – дүние көркі емей енді не? –
Бесіншімді алып алдым мен, міне,
Алдар – жігіт,
құлайды оған қыз бейлі,
Әрі өзінің сақалы жоқ, ондайды
Не халықтың өсегінен,
Не әйелдің төсегінен іздейді”.
О, Қасиет!
Әне, Алдарды тапты анық.
Он шабарман, он бес шайтан аттанып.
Шап бергенде бір-ақ ұқты жайды Алдар
Қанаты жоқ періште,
асасы жоқ пайғамбар.
Ұсақ қулық ар-ожданмен таласып
Жатқан жер-ау, шамасы,
“Табылыпты” демеді ешкім,
Қарашы:
Алдар көсе “ұсталыпты” дегенді
айызы қана айтып жатты ел енді.

Қ ы л м ы с

– Сұмдық! Сұмдық! – десіп бетін басқан жұрт
Бетін басып тас қалды.
Бұлттың алақандарымен, сасқанда
бетін басқан секілденді аспан да.
Тек бір жақта, бір жақта
Жел ойнайды жапырақпен қылжақтап.
– Алдар сонда нендей қылмыс жасаған? –
деп бір аруақ жасырынды тасаға.
(ескергенге Хақтың қатал мінезін
Қылмыс еді сауал қоюдың өзі...)
– Жолдан тайды кім бір елі, екі елі,
Кімнің түзік,
Кімнің бұзық екенін
Мүңкір-Нәңкір-екең өзі біледі –
деп бір аруақ жыпың–жыпың етеді.
Біреу жалған жылап,
біреу шын күліп,
біреу ісін ойнап жүріп тындырып...
“Ақ едім ғой, ақ едім, деп, Алла-лап’
біреу жатты шыңғырып.
“Ақпын дейді. Ей, бейшара сыңар жақ, –
Сыңар танауымен күлді бір аруақ –
Тозақ оты болар еді далбаса
егер онда адал жандар жанбаса,
алаяқтар түспейді отқа”.
Жоқ сорлылар отқа үйірлеу келеді.
Өйткені оның таңдап татқан нәрі ізгі.
гүлге ғана қонатын
Шілдедегі ақ көбелек тәрізді.

Өнерімен мәлім жанды халыққа,
Исі бар деп өртемейтін Тамұқта.
Құдай бағы – Жұмақ та оған жоқ еді,
атақтыны сүймейді Алла себебі.
(Атақ-даңқ бір Аллаға жарасқан.
Мықты екенсің, бар, бар, талас, талас та ал!
Қызмет еткендерді ғана дірдектеп
Қосады ептеп нөкеріне, дүрмекке,
өз өңірінен қалған шенмен құрметтеп,
бірақ оның баяны жоқ, баяны –
ерегіссе бәрін алып қояды).
Атақтыны сыйлайды тек, сыйлайды,
Сыйлағаннан Тамұғын да қимайды.
Мүңкір-Нәңкір мысқылдайды кей сәтте:
“Өлген кісі неғылады үй-жайды,
атағы бар,соның өзі жетпей ме?
Үй–жай түгіл, қаңқа-қабырғалары
Көрінеді көп кейде”.
Солай Алдар болғандықтан даңқ ұлы
арасында қаңғыбастау халқының,
бір сұлумен – о да өлі, бұ да өлі –
Жарасады, күлдіреді, күледі,
бірақ қалай естілмеді өсегі?
Көп аруақты толғандырған осы еді.
Қарасқанда не болады қос өлік,
Жарасқанда не болады қос өлік.
Мәселе тек “болуда” ма?!
Екі өлік
Бұл сауалға жауап берді жөтеліп.
Рас па, әлде, өтірік пе, кім білген
Сол қызды Алдар мезгілсіздеу күлдірген.
О, өнерпаз! О, дана!
Көп сөздердің көбігімен көгала
Тірі қызды жымита алмай жүргенде ел
Өлілерін күлдіруге болады, ә?!
Ей, ағайын, қарманып қал тіріңде,
Су боп шалқы,
Жапырақ боп дірілде,
Қылмыс болып таңылса өстіп күлу де
Әзілге де зар боларсың түбінде.
Күлкі, қалжың енбеген соң тұрмысқа
О дүниеде заңдар шолақ, тіл қысқа...
Қылмыс – қылмыс емес қолдан келсе егер,
Қолдан келмеген қылмыстар – қылмыс та.
Ал, шынында Алдар көсе “қылмысы”
Көтермейтін жүк емес-ті бір кісі.
Мүңкір-Нәңкірді ыза қылған өйткені.
Фәнидегі ертегі-аңыз кейіпкері
Неге қылмыс жасамайды?
Осы еді
періште ойы, пенделердің есебі.
Күлкі – сылтау, “кәпірізі ұлықтың”
Бірақ соның сырын алғаш кім ұқты?
Жүз жылдарда бір-ақ қызды
Алдардың
Күлдіруінің өзі де күдікті!
Бар болғаны осы-ақ па екен?
Шынында
бір астары болу керек мұның да:
Мүңкір-Нәңкір күдік сауып, қайғы алған,
Өз тілі өз ашуымен байланған,
“Табу кер-рек!”
Қалшылдағанда өстіп ол
Миллиондаған көлеңкеге айналған...
Алдекеңнің айла-амалы тым күшті,
Қылмысқа да ол татымауға тырмысты.
О, түсінем:
Негізі адал адамдар
Қылмыс жасамағаны үшін қылмысты!

Жаза
Кірпігіне шейін ісіп күлдіреп:
– Жазалансын! – деп кәріне мінді кеп.
Мүңкір-Нәңкір шабарман ғой ең ұлы,
Содан шығар, астам еді көңілі,
Содан шығар, қимылы өктем, үні ашық.
Айқай салған, даусынан
О дүние сәл кеңіді:
Көкжиектер шегінді әрі – не білді,
Сықыр-сықыр қара таулар шегінді,
Тас орнынан көрінді тек шаң аунап,
Тозақ оты ұйтқыды сәл алаулап,
Жұмақтың да түтін жауып тұр үстін –
Өлілерге керегі не тыныстың.
Сәуле емес, көктен түнек тамып тұр –
Өлілерге керегі не жарықтың?!
Гүл, майса жоқ!
Жұтаған жер, жұтаған
арық қолдың тамырындай бұталар.
Сылдыр да жоқ, сыбдыр да жоқ,
Себебі
Мүңкір-Нәңкір дыбысты жек көреді.
Шықпаса да Күн мен Айы жоғары
О дүние де кейде жарық болады.
Көлдер шулап жатпаса да қоғалы
О дүниеде кейде дыбыс болады:
Шабармандар тақалары сырпылдап
Жұлқылап жүр аруақтарды тұр-тұрлап:
– Алдардан бір қайтатұғын болды есе,
дарынсыздар, тез, тез, тез
еселеріңді ап қалыңдар еңдеше!
Мүңкір-Нәңкір өлі әлемге қалғыған:
– Жаза кес! – деп бұйрық етті.
Ал, бұған:
– Ату керек! – деп тістенді бір дойыр,
– Шабу керек! – деді жендет ырсаңдап.
Былайырақ, оқшау тұрған топ өлі:
– Өлі жан ғой, енді несін өледі?!
Мұқамбеттің бітіп сонда шыдамы:
– Ией, мұсылман, – деп орнынан тұрады.
– Барлық кезде еркек қана кінәлі, –
деп Дон-Жуан Тозағына құлады...

2. Параллель: лақап

– Көгал таза, отыр, жайғас жақсылап,
Шылым бар ма, сіріңкеңді жақ, шырақ.
Бұ дүниеде не жаңалық бар, балам?
Пенсия алып, бос жатуға арланам,
Тым болмаса кемпіріме айтайын –
Не боп жатыр?
– Ата, сірә, байқайым,
тынығудан тойып қапсыз бір айда-ақ.
– Суатқа айдар қойым да жоқ құрайлап.
– Немерелер бар емес пе?
– Баққанмын.
– Үй мұқтажы болмай ма екен?
– Тапқанмын.
Сонымен не жаңалық бар?
– Құба-құп,
Сөз бағуға шықтым деңіз сыбанып?!
Жаңалық бар жеп тепкен:
Алдар келе жатыр дейді.
– Жоғарыдан ба?
– Жоқ, төменнен – ертектен.
– Алдар көсе? Кәдімгі әлгі...
– Сол дейді.
– Астапіралла, не деп тұрсың?
– Сенбейді.
– Баяғыда өлген кісі емес пе ол?
– Солай, әттең ертек-аңыз өлмейді.
– Алдай ма екен?
– Алдай алса ол қақпас.
– Рас, рас, біздің қала алдатпас...

Жаза (жалғасы)
...Ақ сақалын дәу қолымен тұтамдап:
– Уай, мұсылман, – деді тағы Мұқамбет,
Жаза кесу мақсұт болса – кескен жөн,
даурығыстан табарың жоқ,
Сескенген
Алдар да жоқ, сабыр ойла, өшпенді ел;
ат пен шапан айып алар тірі емес,
бұл да өлік, өзіміздей бір елес.
Сонда бұған не істеу керек?!
Сәл ойлан,
Таппасаң да шындық ізде маңайдан,
Көз жетер жер – көрінімнен, көлемнен,
аңыздардан, ескіліктен не көмген.
Шындықты іздеп тапағанның күнәсі
Жеңілірек “іздемеді” дегеннен!
“Қылмыс етпеу – қылмыстың ең үздігі”.
Нағыз ауыр жаза адамға өлім ғой,
Тірі болса өлтірер ек біз мұны,
Өлгендіктен... түсінеді жайды Алдар –
Қайта тірілтейік! – деді пайғамбар.
– Міне, жаза!
– Тірілткен жөн!
– Жөн! – десті. і
Бірақ қайғы, қайғы жуды сол кешті:
Әлдебіреу жанарына жас алып,
Алдар досты “қимағандық” жасады.
Расында, Алдарды емес,
Ол зарлап
Қимағаны еді өмірді Алдарға!
Ал, былайша...
Құтылғандай боп бәрі
Шешімге әлгі қаталдықпен тоқтады.
Үкімдердің бірі жалтақ, бірі қу
болушы еді, қиын бірақ мұны ұғу.
Тірілерге ауыр жаза – өлім ғой,
Өлілерге одан да ауыр тірілу –
Осы ұғымға шын берілген жан әлгі
Мүңкір-Нәңкір, сол күні аздап дем алды,
Жалғыз Хақты бар ісінің иесі ғып,
ойша ырза боп, тартып жапты есігін;
Кей бастықша, ұнатпайтын адамын
Құтылғанына қуанды өсіріп,
Құдайынан құпиялап бір сырды,
Көзін жұмып, сонсоң баяу күрсінді.

3.Параллель: тірлік

Алдар көсе қабірінен шықты атып!
Сүйектерін сүртіп, ырғап, нықтатып
Орны-орнына салды;
Сонсоң баяғы
Қолына алды “сиқыры” бар таяғын.
Сол-ақ еді қабақтан асқаны,
Омыртқасы ойбай сала бастады:
Шығайбайдың мұржасынан бір ынжық
түтін шыққан – алды құйып жұлын ғып.
Бағзы кезде байлар айтқан қайғыны
Созып салды жілігіне май ғылып.
Сақилықты санады ма жақсы үлгі
Сары селеуден сақал қиып жапсырды.
Сәлем тілеп, саулық сұрап қарттарға,
алданатын адам іздеп тартты алға.
Көкейінен көшпей қалған ізгі арман:
бақ-талайын бастамақ боп қыздардан,
Үзікті үйлер іздеп еді – таппады.
Тас сарайлар мың сан есік, қақпалы –
Уа, жақпады...
Күндіз жүрді,
Түн жүрді,
бір ауладан ит үрді тек шынжырлы.
Кең алаңнан бір топ кісі жолықты,
тар көшеден бір топ кісі жолықты –
Жаулықты ешкім көрінбеді,
Сонда Алдар
еркектердің елі екен-ау деп ұқты.
Көз қариды жұрт байлығы, тоқтығы;
адам көп-ақ – тілдесерге жоқ бірі,
Сең секілді барады ағып топ қатты...
Таяғымен түртіп бірін тоқтатты:
– Інім, – деді – ескі жұртымды іздеп ем,
Ол заманда ел бар еді қыз деген...
– Дедушка, сен... Сөзің ужас, өткірлі,
ескі кісі, интересің бетке ұрды.
Қыз зачем вам? (Жауап тосып көп тұрды,
а в прочем, біз де қызбыз, – деп күлді...

Өмір!
Айнала – бақ,
алаң – шалғын,
Көше – гүл,
гүлге бірден көзі түсті көсенің:
Сәске түсті, мүлгіп қапты бар маңай,
аспан қандай!
Уай, жалған-ай, жалған-ай!
Жаһаннамның жомарттығын, пәктігін
Жария ғып жанып-күйіп жатты Күн.
Күн – ұлы ақын, өз аспанын жыр ғып тұр.
Содан шығар, естіліп тұр бір мықты үн
Түйсік кірді көкірегіне көсенің
дыбыс болып, бояу болып неше мың.
Құдіретімен тірліктің
Көңілінде бір сұрапыл басталды,
Жасап алған сақалына жас тамды.
Жерді де адам мықтап сағынады ғой,
ал, мына шал сағыныпты аспанды,
Өйткені, Алдар желге жайған қанатын
Қыран сын-ды қуатты жан болатын.
Қыран мақтан етпес биік ұшқанын,
Сезеді тек топшысында күш барын.
Мақтан етер жеңілгенін шешендер,
ер – өзінен күші басым дұшпанын.
Тамылжытқан орман, дала, тау ішін
бұлбұл мақтан ете ме екен дауысын?!
Шаляпиндер мақтанған ғой паңдана
Горький сын-ды тыңдаушысымен ғана.
Алдар көсе алғыс айтып жаратушы Хаққа әлгі
Тіршілікпен мақтанды:
– О, тіршілік!
О, сұлулық сұрапыл.
бір сәт менің көз алдымда тұра тұр!
Тұр дегенге тоқтап қалма сен бірақ,
Сай көмейін көріп аққан кер-бұлақ!
Шың көздері, көк аспанды көр бірақ,
Жапырақ сен, жасыл көзбен бер жылап!
Мен – тірілдім,
тіріліңдер бәр-бәрің,
аяла шың, ақ бұлт сенің ардағың.
Биле, биле ару-қайың, бұратыл,
ойна, дауыл, тірлік күйін сұрапыл;
Сенің де бар, сіре, мақсат-мұратың
Көк бурыл тас, арыстан боп тұра атыл,
тасты да ешкім айта алмасын өлі деп,
Қатал деп те жазғырмасын оны көп!
Көкірегім мың жылдан соң сен де оян,
ашыл менің кәрі көзім кеңірек!
Есіл сөзді еститұғын жоқ адам,
Өйткені бұл шыққан адам моладан.
Сондықтан да көп сырды ұқпай тұр әлі,
аспан жаққа елең қағып құлағы
Көкке қарап – қалған қарттан, әлдекім
“Ұшырып па тағы да?” – деп сұрады.

4. Параллель: Таяқ
Алдар көсе алдайтұғын таяғын
бір сұлуға көрсетіпті.
Сонда қыз:
– Ата, – деді, – таяғыңыз баяғы
ескі тәсіл, өйтіп әуре болмаңыз.
Ертесіне Алдар көсе таяғын
басқа қызға көрсетеді.
Сонда қыз:
– Нахал! – депті, – феодалдық баяғы,
Қорқытам деп әйелді әуре болмаңыз.

Тағы бірде Алдар көсе таяғын
Кәнизакқа көрсетіпті шеттегі.
Ол-дағы бір жымың етіп қояды:
– Бұдан басқа қаруыңыз жоқ па еді?!

Тағы біреуге ұрынды Алдар шатасып,
Күлді ол қыз:
– Ал, Келіңіз, келіңіз,
Современный мужчина бол атасы,
Сначала угощайте! – деді қыз.
Мұны жаңа сөзге балай танып қарт,
бір тісі ұшты – күлген сәтте шалықтап.
Әлгі сөздің мәнін былай деп ұқты:
“Қыз да тегін күлмейтұғын болыпты”.

Сонсоң жүлып беліндегі бар түкті, –
Кедей жанға такси жалдау артық-ты –
Әлдеқайда аңыз мініп тартыпты.
Р.S.
Келесі сәт ақ боз аты аңыздың,
ақша бұлтқа бір-ақ қарғып қара үзді.
Алдар көсе жаяу қалды тағы да,
бір кездегі жаяулығы тәрізді.

Өмір (жалғасы)

Қалып жатыр кең көшелер, гүлді алап
Түрлі түсті бояуымен бұлдана.
Такси өтті жасыл көзін бір қадап,
трамвайлар тоқтап жатыр ырғала.
Ірге түрген киіз үй жоқ,
Үр-жаңа
автобустар артын түріп тұр қарап.
“Ызың-ызың үн беретін не тегі?”
Түйір мал жоқ,
Көрінбейді не төлі,
Ылғи жаяу – делең қаққан етегі,
бірақ бәрі күлімсіреп өтеді
адамдардай шаруасы шат, жайлы ісі –
болмай ма екен жаяулықтың қайғысы?!
Таңдануға тағы да Алдар шақ қалды,
Әлденені тағы да,
тағы да ерсі көріп, бара жатқан-ды –
Жетті кенет көкейіне бір мықты үн.
Аспан асты үн боп еріп тұр бүткіл.
Кенет бәрін түсінді Алдар, түсінді
бояуымен гүлдердің,
Шуағымен аспанның,
Жапырағымен жас талдың –
Жастығымен Тірліктің!
Қас қағымда талай заттың білді атын,
Ненің арзан, қымбатын,
Кім өнерлі,
Кім алаяқ, кім батыл –
тірлік, Тірлік!
Қайталады ол бір-ақ сөзді, бір үнді,
Сол-ақ екен, көп нәрсені ұғынды:
Жүрек алды жапырақтағы дірілді,
Құлақ алды тоғайдағы сыбырды,
Таныды көз құлап аққан суыңды,
аяқ сезді асфальтіңді, құмыңды,
Мінезімен, түйсігімен жұғымды
Алдар көсе кәдімгідей тірілді.
Өйткені ол сүйетұғын тірлікті,
Сүйгендіктен майдан ашпақ бір мықты,
Тындыра алмай кеткен ісі көп-ті оның –
Қайыруға келеді сол өткенін,
Кері бұруға келеді кеткенін –
Күндер бірақ орала ма теп–тегін,
Теп-тегін бе, өмір, сенің мектебің?!
Қарағанмен көктен алтын Күн күліп,
Жерде көктеп айналғанмен гүлге үміт,
Сыздың исі шықты үстінен,
бұ қарттың
бір кездері өлгендігін білдіріп...

5. Параллель: қақтығыс

Ескіліктің бір мұржасы аһ ұрды –
будақтады түтін ақ.
Жүдеп келген Алдар көсе батырды
Бізбике қыз күтіп ап:
(Женсалонның машинкасы ызылдап...)
– Пардон, шашым қысқа ма?
Тырнағымды батырып ем қызылға,
Кеппей жатыр, ұстама! –
деді-дағы шылым сорып тұрды қыз.
Алдар көсе таяғын ап, обал-ақ,
Сілтеп қалған –
Сықылықтап күлді қыз,
Тағы күлді – бөркі түсті домалап.
Бізбике қыз “мерси” деді жылырақ,
Әйелдердің кеңшілігі-ақ батады:
Алдар сонда жұран-бөркін жұлып ап
доп құсатып бір қақпаға атады.
Содан бері қарттар берген батаны
Әлдекім тек тіл-тиек қып жатады.
Кей әйелдің әйел деген атағы,
Кей еркектің еркек деген атағы!

Алдар көсенің ақынмен кездесуі

– Уай, қария, қайдан жүрсіз? – деді ақын,
(Рас, ептеп ұрттап алған болатын) –
– Ақын ба едің, інім? – деді сонда Алдар, –
Өр келеді өнерімен болғандар,
Көмейі ыстық, көкірегі жігерлі,
Мен де іздеп ем сен секілді бір ерді...
– Кімсің өзің?
– Жасырмайын мен енді,
естіп пе едің Алдар көсе дегенді?
– Айналайын Алдекем-ай! – деді ақын
(Рас, ептеп ұрттап алған болатын)
Қайран өнер!
Сенен адал күш бар ма,
Сен – сенесің,
Сендірмейтін тұстарда:
Алдеке-леп ақын байғұс ентікті,
Жылдар жайлы ойлаған жоқ ол тіпті,
аңыздардың түпкі ата-мекенін,
Алдекеңнің өлген адам екенін
Ойлаған жоқ.
Сәби ғана көңіл-ай,
бірақ біз ғой түсінбейміз соны ұдай:
Жасық болса – шүберек деп сөгеміз,
Тыныш жүрсе – тұнба арам деп сөгеміз,
өз өнерін бұлдаған деп сөгеміз,
Сөз тапқышпыз сөгу үшін неге біз!..
Бірақ ақын ойлаған жоқ еш мұны,
Кешкі аспандай албыртты тек кескіні:
– Кеттік! – деді ол бар болғаны,
болғаны:
– Інім! – деген аға даусын естіді.
– Серігіңмін! – деді сонсоң, – алға, алға,
Қыр көрсетіп шығайық бұл жалғанға,
өзіңізден интервью дегенді
Жолай алам,
Сонсоң жазам өлеңді!
– Алдар аға, қайда тарттық? – деді ақын, –
үй керек пе түстенетін, қонатын?
– Төте, шырақ, төтелей тарт, төтеле,
Шаршап қапты бұлшығымның еті өле.
– Керек пе әлде беделді бір мекеме?
Ғалымдардың ордасы бар... жете ме?
– Оқымысты қауым ба оның?
– Солай дәл.
– Аш қауым ғой?
– Жоқ, бүгінде тоғайған.
– Бәрін, бәрін біліп тұрса егерде ондай жанды
Не істейді о жерде?
– Не істесін, – жымиды ақын бір түрлі, –
академик сайлайды, – деп іркілді.
– Ал, оқыған есектерді қайтеді?
– Ағажан-ай, састырдыңыз-ау тегі.
есек мүлдем оқымайды бұ кезде,
есекшілік – тек қайсыбір мінезде.
Қожанасыр тұсындағы хандардың
есегіндей ол малғұн,
Қателесіп қалам ұстап қолына
ақырын кеп түссе білім жолына...
– Ондай болса ілім-ғылым сорына,
Құтылу үшін сол сордан
Қадірлеу жөн қателескен жандарды –
академик сайлаймыз біз оны да.
Сонда Алдар:
– Кеттік! – деді, – со жаққа,
Оқу дарып болған екен қазаққа.

6. Параллель: Кафедегі кеш

Кеш басталды,
Жұрт бір-бірін сүйреді,
Алдар көсе Бізбикемен биледі.
Боздады джаз.
Жанға маза жоқ енді –
тоқ балтырлар ағараңдай жөнелді.
Бізбике қыз бұлаң қағып құлпырды,
Көз жанары тұманданып бір түрлі,
“Милый-ау” деп асылды кеп...
ал, “батыр”
Жұлқып шығып бөркін киді ондатр;
пальтосын ап,
Қалтасына қол салған –
Швейцарды көрді есінеп, тамсанған –
бір түкірді, бәріне еткен қыры ғып
бір жүз сексен градусқа бұрылып
тапты есікті:
суық еді күз желі.
будкаға енді, екі тиын іздеді –
бір тиын бар,
Алдар өлмес, саспаңыз,
Қыз емес пе Бізбикеден басқа қыз?!

Б а с

– Ассалаума-ғалейкүм! – деп кірді Алдар,
Бір-біріне қарасты жай тұрғандар.
– Сөз айттым ба, – деді қария, – бір артық?
– Жоқ, – деді ақын, – естіген жоқ бұлар түк.
Сәулетіне қарап сонда бұл үйдің
Көсе бір сәт көңлі тола жымиды...
Сол-ақ еді бір тұтқаны бұрғаны
Кабинетте тұрды екеуі,
Сұрланып
Отыр, міне, қара столда қылтиып
Ылғи бастың ортасында бір ғалым.
Басты нұсқап қарап тұрған тізіліп,
– Антрополог, – деді ақын, – бұ жігіт.
– Мына кісі Алдар көсе! – деді ақын
(ғалыммен ол ескі таныс болатын)
– Бас! – деп сонда атып тұрды жас ғалым,–
Кеп жүр еді жаңа бір бас бастағым,
Іске сәт! – деп алақанын қасыды, –
Мына бастай көрген емес бас ұлы,
Неткен шықшыт!
Неткен сұлу шүйдесі,
Қырқып алып қоя салса күйде осы!
Әттең, әттең сыпырып ап құйқасын
Қуратса ғой!
Төкпе жырдың ұйқасы
Секілденіп мына бас пен ана бас
Ұйқас болып шығар еді аралас.
Ағаш-сөзің жібек құсап есілсе
Қуаныштан жарылар ең, досым, сен!
Көз ұңғысын бір сипасам құм басқан...
Мен де сондай ләззат алам қу бастан.
Шабыт сезіп тұрмын қазір мен өле,
Қан емес, от тарап жатыр денеме.
Айтшы қартқа: ғылым үшін ойлансын,
Мұндай басқа қурау деген немене!
Не сөйлерін білмей састы сонда ақын:
Көңліңе алма, аға, – бұған бол бақұл,
Үйренген ғой ғылым қуған жан ұдай
Қурамаған басты – бас деп танымай.
Иә, иә, – деді ғалым шаттана, –
енді сізге керек күтім, бап қана:
басыңызды ғылым үшін қисаңыз...
Орап ұстар едім таза мақтаға!
Мына басқа сиған-ды, деп, бай әлем
ең атақты музейлерге қояр ем!
Ата-қазақ басы, міне, осы деп
даңқымызды дүниеге жаяр ем!
Атағыңыз кетер еді ел-елге,
біраз еңбек шығады, рас менен де.
Ал, әйтпесе... Сенбейді ешкім,
Сенбейді
Қазақ халқы – есті халық дегенге.

Басыңызды әкел, әкел, бері бер,
арылтайын артық құйқа-теріден.
Шіркін, шіркін!
Қарап тұрып сонда мен
Қос шекені саз-балшықтан сомдар ем!
Күңкілдегіш күндестерден
Көмескі үн
Шықпас еді колорит жоқ деп ешкім
айта алмас ед,
ойлан, қария!
Міне жаным, міне иман:
денең мүлде арық екен тыриған –
Қотыр торғай құсап қайқы-төстеніп,
бір жырада қалып қойсаң босқа өліп –
басыңды онда ит қана иіскер, сеніңіз...
Құрметтеп отырмыз ғой сені біз!!!

Тап осылай сөз етті ол бас хақын.
Ақын састы, ақын састы, састы ақын:
– Не деп тұрсың, – дей берді тек – бірадар,
Мына кісі Алдар, әрі тірі адам.
– Вот именно, тірілігі – қырсығы,
Сұйық миы да жоқ екен бір шыны,
Әйтпесе өзін сыйлар еді ғылымға.
– Шындығы бар, – деді Алдар, – мұның да.
– Кеттік! – деді ақын сонда Алдарға,
– Басты беру жөн, – деді Алдар жан барда.
– Міне, ақыл! – деді ғалым, – ғылымға
баспен қызмет ету керек шынында.
– Жолаушы едім, сапарым бар алда алыс,
бассыз жүру жарамайды ырымға.
Бас түгілі керек жолға қамшы да,
Сапарымды аяқтайын, сәл шыда,
Жақсы өмірден татайын бір жақсы дәм –
Сонсоң басымды өзім әкеп тапсырам.
Ғалым сонда керек жандай жәрдемі
Қалбалақтап:
– Асханамыз бар, – деді.
Сөйтіп тағы, тағы біраз жалынды...
Бұлар болса жалғыз тастап ғалымды...
– Жігіт екен, айтқызбай-ақ білді деп,
Алдар көсе шыға бере күлді кеп,
тірілгелі мықтап күлген күлкісі,
Қарттың қатты күлгендігі соншалық –
Ұшып кетті ең түптегі бір тісі.

7. Параллель: Ұят

Алдар болсаң ақылы бар жанды алда –
Қыз алдаудың керегі не шалдарға?!
Қыз бастады, мезгіл болып қас қағым
Ресторанға.
Сәлем саған, “Тастағым”!
(Атын білмес ресторанның басқаның,
Қыз да байғұс,
өзім де бір қасқамын!)

Сыр мен опа осып салған бетіне із
ерді Алдарға екінші күн екі қыз.
Тағы да Алдар бес ғасырға қартайды,
Жамап алған сақал тозды, әр тайды,
Бет ажары семіп, кенет түс қашып,
Ұсақ болмыс тұрды аңызбен ұстасып.
Содан кейін... Жылап тұрған шалға әлгі
бүкіл алаң ауыз ашып таң қалды.
Өйткені бір театрдың алдында
адастырып кетті екі қыз Алдарды!

Бас (жалғасы)

Ақын бәрін жуып-шаймақ болды алғаш:
– Ғалым, – деді ол, еңбегімен жанған жас
Құрмет тұтып үйренбеген сезімді,
Түсінбейді әзіл, сөзді, не зілді,
Өз ісіне мығым адам бұл анық,
не ғыламыз білместігін кінә ғып?!
– Жоқ, сөкпеймін, көрген кісі көпті әлгің
Оның солай сөйлегені, бүгінде
Шындықтың түк құны жоқ па деп қалдым.

Себебі ме? Сұрама сен себебін,
ғалым болса ол сүйер еді шындықты,
Шындық сүйсе бұл мықты
Күмән айтар еді ғой
ең әуелі ті-ріл-ге-німе менің!
– Ұқтым, аға, қалыпсың ғой ренжіп,
Үлкендік ет, міне, шарап – бірер жұт.
– Шыныңды айтшы, досың бар ма осы елде,
Болса, бай ма, кедей ме, әлде көсем бе?
Пейіліңе қарағанда, қасы көп
адамдарға ұқсайсың сен досы жоқ.
– Бұл кездің де өз адамы боп түбі
Сізді-дағы жалықтырар достың аса көптігі.
– Мен – Алдармын,
Мені бұлай алдама,
(Бұл жауапқа қарады ақын таңдана).
Көргім келіп, танығым кеп барады,
Тезірек айт, қайда тарттық, ал, бала?!
Айтпақшы, әлгі ғалым жігіт сол күні
шеке-тамыр секілденіп толқыды.
Көкірегін күдік жайлап, ол демде
сенімінен айырылып сенделді.
Сонша еңбекпен жиған “басы” не түрлі
Оригиналға ұқсамайтын секілді.
Түні бойы көз ілмеді,
ол, демек,
ғылымдағы тапқан жолын жөндемек.
Әрине, бас...
Бастың бәрі жұмыр ғой,
Бәәрінің де көз ұңғысы дөңгелек...
Таңға жақын ояу жүріп түс көрді
ғажап көрді түсінде:
барлық “басқа” тамыр бітіп, тіріліп,
бұған қарсы шыққан екен бірігіп,
“Әруақ – сенің апаңды алған кісің бе?”
деп бір дауыс ерек шықты ішінде.
“Қане, ұстаңдар, қабырғасын қақырат!”
“Бас жасадың, миы қайда, ақымақ!”
Махамбеттің басы ақырды бір жақта:
“Бұ не сұмдық – басыну ма, қылжақ па?!”
Күйінді ол, уай, қасірет, қасірет, –
“менікі емес, мына жасап қойғаны
етікшінің басы” деп.

8. Параллель: үрей

Жапырақтар сыпсың қақты, тәйт әрі,
Жел сусылдап әлденені айтады.
Мысық-табан сыбыршылар сөз бақты,
бірі – сырын,
бірі – өсегін боздатты.
– Бас жаңалық... Масқара ғып, естіп пе ең?!
Көз қыдырып, адасып жүр ес біткен.
– Өлген кісі тірілсе енді... не тірлік.
– Ғылым әзір бере алмайды кепілдік.
– Жо, жоқ, рас! – Демігіп тұр бір жігіт, –
төбе шашы үркіп шықты дүрлігіп.
Бір ағайын ұстап алды:
– Ал, аға,
Сақтан! – деді – Алдар кірді қалаға.
– Сақтанатын ақымақты тапқансың,
Сақтанса анау шығайбайлар сақтансын,
Алдар келсе жақсы болды, – деп күлдім:
бірер сыншым сырт айналып жөткірді.
Сары жапырак, дүр етіп бір сілкінді,
Жөткірінген секілді ол да бір түрлі;
Қайың, талдар сылдыр-сылдыр жанасып,
әлденеге олар да тұр таласып,
бұлақ еріні жыбырлайды, қарашы –
бір-бір пікір білдіруге бәрі асық.
– Тіріле ме өлі? Көңіл сенбейді.
– Рас. Бірақ алдауыштар өлмейді.
Асханадан артық азық табылды,
дүкен ерте “есебіне” жабылды.
Бәрі састы, састы бәрі, батқаны:
екі жемқор бірін-бірі мақтады.
Тек шет тұрған ақсақ әйел бір кәрі
бар лақапты бір шындықпен қырқады –
Жұрт пиғылын жалғыз сөзбен бекітті:
“Алдар құрысын, ребез боп кетіпті!”

С апар

Бірақ Алдар актер емес, тірі адам,
Тірі адам ғой: жұтып көрді сырадан.
Ұнады оған барлық түрі арақтың,
Коньяктің тек ақшасызы ұнаған.
Қанша көсе болғанымен, ол қасқа
салмақ салып көрмеп еді жолдасқа:
ақша беріп, ақын достың кірпігі
бозарғанын сезіп қойды бір күні.
О дүниенің командировкасына
ақша төленбейтін еді расында –
Алдар састы (жалған емес әңгімем)
Сасқанынан қалтасына салды қол –
түк шықпады;
алу үшін, қалтаға
ақша салу жөн емес пе алдымен?!
– Қалай кедей болады екен мұнша адам,–
деп күлді ақын соңғы ақшасын жұмсаған.
Аяды қарт,
Қатты ұялып бұл әрі:
– Мұны қайдан алады? – деп сұрады.
Ақын айтты:
– Басталады қаңғырыс,
Қалта бітті,
енді аяқта қалды ырыс.
Адам жаса,
Әкім жарат, бәрібір,
ақшасымен қосып жаратқан дұрыс.
– Қайтып күн көреді, – деді сонда Алдар,
Бұл кездегі бағыландар, болғандар,
баяғыда әнші, басшы, сұр-мерген
ақшасыз-ақ ел үстінен күн көрген...
– Әлі солай деседі, аға,
біз бірақ

Жігіт бола алмай жүрміз тұздырақ.
Жырым – ауыр,
Тұзым – жеңілдеу еді,
Содан шығар, шаруам оңбай келеді.
– Сонда ақшаны қайдан алу жөн, шырақ?
– Ақша – ауыл боп қонбас сізге қоңсылап,
Қайдан тапсаң – алудың сол болғаны,
Қалай тапсаң – тәсіліңнің жөн бәрі.
Бізде ақша – қағаз, рас, обал бұл:
бір елдерде терісі ол адамның.
– Ал, бақыт ше?
Оның талай жағы бар,
ашық, жабық кездері бар, мәні бар:
ашылғанда бақыт – аспан сияқты,
жабылса тек есік болып жабылар.
Ашылғаны – атақ, аброй, ақша да,
Жабылғаны туралы айтар жоқ шама.
– Түсінікті, – деді Көсе, – жаңа ұқтым,
ғажап сырын Уақыт пен Халықтың...–
– Жоқ, Алдеке, ұғынамыз алда біз,
Сонда аян болар сізге хал нағыз...
Алдау керек болса – бізді алдаңыз,
елікпеді деп даңқты-шалға қыз
біз туралы жаман ойлап қалмаңыз.
Бізде-дағы аңқаулар бар,
Әрқашан
алданатын ақша беріп алдасаң,
Ал, әйтпесе тегін алдау – болмайды,
алданса – ақша табады жұрт,
Ол жайды
Ұғып алып ұстанған жөн, Алдеке,
Жаңа тыспен тысталған жөн, Алдеке,
тысқа лайық істі алған жөн, Алдеке,
Ұзын болсаң – қысқарған жөн, Алдеке.
...Екі жолшы өстіп келе жатқанда,
тас көшенің бойында бір ақ таңдақ
шилан жатты –
ей, үміттер, армандар, –
қарғып түсіп шиланды әлгі алды Алдар.

Сол сәтінде-ақ сыздың исі үстінен
ғайып болды.
– Мынау ғажап түс білем!
деп күлгенде ұшып түсті бір тісі,
сонсоң тағы, тағы келді күлкісі
(Ақша десе түлеп жүрттың түр-өңі
не құдірет кіретүғын іреңі!
О, құдірет!
Ақша деген құдірет,
Қағаз болшы тым құрыса бір рет!)

Содан кейін:
– Киім керек, – деді Алдар,
Сіңіп кету үшін мына қоғамға,
Сыртқы пошым-тыс-қабыммен мына ескі
Жандандырып жарытпаспын күресті.
Жаныңды ұғар көрінбейді жан адам
Жаңа адамша киінбесең жаңадан.

Алқынып кеп мәлім есік иен елге
Кірді екеуі “Ателье” дегенге.
Бір қыз шығып:
– Таныстарың кім? – деді.
“Таныс” деген жаңа сөз-ау тілдегі –
Қарт осы оймен не айтарын білмеді.
Келесі сәт есін жиып қайтадан:
– Шығайбай бар, шайтанды да айта алам.
– Білмеймін, деп іркілді қыз, – ол адам
Келген шығар, бәлкім, бізге жаңадан?
– Жоқ, ескі адам. Қарындасым, тыңдашы...
бақыт іздеп тағы өте ме бұл ғасыр...
– Сыйла Алдарды (мына маған құмарт та),
таныс емес, киім керек бұ қартқа.
– Қайда істейді, – деп күлді қыз, – бұ пысық?
– Бізбен әлі бітпей жатыр ұғысып,
Жұмыста жоқ.
– Материал жоқ бізде,
Заказ біткен,
Отчетты да өткізген –
Күңк етті қыз, – киім таңдауы не сұры –
Сарт жабылды “Ателье” есігі.
Кіріп жатты бірақ кейбір адамдар.
– Бақыт, рас, есік екен, – деді Алдар.
Бүкең қағып әлгі екеу
тартты орталық дүкенге.
Артқы есікке жетті бұлар. Тұр қағып.
Осы есікке келуші еді ұры да анық –
Ұры құсап ашты біреу сұрланып.
Сасып қалып:
– Ревизор! – деді ақын
(Соңғы ақшаға жұтып алған болатын).
“Құдай!” десе бұлай ешкім саса алмас,
бүйтіп адам ілез қайта жасалмас –
ет-сүйектен жаралған-ды бәр–бәрі,
етті қайдам, сүйектен
бір-ақ сәтте жұқана да қалмады:
Майысқандар шеміршек боп жан бағып,
Пластелинге айналды да қалды әне,
Пластелин-жұрттың көзі түк көрмей,
Ми – басқа емес,
бақайшаққа біткендей –
тақасының тықылы жоқ “зорлар” бұл
жүгірісті әрлі-берлі,
берлі-әрлі.
– Дәм алыңыз, – Алдарды өстіп қинады, ал, –
пара емес қой, көңіл – десті, – сыйлаған.
Пайғамбардың асасына жалғатып
алған-сынды, сүйрең қағып шалға тіл
бітті кенет;
өнеріңе сал, батыр:
Жалқы сөзі – бөрік болды ондатр,
Жалпы сөзі – ішік болды жағалы,
бір әзілі – бүтіндеп бар жыртығын,
бір әзілі – дефициттің түр-түрін
алып шықты;
жаныңа тек не керек:
Төлеу құны жетіп болды, ең ерек
емеуріні – етік болды керемет.
Күрсініп ед демін баяу үзіп бір –

Саусағында сәулетасты жүзік түр!
Келіп жатты елде жоқтың түр-түрі:
барыс мұрты,
арыстанның кірпігі.
Періште еді Хлестаковтай Алдар да –
Сары алтындар, жолдан тайдыр, қызықтыр!
Бұларға әркім балапандай жем берді,
Уа, жем берді, дүние шіркін жөнделді;
елпең қағып етек келді... жең келді:
Әлдебірі еске салса жарыңды,
Әлдебірі елестетер жеңгеңді...
Алдар кесе әлденені күлкі ғып
сәл жөткірген, айтар сөзден іркіліп
Әлдекімнің кетті иіні жыртылып,
Әлдекімнің жеңі қалды қырқылып,
Тыртық түсті әлдекімнің бетіне,
Тыртық түсті әлдекімнің етіне,
Секілденіп шегірткенің азбаны
Жүретұғын жүрексіздер аз ба әлі:
Әлдебіреу өліп кетті табанда,
Әлдебіреу өліп кете жаздады.
Сан құбылып ыстық ойлы бас әлі
Түрлі қимыл, мимика-лар-ға салып,
Алдар көсе талай қулық жасады;
алатын ғып сауда қуған кісі есін
саусақтарын сытырлатты...
Ұлы іске
қосар еді әлі талай мүшесін –
қайран өнер, баяғы ескі айла-амал,
О, пайдалан, айла-амалды пайдалан:
Қолын салды қалтасына (ол да амал)
бұрын-соңды көк тиыны болмаған,
Өз айласына өзі қалды иланып
ілінгенде тауып алған шиланы,
Соны ашты ілез: бір тиын жоқ, мәссаған,
абонемент трамвайға, кассаға,
Ал, сауданың халқы, рас, зор халық:

Қонақ шилан шығарды деп қорланып,
екі-үшеуі көзіне жас іркеді,
– Ал, тексерші! – деп бұртиды бір тобы.
Сөйтіп екеу қосарлана шықты да,
біреулерді иықтармен ықтыра,
саулық тілеп “айла” деген мықтыға
Алдар көсе қатты күлді, бір тісі
Ұшып кетті, тағы келді күлкісі.

(Өлең деген ақыл ма, әлде, сезім бе:
ақыл болса – қалсын, автор, өзіңде,
Сезім болса – тежеу керек кезінде).

Былай шыға алдадым деп түйді Алдар,
О, куә бол, ар-ұждандар, имандар!
Биігінен қарағанға Шындықтың
алдау ма, әлде алдану ма!
Сұмдық бұл:
түрлі ұғымға болғанымен түрлі үкім,
алдаушы мен алданушы – бір бүтін,
екеуі де көздесе егер пайданы.
Ал, шынында алдады екен кімді кім?!
Ақылшылар жоқ бұ жерде,
Үй де алыс...
Болса деп ем тағы да бір жиналыс
Маяковский көксеп өткен.
Еңселі ел –
Халық өзі храм тұтқан кеңседен
батыл істер шығарына мен сенем!

Ал, арт жақта дүкеншілер болды мәз,
Мұнда – Алдар...
Қысқартылды жол біраз.
“Өнеріне” серігінің сол әлі
ақын ғана илана алмай барады...

9. Параллель: саусақ санау
Алдекеңді көрсінші деп жай халық
“Көкбазарға” бастап кірді Айманов.
– Шәкен аға, бала-шаға, ындын бар,
Өзім-ақпын...
Қайдан шықты бұл мұндар?!
Алатаудың ащы шөбін жұлдым бар –
Күнелтіс қой!..
(Қабақ қағыс, ым-жымдар).
Бір жеңгейдің шықпай тұр-ай жүрісі,
бір ісіне үйлеспейді-ақ бір ісі –
аяп кетті білем Шәкең:
– Дұрысы
ОБХСС-тан емес, – деді, – бұ кісі.

– Айтшы, Шәке, жылымшы ма, жыршы ма?
– Семьясы бар кісі ме бұл, сірә?
Шәкен–аға кешті бәрін,
Сөкпеді,
бір жымиып: “семьясы жоқ!” деді.
– Енді қайттік? – Талай көңіл ынтықты.
– Бұдан ажал артық шығар мылтықты.
– Семьясыз. Өзін құдай сұм ғыпты –
сондықтан ол іздейді енді шындықты.
Ал, жай халық құйып жатты сайға ағып,
Тағы былай сөз тастады Айманов:
– Қартым жақсы, көрген кісі талайды,
бір жаманы: саусағыңды санайды.

Осы-ақ екен, тас сәкінің ар жағы
Кетті ыңырсып,
Қатер күйін сарнады.
Сөйтсе, – бірі төрт саусақты жан екен,
ал, бірінің болмай шықты бармағы...
Содан кейін?
Не болушы еді, бітті өлең
бас бармақтай баттиған бір нүктемен.
Өлеңімді бір түсінсе – түсінер
бір саусағы ішіндеғі кісілер!

Интервью. Сапар

Дайындап ед сұрақтарын салмақ қып –
ақын бүгін интервью алмақ-ты,
ойда жоқта өзі бастап қарт бірақ
сөзді бұрып алып кетті тартқылап.
Ақындарға біткен ашық тіл мүмкін
кінәлі де шығар бұған?..
Күн мен түн
жатты алмасып;
Журнал интервьюін
алды мықтап, өзің ойла, кімнен кім?
– Бұл ел нені ұнатады, жігітім? –,
– Ұнатады еңбек етсең күні-түн.
– Бұл ел нені құрметтейді, жігітім? _
– Құрметтейді еңбек етсең күні-түн.
– Сонда қалай құрметтейді еңбекті?
– Абырой, атақ жаңғыртады жер-көкті.
– Мал да, бақ та – еңбекте ғой?
– Дұрыс–ақ.
– Бас қатырдың деме сөзбен құр ұсақ,
біздің кезде болушы еді басқаша...
– Бәрі абырой: кеңсе басқар, тас қаша.
– Ал, осы елде жазалай ма жалқауды?
– Жалқау аз ғой.
Бізде заң мен бар қаулы:
аз-көбіне қарамастан жігердің
барлығы да азаматы бір елдің.
– Күнін қалай көреді екен сорлылар...
– Қам жемеңіз, зорлардан да зор бұлар:
Жалқау біткен не жағымпаз, не пысық,
Күнелтеді жаласып, не тебісіп.
Сырық етіп көрсететін тебенін
дарынсыз бен алаяқтар көбі оның.
Есекпен де бәйге алады – бәйге алар, _
Өсектен де пайда алады кейде олар,
Жағдайлары жаман емес.
– Ел сенер
Нағыз жалқау, сұмдығы жоқ болса егер,
есекті де ерттеп мінер жоқ ебі,
Жағынуға жоқ ебі,
жалынуға жоқ ебі,
пешіндегі нанды алуға ерінген
ата-жалқау қалайша күн көреді,
Осыны айтшы, інім, маған сол қайғы.
– Бұ заманда ондай жалқау болмайды.
– Түсінікті, түсінікті, – деді Алдар, –
Расында, өскен екен адамдар.
Содан кейін көсе тағы мұңайды:
– Ал, жалқаулар не істейді былайғы?
– “Былайғысы” қалды ма өзі?
Бұ да әйгі:
былайғысы болса, олар
жұртқа зорлық жасап жүріп жылайды.
– Жалқау біткен ұмытқан ғой құдайды?!
– Құдай деген түсінігі бір айдың,
екінші айдың өзгереді құдайы –
Өзгереді жағдай, мансап, бақ, үміт,
қайсысына үлгіресің табынып?!
– Сөйтіп, інім, ең кедей кім, ең бай кім?
– Бай жоқ бізде,
Кедейлер де болмайды
(Ақын жайлы ойлады қарт: “бала–асыл,
түбінде сен өнерге ие боласың.
Жек көресің еті тірі жұртты тек,
Өзің бостау жігітсің-ау, шамасы).
– Сіздер көрген бай жоқ,
байлық бар бірақ...
– Сол байлықтың иесі кім?
– Сандырақ
“Ие” деген ескі ұғым ғой, ендеше
“иесіміз” сіз де, ол да, мен де осы.
– Әйткенімен, түсінгем жоқ мен әлі.
– Түсінетін уақытыңыз болады.
– Мына зат пен дастарқанның әлгі кең
Иесі кім, осыны айтшы алдымен?
– Бұрынғы иесінің аты – ұзақ тым,
енді иесі сіз боласыз бұ заттың.
– Жаз күнінде ішік сыйлап бір түрлі...
Ой, аңқаулар, келтіргені күлкімді...
– Бір-ақ сөзбен айтар болсам ол жайды:
Қорқынышта – жыл маусымы болмайды.
– Мен – алдадым.
Алданды олар, алайда
атағымды сыйлады ғой, солай ма?
Қанатты сөз келтірді де бір батыл
Күрек тісі қисайғанша күлді ақын:
– Сыйлаған жоқ, қорыққаннан берді олар,
Сірә, сірә, қылмыстары зор болар.
Аға, рас, шын өмірмен жүздестің:
Қорықпаса, сыйламайды Сізді ешкім.
– Сонда қалай?
Алдар деген атым бар,
аңғалсың-ау, айналайын ақындар!
(Атағына шың сенетін еді Алдар,
біледі деп ойлайтұғын адам бар,
Әлгі сөзге сенбегені сол еді –
енді ақын қызғанды деп келеді).
Ақын мұндай сынақтардан көп өткен –
Сезіп қойды Алдар ойын, кенеттен
бір жігітті тоқтатып ап:
– Шырағым,
Алдар жайлы естіп пе ең? – деп сұрады.
Жігіт оқыс құлақ түріп кеңеске:
– Бұ кісінің атақ-даңқы, деді, есте –
балалардың қолындағы кітаптың
өтірігін жазған кісі емес пе!
Тағы бірін тоқтатты ақын:
– Сәл тоқта,
жанарың жас, жақсыларға жалтақта
Алдар көсе деген ағаң – мына ағаң.
– Ну, и что же, көргеніме қуанам,
Қуанамын, қуанамын, – деді де,
Әлгі азамат тайып тұрды жөніне.
– Түсі игіден түңілмеңдер деген бар,
Қанша өскенін шамала, шал, адамдар.
Жұмысы көп, тамағы тоқ, біліп қал:
таңданудың өзін бұ жұрт ұмытқан.
Ақын тағы жеңінен ап бір ерді,
бірер ауыз әзіл тастап жіберді.
Бейтанысқа әдейілей жұғысып:
– Аңыздағы Алдар көсе бұ кісі,
аңыз тірі, бұ да содан тірі әлі,
естуіңіз бар ма еді? – деп сұрады.
Қағаз-құстай қағып кенет қаңғалаң,
Қаңғалаңдап былай деді әлгі адам:
– Ғажап болды жүздескенім сізбенен, –
баяғыдан бір ыңғайын іздеп ем –
сәті түсті, енді міне көрістік,
Әртіс аға, оң қолыңды бер ыстық –
Сілкілеп бір қысайыншы, сілкілеп,
Содан кейін...
Менде де бар бір тілек:
Ата-жердің атақ-даңқын күркірет,
Қас болатты қажап тауыс түрпі боп,
Таланттармен танауыңды сүртіп өт –
дара жаса!
Міне, шылым – тістей тұр,
басқа не бар, ха–ха–ха–ха, істейтін
(сырт айналып сыбыр етті ақынға:
соңғы ролі есіме, әттең, түспей тұр)

– Тфу! – деді Алдар көсе,
бір тісі
ұшып кетті, босап қалды бір тісі.
Екі серік бір-бір күліп ызалы
сапарына жаңа бағыт сызады.

10. Параллель: мереке

Жас қалада мереке көп бұл айда:
Жарасып жүр көбелек пен гүл ойнап,
Қара ағаштар қартайғанын уәйімдап...
“би билетті ақ балтырлы қайыңға”.
Анау – сарай,
Мынау – сарай, толы адам,
Сауық-саққа жиналған ел жаңадан:
ат жарысын тамаша ғып бірі ескі,
екіншісі қызықтайды күресті.
Еліктегіш көңілдерге от салып...
Спорт зал мен концерт залдың жоқ саны’.
Ешкі сүзіп пілді жықты,
алаңда
түйе таяқ жеп тоқтыдан оқсады.
Футбол жүріп жатты да анда,
ал мұнда,
ұлы Абайдың ескерткіші алдында
Ұйқасқа айдап отты сөзді, күретіп,
Ғафу, Қадыр, Төлеген тұр жыр оқып.
Асханада жүр әлдекім құрт ұстап!
Абырой, атақ түскен сын-ды жыртысқа,
Сол жыртыстан құр қалған бір ағайын
Әлдекіммен тағы да бір қырқыспақ.
Әлдекімдер әйел құсап ұрысқақ,
Тағы бір жол ұрыспақшы дұрыстап.
Жаңа газет
жалбаң қағып
парағы
бір талантты оятқалы барады...
Ал, ән шалқып,
Күйші перне басқанда
Масайрады ел;
Жеңді, әне, бір жас палуан,
Гимн – от боп жанып кірді жас қанға –
Жалын болып ту өрледі аспанға!
Тас кеудесін иілтпейді жыр тіреп.
Суда – көбіктен гөрі әсем күлкі көп.
...Қол соққанда осылардың бәріне ел
Көгершін-үн көтерілді дүркіреп.

Интервью. Тіс (жалғасы)

– Қалған бірер тісім ісіп жүр тағы –
бар ма еді елдің тістен алар сырқауы?
– Сізді танып жатпағанмен жұрт әлі,
Тісіңізді көрсетпеңіз, көрсе егер
Суық қару ретінде – құртады.
– Тіске титтей жазығым да жоқ менің,
тығын ашпадым,
шылымды да шекпедім.
Түсініксіз, әрбір жөткірген сайын
бір-бір тістен ұшып-ұшып кеткені.
– Тіс санайтын уақытыңыз көп алда,
Түсінбейтін түгі де жоқ, тісіңіз
Керегі жоқ құрал ешбір қоғамға.
– Сенің тісің неге бүтін ендеше?
– Уақытыма тістен пайда келмесе
бүтін болмай қайтушы еді!
Түңілме,
тіске тиер ештеңе жоқ, бүгінде
бәрі жұмсақ: кресло жұмсақ, тіл жұмсақ,
жыр жазамыз жұмсарсын деп арасына мылжың сап,
Сөз де жұмсақ – жұта бер тек,
О, менің
тісті қайдан қақсын байғұс өлеңім?!
Сіз туралы туар тағы сонша аңыз
түгел түсіп тісіңіз,
тек ерінмен қалсаңыз.
Тыңда, қария:
тісің түссе, сол үшін
арақ алу – ақсақалдық борышың!
– Көкірегіңнен ысқырып тұр ыссы дем –
Не қызу ол? Мен ұқпайтын іс білем.
Хан – тырнақты,
би – азулы заманда
көріп-ақ ек тырнақты мен тістіден!
– Жоқ, Алдеке, мұның жаңсақ,
Зор, мықты
Өз тісіңнен көргенсің сен қорлықты!
Біздің кездің өзіне тән белгісі.
ешкімнің де келмейді
тістен қорлық көргісі.
Өйткені, ешкім сүймейді ашық майданды,
аңдар-дағы – зоопаркке айналды.
– Бақытты ел ғой бұл әлгі?
– Рас, көңіл жайланды:
ашу орнын – айла алды,
тістің орнын – тіл алды.
Ал, тырнақ па? – Көк семсерге бара-бар,
Мысықтар мен әйелдерде ғана бар!..
– Теңгерілген заман деші, солай ма?
– Дәл таптыңыз,
Қараңызшы маңайға:
бұта шашын күзеп жатыр жұрт, әне, –
Қысқалардың көңілі, үшін, тап солай
Ұзындарды қырқады!
Көрсетпеуің үшін артық жігер сен
балаға да – бір өлшем,
данаға да – бір өлшем.
Сондықтан да көрінесің көзге ерсі
Желке шашты сәл өсіріп жіберсең.
Ерсі атану деген бізде қас қағым!
Қарашы, аға, айтпағанда басқаны,
еркектермен қатар жүрген кездерде
“ерсі” көрінбеу үшін
әйел біткен шашын қырқып тастады.

11. Параллель: шайтан іздеу

Қай тұс еді: “Тобылғы сай”, “Құлан қақ?”
Ата қоныс аты өзгерген – тұр аңдап.
Алдар көсе көрмек болды ақыры
бұ заманның шайтанын да бір алдап.
“О жылдары жігіт болса,
Қаусаған
Шал-ау қазір – қай шалды іздеп тауса алам
Толғанды Алдар:
танимын да, табам да,
періште – кім, пері – кім,
айырғысыз заманда”.
Шығайбай ма? ,
Табу оңай ол байды,
Шайтан іздеу – қиын тірлік он есе.
Пиғылынан ажыратам демесең
Шайтандарда түр-түс деген болмайды.
Содан Алдар, ал, қаңғырды, қаңғырды,
табанынан ұшқан шаңды шаңға ұрды,
Маңдайынан атқан таңды таңға ұрды,
шайтан іздеп қаңғырды, Алдар қаңғырды.
“Ептеп ұрттау – көңілді ғып жүр бізді” –
деп ақын дос талай жерге кіргізді.
Бір әкімді нұсқады ол: “періште!”
періште деп таныстырды бір қызды.
Періште деп сатушыны нұсқады,
Періште деп тоқушыны да ұстады.
Талай шашты, періште деп, сипады,
періште деп талай қолды қысты әне...
Күрсінді Алдар:
“Тәңір өзі қолдасын,
Мына бай жұрт қызыл-ала, көк жасыл
тек періште тұратын жер болмасын?!” –
деді-дағы қолтықтан ап жолдасын –
жөнелейік, – деді, – жинал бүгін нақ,
аузымды жап,
құлағымды тығындат:
Көре-көре періштені
Мен өзім
Шайтан болып барам! – деді сыбырлап.

Интервью. Әділет (жалғасы)

– Иә, аға, атағыңмен амалдап
Әжептәуір сөйлеттің-ау мені алдап.
Жаңа заман құдіретін,
ел күшін,
Сөз еттім мен жалқауларды,
ерді шын,
өміріңнің білем арғы-бергісін,
өліміңді білмеуші едім,
кермек боп жүр көп сұрақ –
берем соны мен де ептеп:
О дүние қалай екен?
– Тым жайсыз,
Әсіресе, тірілуге ыңғайсыз.
Періште де сезеді әрі болжайды,
пайғамбар да сезеді әрі болжайды,
ал, шайтанға – бәрібір,
Тозақта да ол оңбайды,
Жұмақта да ол оңбайды;
бұ секілді көп-көп халді, мол жайды,
тірілерге айту үшін, мен құсап
өлгеніңмен – тірілмесең болмайды! –
Алдар көсе сәл кідірді мұны айтып,
алды бір сәт қой-көздерін мұңайтып,–
– Тіршілікте жарытпаған жанына
өлгенде де бермейді екен Құдай түк.
Жұрт секілді, мен де о баста өліп ем,
Өлуге де ақ көңілмен көніп ем,
Көнбесе де өледі ғой,
тек олар
тең болмады көніп өлген менімен:
бір хан өлді, өлерінде ұялмай,
үйіндегі дүниесін қия алмай.
Қиналыпты, қарап бұ зат, о затқа –
Сонысы үшін лақтырылды Тозаққа.
Бір қан-құйлы харам адам, ал, енді
бас кесумен таң қалдырған әлемді,
тұтқын боп сол темір тордың ішінде
Сүйіп және алғаны үшін бір қызды,
Сонсоң өзін-өзі өлтіргені үшін де –
Жұмаққа оны сүйреп әкеп кіргізді.
Ал, маған ше?
Жұмақ та жоқ,
Жоқ Тамұқ.
“Төзімді жан!” деп кекете мақтады.
Түсінбеді –
біле алмады себебі
Қайдан орын берерін.

Мүңкір-Нәңкір аузы өзгеден арындырақ,
Әсіресе соңғы кезде қатайды.
Қаталдықтың бәрін бірақ
Әділет деп атайды!
Тіршілікте кісі сатқан кісі көп,
соның бәрін жеке бастың ісі деп
қарайды ол;
кірпігі ұдай кісінеп
тұрады оның; шел қаптаған жанарын
ақ көз тағдыр,
Содан да ақ пен қараны
тексергенде – шатыстырып алады.
Көп әулие Тозақта жүр!
Сол үшін
жақсыларға бермейді ешкім қол ұшын,
Өйткені жұрт желше ұйтқыған
Сан қырлы
есерлігін ескереді Тағдырдың.
– Әділеттілік жоқ екен ғой онда аса?
– Кесірліктер, кемсітулер болмаса...
Әділет деген бір сөз үшін о жақта
тоғыз мәрте тоғытады Тозаққа.
– Неге, не үшін бір сөз үшін жаңағы
Менің денем, тозақ-отқа жанады?
– Пиғыл теріс болған соң сен себебі
Әділетті тірек еткің келеді.
Әрі, ағашқа байлап қойып сабаса
обалың жоқ – әлсіз жансың сен аса!
Баламысыз, данамысыз Сіз мейлі –
Әділеттен үміт, күдер үзбей кіл
іздейтіндер – әлсіздіктен іздейді.
Онсыз да әлем алдарында тік тұрар
Әділетті неғылады мықтылар!
Олар үшін әділет – жай сөз ғана
еріккенде – көңіл-күйін ұқтырар;
Солай, інім!
Бәрінен де иен қайғы –
Жұрттан бөлек ойлауыңа болмайды.
– Қиын екен. Мұнда мүлде басқаша:
Ойлан! дейді кеңсе басқар, тас қаша.
Басың жоқ боп туа қалсаң – бір сәрі,
бола тұрып ойланбасаң – ұрсады.
– Бақытты ел деп, айтып ем ғой жаңа да
Мисыз халық мұнша дәулет таба ма.
Онда да “ойлан” деп жатады сәт сайын,

“Ойна, күнім” деген сын-ды балаға.
Бірақ ойлар қайдан тусын онда асыл
Қарауылың – Мүңкір-Нәңкір болғасын!
– Бізде, – деді ақын ашық сол шақта, –
Не ойла – еркің, жай адамдар болсақ та,
Сөзге ғана ептеп кінә тағылар,
Өйткені оның келмейтұғын жағы бар
Этикаға:
Шыншыл жанбыз десек те
Кейде сөзің айналады өсекке.
Шындығыңа сендірердей бәс тігіп,
Сөзіңді ылғи айтсаң жақсы тас қылып,
ал, әйтпесе...
Жоғарғы ернім жеңілдеу –
Көрдіңіз бе, мұртпен қойдым бастырып!
– Бақытты ғой мына тірлік, бұ заман,
бұдан артық не тілейміз біз одан.
Мені тірілтетін күні бір әруақ
Тарс жарылды ызадан...

Осыны айтып Алдар кенет іркілді,
арт жағына алақтады бір түрлі,
шүберектей өңіп кетті түр-түсі
Қылмыскердей әйгі болған мұнша ісі,
білектен ап сыбыр етті ақынға:
– Әне, әне, Мүңкір-Нәңкір тыңшысы!

Ару-бұлақ сыбыр етті сайда анау,
Сол бұлаққа жасыл жапырақ майдалау.
Бетін баса жығылыпты – сүю ме,
жоқ, сүю жоқ, жай әншейін аймалау.
– Неткен ғажап көрініс бұл! – деді ақын,
Жадында бір жыр оянған болатын, –
Шыбықтардың шыт секілді көйлегі
деп ед тағы
Кенет Алдар сөйледі:
– Қарттың адал, шын сыры ғып ұқ мұны,
бұны айтқанда тым қуатты шықты үні, –
О, дүниенің желі жібек, тасы асыл,
асылдықтан алшаң-алшаң басасың.
Қасиет қой өзі түгіл, асасы –
Мүңкірекең–Нәңкірекең жасасын!
Көкірегі от құсады, жаны – алау
тапқан шақта жаңа қылмас, жаңа дау.
Әлдекімді күрзісімен бір періп
Күл еткенде, әй, айызың қанады-ау!
Күнәлі ме, күнәсіз бе – бір бәрі,
Қашан көрсең күл етіп ап күле қарап тұрғаны!
Ұрысқанының өзі тым сүйкімді,
Одан гөрі сүйкімдірек – ұрғаны.
Шіркін, біздің о дүниенің тірлігі-ай, ‘
Қазысы оның көп жендет пен бір құдай!
Періштені құрмет тұта бас иіп,
Шайтандармен ойнайсың-ау құрбыдай.
Шындық бізге шыбын-жаннан жақын-ды,
Кәрі адамға жалған айтпау мақұл-ды:
О дүниенің тыңшысы да ақ көңіл,
Шабарманның өзі қандай ақылды!
Әсіресе, мен дегенде ол елдің
Ниеті қандай адал еді – кенелдім!
Жамбасыма мамық батты!
Әр тасы
Мен дегенде – балқитұғын;
Қаңқасы
Қурап қалған Алдар көсе тірілсе –
бір Алланың арқасы!
Сонсоң, қария бір қарап ап айнала,
– Қалды! – деді серігіне жай ғана.

Таң болды ақын. Сене алмады. Бір күйік
тағы ойлады көкірегі дүрлігіп...

12. Параллель: кездесу

Сөйтсе шайтан... баяғыдай тірі екен,
бір совхозда егін салып жүр екен.
О да әуелден көңілшіктеу ер еді –
досын көріп еңіреп қоя береді:
– Уай, арысым, қаңғып жеткен қайдағы үн –
Қарға саңғып, қурап еді сайғағың!
– Шайтаным-ай, сары тіс боп саналы.
Шайтандықты қоймапсың-ау сен әлі.
– Қол боста екен шайтан болу дегенің,
Шын санатқа қосты бүгін мені елім:
Күні қашан батып кетті көненің!
– Сенем, сенем, саған да енді сенемін.
– Доғар бірақ жұмысыңды бүгін сен.
– Осы күзде пенсияға шығушы ем.
– Тобылғылы сайда ендеше қал жалғыз!
– Тобылғыңды шауып қора салғанбыз, –
Неғыламыз, – деді шайтан, – ескірдік,
біз ескірдік,
жұмысқа тым кеш кірдік,
Көкейіңнен кетпейді екен бұрынғы-ақ!
Кел, одан да... жіберейік ырымдап.

Шошынды Алдар –
Шырт түкіріп бұрылды,
Кәрі құлақ шалды сонда бір үнді.
“Құранда” да ондай үн жоқ!
Жоқ, шалым,
Сықыры ол шайтан тапқан ақшаның!

Әлхисса, Алдар көсе монша
бастығына кіреді

– Келе берер қонақ емес жай күні
бұл азамат ертегі-аңыз байлығы,
танысыңыз, Алдар көсе әйгілі!
– Жөн! – деді анау,
Маңдайына бір елі
жуан қызыл қарындашын тіреді.
Бөлме тыныш. Бәрі де үнсіз жандының,
тыныштық та үркіп ұшар секілді
қыбыр етсе сәл бірі.
Отырды үшеу ермек етіп бір ауық,
әлдеқайдан естілетін кәдімгі
шылапшынның даңғырын.
Орындықта шыдамсыздау қозғалып,
Сыбыр етті: “Жасық па еді шалдар да,
Ұялма, аға, сұра!” – деді Алдарға.
– Не сұраймыз?
– Оның бәрі бір сізге.
Мұндай жерге күнде кіріп жүрсіз бе,
бір басшыға кіргіз дедің, О, құдайдың пендесі,
Кіргізе алар жалғыз жерім болды осы –
Уақыт алды, демес үшін, бұл неге,
кірдің екен, – сұрау керек бірдеңе.
– Не сұраймын?
– Бірер шөлке, бірер жіп...
Сабын, сүрткіш, сыпырғыш бар, тағы өтін
Сұра бірін, ал, әйтпесе әдеті
үлкендердің қалатұғын іренжіп.
Сыпырғышқа келісті Алдар,
арызды
ақын жазды, қысқа жазған тәрізді,
басшы, өйткені, тез оқыды;
түсіп кенет ол бейлі:
“Завтовхозу, выдайте!” деп қол қойды.
Содан кейін болды ғажап бір қызық:
Завтовхозы қарсы алдына тұрғызып
бұл екеуін тергеді-ай кеп тергеді,
тергеп, тергеп – сыпырғышты бермеді.
– Неге бүйтті? – таңданды қарт түк ұқпай.
Завтовхоз қыз бір иілді шыбықтай.
– Халық мүлкі, бере алмаймын, – деді қыз, –
ертең түсте паспорт алып келіңіз!
– Паспорты не?..
Сұрап алу оңды аса
Кәсіп емес, алдап алу болмаса!

13. Параллель: тәсіл

Алдар-шалдан күтсе біреу әлі үміт,
бітті біреу күте-күте жалығып.
Ол қарт мәңгі жатты, деді бір ғалым, –
Қалың, түпті мұқабаны жамылып.
Бір папкаға қайта кіріп кетті деп –

Қарасы өшсін! – десті көбі,
Жүр біреу
Көзіме, әттең, көрінсе екен деп тілеп.
Әлдебіреу шырақ ұстап із кесті,
біреу – атақ,
біреу – шатақ іздесті.
Екеуі де тәсіл айтты ізгі, ескі:
аңызды – архив жасағанбыз біз десті,
(Арқа тосып, қамшы тілеп,
сын күткен
бір ортаға еніп кеттім сүңгіп мен.
Өтірікке,
жала,
өсекке бір мықты ем:
күлу керек, күлу керек!
Тіл біткен
тым майда боп кеткен – сырын білдік кем.
Күн кешкенде күйкі-күйбең тірлікпен,
жүрсін іште бір түйінің, бір нүктең –
сонда алдайсың, алдасаң да шындықпен).
Жоқ!
Архивпен бастыратын ол сізге
қылмыс емес,
тартады Алдар жолсызбен.
Қуды Шындық – не шығып кет елсізге,
Не мініңді байқамайтын қоңсы ізде!

Әлқисса, Алдар көсе жұмыс іздейді

Еңбек еткен адамдарды неше мың
Көре-көре көзі күйді Көсенің:
тас байлап бір машинамен түйдіріп,
жалғыз жігіт құлатып тұр үйді ұрып.
Құлатып тұр, құлатып тұр, құлатып –
бара жатыр түлкі-жирен-шаң қашып,
Құла-сары құйрықтарын шұбатып!
Экскаватор тісін жанып көк тасқа,
Шланга анау – ықылықтап су атып,
Көмекейдей бүлкілдейді ол, әне, –
қашқан шаңды қуып баспақ болады.

Ал, тау жақтан мысық-жел кеп май-табан,
Қайың, талға мияу-мұңын айтады ал,
ал, бір жерде қырқып-отап орманды,
Шыбық егіп жатыр бір жер қайтадан.
Біреу – төсеп,
біреу – жазып,
ал, бірі
Жаңа асфальттің кебер кезін аңдыды.
Дайын тұр ол кабелімен бір құшақ
бүтін істі бұзу үшін бұрғы сап.
Қалан, кірпіш!
Шіріген бар, қызған бар –
Құбырларды тез көміңдер, “тұздаңдар!”,
Жаңа үйлерді қалаушылар – көңілді,
Көңілдірек ескілерін бұзғандар.
Сонда Алдарға үй салудан гөрі де
бұзу оңай секілденді көріне –
еңбек қызық тірлік екен, деп түйді, –
”Өзім бұзам, деді ол, анау шеткі үйді”.
Ал, ол шеткі үй бұзыла ма,
Жоқ па, – онда
Алдекеңнің шаруасы не – тартты алға:
“Шеткі үй” кенет кетті ұнамай!
Сондықтан
қуанды қарт оңай “жұмыс тапқанға”.
Бұ заманның ғылымынан хабарсыз
Қарияға әрі жалқау, әрі әлсіз –
бұдан жайлы жұмыс қайдан табарсыз! –
Сараңдық қып отырғам жоқ,
Мен оған
бір мекеме ашар едім жаңадан
“Аңыз инс-ти-туты” деп ат жасап,
О, шіркін-ай, жатып келіп мақтасақ!
Ондай құдірет...
есті адаммын осы мен:
Креслома қарап қана көсілем.
Амал қанша қойды ұнамай маған-ақ
Күн көргіштер креслоны жағалап.
Сататындай құндайды олар адамды
ойына емес,
креслосына қарап.
Иә, ондайлар адам жайлы не білер,
адам жайлы ойлауға да ерінер.
Адам деген сөздің өзі оларға
Креслоға балама боп көрінер.
Сөйтіп көп жұрт сырттай бағып, сынаған,
алғашында атағымен ұнаған
Қариядан
безіп кетті бір-бірлеп,
үлкен қызмет алмас, десіп, бұл адам.
Алдар көсе деген есім сол үшін
түсініксіз қалды көпке,
қол ұшын
берем бе деп ерген ақын...
О да енді
жайын айтып шаруасына жөнелді.

Автордан

Талай өнер күтіп еді Алдардан,
Кейін соның көбі – қиял, болды арман,
аңыз айтқан қулық қайда,
еп қайда?
Байқа, ақыным, ұйқасыңды жеп қойма –
жатыр, әне, кастрюльде ет қайнап!
Алдар-атақ ғаламат-ты, жоқ теңі
Айдың даңқы секілді анау көктегі.
Сол аңыздың ақырында
Сор-мұңға
батқан қара шал қалған ба орнында?
Ал, өзі ше?
Өзі болды тым ақын,
Теңізі оның толқымайтын, тұнатын.
Сүйгенімен өнер-ойдың әлемі
Әкімдерге керегі жоқ жан еді.
“Пегастардың” қатарында есек боп
Жүретұғын тек әйтеуір есепте.
Мінезіне қарамастан ер, бейпіл
Жабық топқа жарып кіре бермейтін.


Сондықтан да кедей болды.
Қысқасы:
Күн көретін тиындармен ұстасып.
Түсінде де анық көрер жоқ қасы,
Оның қасы – сол баяғы от басы.
Онсыз да онға бөлген ойға іріткі сап,
ұсақ қорлық,
Кінәраттар құртты ұсақ.
Ақын ғой – көп міні бар–ды,
бастысы:
Ойлай алмайтұғын еді жұрт құсап...

Әлхисса, Алдар көсе жұмыс іздейді
(жалғасы)
Айтпақшы, Алдар үш күн бұрын осыдан
“Қазақфильм” ауласынан шошыған.
Тәуекел бар,
Орын жоқ деп күмәнға
ақын ертіп апарған-ды мұны онда:
“Сый-құрметтен бар адамның дәмесі
іздер жері, келер жері дәл осы!”
Шәкен-аға: “Әй, шалым-ай, шалым-ай,
Қайтсем екен – қойсам ба екен танымай?! –
Сөз тастаған әзіл-шыны аралас:
“Қарт кісіге қазымырлық жарамас!”
Сонда біреу Шығайбай боп ойнаған
безек қақты:
“Кінә артпай-ақ қой маған –
Әлі біраз өсем, өйткені ойланам,
Кино жаздық,
Пленка бар бір арба –
“бекер тіріліпсің, шалым!” деп салды.
Алдекеңді қайрат еткен осы дәл,
дәл осыдан (неткен пиғыл!) шошыған,
Көп сөздерді түйе алмаған ол бірақ
Қарақшының шапанындай қолбырап –
Кино деген сөзді жорып мансапқа,
Қарт қиялын жүгірткен-ді сан-саққа;
Бізбикені есіне ап сәл жымиған
Шығайбайдың атын естіген шақта.
Осы арада бар секілді бір шындық:
(айта алмаған сайын соны – күрсіндік)
Әркімнің өз қайғысы бар, бар қамы,
Әркім соны өз әлінше тартады:
Содан көңіл қартаң тартар, әрі кір, –
Құлақ – тосаң,
Жүрек – мылқау,
жан – ығыр,
өскен қауым – ештеңеге таңданбас,
Өлген кісі тірілсе де – бәрібір
Селт етпейді өз қамынан басқаға,
Өлеңде де “өзімі” көп масқара!
“Өзім!” деген сезім құйған тасқа да
жиырмасыншы ғасыр, әрі астана.
Обыватель!
Тек өзі үшін ар арлар,
Өзім деп тек жаутаңдаған жанарлар!
Үкімет бар көптің қамын сол ойлар,
Жиналыс бар,
Қаулылар бар,
Қарар бар,
президиумдар,
комитеттер,
сарайлар –
“Ойлай берсін үлкен басшылар мейлі,
біздің қанша шаруамыз бар?!” дейді,
“біз кішкентай адамдармыз!” деп әрі .
ұмтылады орындарға жоғары!
Өз қамынан ауыспаған дүйім ел
Жүріп жатты шаруасымен, күйімен.
Содан, міне, ДАҢҚ сын-ды шал жалғыз
(біз де о баста ере түсіп, қалғанбыз)
келеді ептеп.
Өткенді еске ап мың жылғы
бүгін, міне, тұңғыш мәрте қынжылды.
Шықты ол шаңдақ бір алаңға:
Иен, ескі
үйді бұзып жүргендермен кеңесті.
“Чево тебе, старик, а?” – деп біреу
трактордың
тұмсығымен
өңменінен
тіреді!
– Еңбек жасап жүр ғой мынау адамдар,
Осылардай мен де адаммын, – деді Алдар.
Жастау жігіт алға шығып бір адым
Қарияның мамандығын сұрады.
– Бұзушымын! – Сыңар езу жымиды, –
Нар тәуекел, мен бұзайын мына үйді,
Нардан құла, деген бар ғой, құласаң.
– Есі ауысқан сорлы білем мына шал,
Жұмысқа өзін қабылдай ма – жоқ ісі,
Нарядсіз-ақ келеді нан жегісі...
– Немеренің қазығына ат байлап
пенсиясын алып тыныш жатпай ма?!
(Сөзді сөзбен әкетті жұрт қақпайлап)
– Документін тексерейік! – деп біреу
Иек қақты серігіне ептілеу.
Сауал тастап байқады да әрі-бері,
Күліп айтты: “паспортыңыз бар ма еді?”

14. Параллель: Шығайбай
таратқан жабық хат
“Бахи беттен таппай Алдар тұрлауын
Пәниге өтті күлкі-әзіл боп бір қауым.
Асы – мазақ,
Суы – күлкі,
Күлкімен
кептіретін көрінеді шұлғауын.
Күліп жүріп құртып бітер ол әлі,
Маған соққан,
Саған ертең соғады:
белге жасыр белбеуіңді тоғалы,
балығыңды көлге жасыр қоғалы!
Тосын көз ғой, көрмес дейсің ол нені:

Қатынға бер “касса” деген “көмбені”,
Картаға ұтқыз қалтаңдағы теңгені,
Сайға түсір іздеріңді дөңдегі.
Шапаныңды шешіп алса сайға айдар,
Сақалыңды кесіп алса – қайда айдар?!
Шыңыраудан шындық болып айғайлар –
Сақтаныңдар! Шығайбайлар! Бай-байлар!”

Әлхисса, Алдар көсе жұмыс іздейді (соңы)

...Паспорт тағы шықты алдынан,
Қанша амал,
Күрсінді қарт, жанарымен шаршаған
шолып өтті кірпіштерді шашылған:
– Күрек ұстап үйреніп ем жасымнан,
паспортсыз-ақ құдық қазғам,
тоң ойғам
таудан, сайдан, шөл-даладан, тоғайдан,
паспортсыз-ақ...
– Тұрсың, қария, не сөйлеп?
– Мен – кеше ме,
Әлде сендер мешеу ме –
Менсінбей ме мұнда шын-ақ
паспортсыз
Кісілерді күрек, сүймен, көсеу де?
– Көктен түскен секілдісіз...
– Жоқ, одан
түскем жоқ, тек шығып едім моладан...
– Бәрі бір ғой.
Қыңырларды түзейтін
Құралдарды кемітпеңіз сіз өйтіп,
паспорт керек!
– Тағы, тағы не керек?
– “Прописан” деп мөр басқыз шегелеп,
ал, ол үшін көп документ...
– Өзге аз ба?
– Сонсоң ғана жұмыс жайлы сөз қозға.
Ескіргенмен, Алдар көңлі жоқ азған.
Хабарлы еді “бар” мен “жоқтан”, “көп-аздан”.
Енді ұғынды бастау керек екенін
бәрін-бәрін, бәрін-бәрін қағаздан.

Әлхисса, Алдар көсе документ жинайды

Ал, қалың ел – қайырымды ел еді,
Қарт қонаққа қамқор болып келеді.
Көсеміндей күтті Алдарды көп адам,
ешқайсында билік жоқ-ты себебі.
Алдар кемдік сезінген жоқ жолай түк –
жатты бәрі саулық тілеп, жөн айтып.
Сапардағы сәл сәтсіздік кетті ілез
аяныш пен қайырымды молайтып.
– Дүкәмат па? – деді ақ сақал шал асыл,
Алла қосса, әлі-ақ алып қаласың,
Метрика, қағаз керек ол үшін,
Қағаз жинау – қариялық борышың,
Мал жинаудың заманы өткен,
түңілме:
қағаз жинаған озады түбінде,
Қағаз ғана жеткізеді мұратқа
аздап қиындық болады – шыдап бақ!
Қағаз түрлі: бірі – ала,
бірі әппақ,
Әппағына үйір болма бірақ та, –
ақ қағаздар... тоймас қағаз ол тіріде
Мазаңды алар: жаз, жаз, толтыр, толтыр! – деп.
Ақылдырақ шығу үшін әңгімең,
қағаз керек...
түсін, өлу үшін де
“туды” деген қағаз керек алдымен.
Еңбек, рас, бұ тұрмысты әрлеген,
Күшейді ол қағаз,
Қағаздар-менен
Күрек ұстау үшін... айып етпеңіз,
Қағаз керек екі қолы бар деген.
– Қайдан алам?
– Бәрібір ғой, қайдан ал,
Санаңды сат,
Салауатың пайдалан,
тек қағаз ал,
көзі еді деп көненің –
сонда ғана танып алар сені елің,
ал, әйтпесе... сене ме бұл ел емге –
дүкәмат жоқ – Алдар едім дегенге...
Сөйтіп, Алдар қағаз іздеп жөнелді.

15. Параллель: антропологтың куәлігі

– Алдар көсе дедіңіз бе?
– Сол адам рұқсатпен
шықтым дейді моладан.
– Басы бар ма?
– Әрине бар.
– Көргем-ді.
бір-ақ мәрте,
түсті есіме енді-енді.
Содан, бері татымай жүр таңдайға ас,
Шіркін!
Қайтып кезігер ме ондай Бас.
Жас гипсті жапсырса ғой...
Тізімге
Қандай ғана Герасимов қол қоймас!
– Бас иесі қайда кетті? – деп тұрмын...
– Құйқасынан ойша айырып кептірдім.
Сондай басты жасасам ғой осы мен,
есті дүние танар еді есінен.
– Бас иесі қайда деймін?
– Жоқ, тіпті
Құдай-дағы ұмыт етіп тоқтықты
Қызғаныштан жеп қояр ед мені осы...
– Қайда, деймін, қарияның денесі?
– Ғалым не бір антрополог болмай-ақ
Менің даңқым ғасырларға келесі
Өтер еді-ау мүсіншінің даңқы боп,
Не пайда, әттең, үміт солғын, жан түнек.

Әттең! Әттең!
Құртын қуып құмардың,
белгісіз боп, сірә, өлетін шығармын.
– Дене қайда деймін Сізге?
– О несі?
– Дене дейді?
Шіріп кеткен денесі.
Айтылған соң сөз әлгі
Милиционер, тұнып кетіп көз алды,
аңғырт жанды сұрақтармен қақпайлап
бөлімшеге кетті айдап.

Әлхисса, Алдар көсе документ жинайды (жалғасы)

...Бір есіктен аттағаны сол еді –
бір қыз шықты: төсі семіз,
түрі арық,
“прием жоқ!” дегенді айтты қуарып.
Түнімен жүріп, таңғы сағат сегізде
бір кеңсені тапты тағы көп іздеп.
Арап әрпі тізілді кеп.
Ал, оны
Көріп шығып бір азамат әдемі:
– Қайдан келдің, қария? – деп сұрады.
– О дүниеден келіп едім, шырағым.
Бұ сөзден соң жігіт “да-а” деп іркілді,
Қып-қызыл боп кетті сонсоң бір түрлі:
– Туған жеріңді айтам, жолдас! – деді, анау:
– Шешем марқұм (дәлдігі де шамалы-ау)
айтушы еді ұлы тойда бір дүрмек
Қазақтың кең даласында тудың деп. –
– Оны айтпаймын, дала кең ғой, шүкір, бұл.
Он жылдықты қай ауылда бітірдің?
Алдекеңнің келді тағы күлкісі –
Ұшып түсті ең ақырғы бір тісі.
Жігіт те ұқты:
бос сөз болып шықты арыз.
Жо, жоқ, бұған астар салып ұқпаңыз –
арызды алған...
Сақ кісі еді ол да ойлы:
“Түсініксіз. Отказать!” деп қол қойды
Әлгі-ақ еді бір есікті жапқаны –
Алдар тағы бір есіктен аттады:
бәрін жалғыз қалып құйған жан білем –
жас қыз шығып аумайтұғын әлгіден
(бір орында тұра алмайды сол құсап,
Мықын-белі бұраңдайды сол құсап,
етек – жырық,
еріні де қып-қызыл,
тырнағы ұзын,
Сигареті тіпті ұзын,
қас дегенің – қанатындай қарғаның,
Санап бояп қойған сын-ды бәр-бәрін;
қотыр құстың түгі сын-ды шашы дәл,
Не өткендей бұршақ ұрып басынан,
білек, мойны – мыс па, алтын ба – кім білді,
тағынған-ақ құрсаулар мен шынжырды –
Соның бәріне қарамай, қыз осы
көзге жылы: тізесін айт, тізесін!):
– Ата, Сіз... – деп, ауып түсті бір адым,
– Бастығыңа кірмек еді мұрадым.
– Ау-ди-енция сұрайды бәр-бәрі,
без-бүйректер, безіп кеткен арлары,
бүйте берсе нервімізді құртар-ақ–
деп күбірлеп, қағаз берді бір парақ:

– Толтыр, – деді, – бланканы;
– Не қағаз?
– Аты-жөніңді, дәрежеңді және жаз
неге келдің, не сұрайсың бұ жерден?
– Метрика алып кел деп жіберген.
– Кім жіберді?
– Паспорт деген бір жұмбақ
(бұ сөзді қыз қабылдады тыржыңдап).
Кино ғой ол, кешіріңіз, жаңа ұқтым –
– Мен әлгі... анау Алдар көсе, – деді Алдар,
– Косе, косе! Безбородый адам ба?
Безбородый обманщик... даңқты
Қыз жадырап шынжыр-үнін күлді үзіп.
Келесі сәт болды ғажап бір қызық:
білегінен ұстап қартты
кезексіз
бастығына жіберді ілез кіргізіп.
Ең бір оңай есік болды, расында,
тірлік еткен жан үшін бұл ғасырда:
Ішке енді Алдар.
Бізге не жоқ дедік те
қалып қойдық әлгі қыздың қасында...

16. Параллель: журналдағы жазу

“Сұмдық! Сұмдық! Алдар көсемін дейді?!
Алдар көсе – өлген,
демек, жоқ адам
(энциклопедиядан қарағам),
ендеше, ол қалай шыққан моладан?!
Личность: тым күдікті түр-түсі,
қоғамға жат секілденді күлкісі,
күліп жүріп құтылуға күш салды
(сонысымен ұсталды).
Имуществосы: пальто,
бөркі бар
ондатрдың ең жоғары сортынан.
бешпет, шалбар,
етік, шұлғаулары бар,
қос қу сирақ очень... мүлде арыған
Нақ он екі қабырғасы қақты ырсаң.
Қыңқ етпестей қанша тепсең, лақтырсаң
Жұмыр, иекті, бар көрінді дәу басы
(бас па, әлде, әлдекімнің қауғасы?!)
Азу жақта – жарты тіс,
езу жақта – бір тісі.
бет-жүзінің жүзге жуық қыртысы
(анықтаймыз: қыртыс саны дәл қанша)
Мен осыны жазып сызып болғанша
Әңгіме айтты:
бір ақынмен әмпей болып алыпты
(тексерген жөн ақын деген халықты).

Ең бастысы: документтен жоқ түк те,
жүре берген (қала үлкен ғой) көптікте
Личность анықталғанға дейін
Жауып қойдым әдейі...
Лейтенант Әбенов”.
Р.S.
Мас болмаған,
документсіз кісіні
түрме ала ма?!
Бітті-ау бедел түсіріп
жолдастарға жетпейтұғын түсінік!
Бақылауға: бұл бір суайт, ақиқат
Қылмыс етсе ұсталады так и так.
Жынды ма деп дәрігерге босаттым,
Қолым міне: Көзалдаев, капитан.

 

17. Параллель: дәрігердің анықтамасы

“Алдар көсе атағанмен өзін ол
Өтірігі көрініп тұр көзінен.
Шешіндіріп көрмек едім денесін
Қолды қағып жолатпады – о несі?
Бірақ есі дұрыс адам сияқты,
Өйткені өткір сезінеді ұятты.
Ал, қайсыбір әңгімесі тым қызық:
бірді айтқанда алады екен бірді үзіп.
Аузы толы – архаизм, Көбіне
содан шығар сөйлейтіні жүргізіп.
Странно: көргім келді қартты
әлгі ескі ауылдың есегіне мінгізіп!
Тілі шіріп кеткен сын-ды көгіс тым,
Шығады исі әлі пиғыл, әлі істің.
Жиіркеніп ем: мұнымды ол дәл ұқты,
Сөйтіп, түйсік түзулігін танытты.
Тым резкий өзгерткеннен климат
барлық тісі, дерлік, түсіп қалыпты.
Біздің жердің адамы емес, сірә, шал,

“Моладанмын!” дейді, дурак, сұрасаң:
Документ жоқ, тым құрыса көмескі –
рас, турист те, шпион да емес бұл.
Кейде мең-зең...
тұрған жандай соққыдан,
сонысына қарағанда көп күмән...
Документі болмағаны себепті
ешқандай ем қолданылған жоқ бұған.
“Тірілдім” дейді, ха–ха–ха–ха, сөз бе осы,
жетіскендей адамның
тірілуден өзгесі.
Бір кездері болған сын-ды әдемі өң,
қазір тозған.
Ауырған бір бәлемен.
Диагнозы: алжу ма деп ойлаймын
психиатр Шүленбаева деген.

Р.S.
Телефонда: қалқам дегенде үзілетін
жан секілді,
ақын, дейді, қызметім.
Әлгі шалды сұрайды кеп,
Әй, тегі
шал сылтау ғой (өйтпегенде қайтеді)

18. Параллель: ақынның куәлігі

Алдар қартты білем бе мен?
Сәл тоқта!
Қалмас үшін жүрек кеуіп, қан тоқтап –
бір кещені алайын сәл қорқытып,
бір дарынға жалпақтап:
Мін тағуға келгенде ылғи жаңадан,
Мың жасағыр, бастығым бір дана адам,
досым – сейф, сыр сақтауға келгенде,
Әйелімнің аузы – кілтті чемодан!
Құпия да көп емес-ау мұнда тым,
Әркім елеп, ардақ тұтса қымбатын
Жетіп жатыр.
Тарлығы жоқ сыншымның,

Жырларымды жатқа айтады күллі ақын.
Көршілерім ғажап жандар.
Байқаған
Жайларымды енді бүкпей айта алам:
Алдар көсе тірілген жан,
Өнерін
бір көрсетіп өлу үшін қайтадан.
Бейіттерден өріп шықса ел – сенем бе?
Сенем, сенем!
Күмән айтпан мен емге.
Тірі – өлсе, сенесің ғой бірінші,
қайтеді екен өлген кісі тірілсе!
“Жаңа!” дейсің ескі ұғымға қамалып,
“ескі” үшін сен жан бересің, жан алып.
Эйнштейн жаңа-лы-ғы-на сендің,
ал, Табиғат өзі ашса ше жаңалық?!
Алдар көсе, міне, соның айғағы;
Сапырғанша сандырақты қайдағы,
Құдіретіне табын Жыр мен Аңыздың,
О, Уақыттың шала шығайбайлары!

Әлхисса, Алдар көсе документ жинайды (жалғасы)

...Кабинетке кідірмеді шал бірақ,
Ізінше тез шықты иіні салбырап.
Мойымайтын ер еді бұл,
қаншама
Шығайбайлар аяғынан шалса да –
Мына жолы тозып шықты үгіліп.
Бар болсаң сен жаһаннамда бір үміт,
Уа, сүйей гөр, бұл адамды құлатпа! –
Бәз қалпынша мылқау дүние бірақ та
Жарымаған не тілге, не құлаққа
Ұлы қартты өтіп жатты айналып,
Ортадағы түбі берік шың-тасты,
Секілденіп орап өтер су-тасқын.
Кабинеттен дауыс шықты:
“Пайда ғып”–
күн көрмек қой,
көрдің бе:
барлығының болғысы бар Айманов!”
“Барлығы” деп батыратын бұл бір ер,
“Кейбіреу” деп кещелігін білдірер.
Өнерді әркім бір мінеді көк тер ғып
ролімен шатыстырып актерді,
“бөріктімен” шатыстырып еркекті
айтылған сөз – үкім болып жер тепті.
Ақыл-ойды шатыстырып қулықпен,
Өтірікпен шатыстырды ертекті.
Саяз жырға қол соғатын кеште мың
талай мәрте үнсіз қалдым –
кешпеді
Сонда-дағы дос-қастарым еш мені;
дана дедім талай мәрте дананы,
бір-ақ мәрте кеще деп ем кещені –
бір-ақ сөзім – жуып кетті сол бәрін,
ақыры өзім кеще ғұрлы болмадым.
Жандырып-ақ айтқаным бар бұл жайды,
Әттең, ондай сөздер есте тұрмайды.
Күншілдік пен сыншылдықты
Күнде шатыстырғандар
алтынды ғой жезбен шатыстырмайды?!
Міне, тірлік осы.
Өнерде – жатты ерлік:
Есек мініп ел соңында қап көрдік, –
Қасым жазды – жүйрік деген ат бердік,
Абай жазды – ақ пейілін дәптер ғып,
ал, сен кімнің ролінде ойнайсың?
Арзан!
Арзан!
Арзан!
Арзан актерлік?!
...Бірақ мұнша тәттілігі тірліктің
қартқа тағы үміт берді бір мықты:
Сол-ақ еді әлгі есікті жапқаны,
тағы да бір табалдырық аттады.
Жабыла кеп жөн айтты жұрт онда оған:
Жүз жағымпаз,
бір дана,
он оңбаған,
мың бір надан,
бірер ғалым,
бір пері –
рас, бұлар ала-құла жұрт еді
бояулары шабысқан шыт құсаған.
Сақал базары емес, жолдас, бұ саған,
Метрика үшін – қағаз жазып, қол қойсын
туғаныңды көзбен көрген үш адам.
Әй, кездесе береді екен адамға-ақ,
айла – бітті, орынында амал қап.
Шайтанды да иландырған еді Алдар
“Сенен бұрын мен туғанмын!” деп алдап,
(Біреу айтты: түк бітпейді шіренсең –
одан да анау қызға қыстыр бір он сом!
Әрі он сом жоқ,
әрі ұқпады мұны Алдар.
Қызыл ондық, – сенің қандай кінәң бар,
Кез келген бір былыққа
араласа қалатын?!
Қане, жақша, қабырға боп жаба тұр!)
Жыры бітпес шайтан құсап мылжыңдап...
тағы кім бар жасайтұғын мың жылдап?
Кім бар?
Кетті лағып сөз-көшкін,
тіл қатпады жаңғырықтан өзге ешкім.
Тағы, тағы қаңғи берді тағы Алдар
тағы, тағы жөн сілтеді адамдар,
тағы да Алдар тас аттады, жол басты,
бір көшелер бір көшеге жалғасты,
ылғи бұрылыс-қалтарыстан құраған
тірлік жолы, қашан да осы, бұралаң:
баспалдақтан – басталады баспалдақ?
бір алаңнан – бір алаң.
Дәме шіркін тіл қатады
Кіре шық,
бір есіктен үміттірек бір есік.


Бірақ бәрі Алдарға елсіз, ай-дала,
бір-ақ сәттен артық аспас пайдаға –
көңіл делбеу көрінеді жай ғана.

19. Параллель: жөнелтілмеген хат

Ләй-ләһа, ләй-ләһа иль-Алла,
о дүниеде жарытпап ең иманға,
Маған тағы бір ғұмырды қиғанда
Жомарттық-ау деп қалып ем,
о баста
таңып қойып өртесең ед ағашқа!
Мен – бөтенмін,
бұтақ сын-ды кесілген
енді қайтып бүр жара алман!
Есіл дем,
есіл ауа – ардақтадым несін мен:
Ұмыт қыпты Алдар деген есімді ел,
не пиғылым, таныс емес, не сүлдем,
Әйелдерге – шашбаулары шешілген,
еркектерге – қалталары тесілген.
Жо–жоқ, бәрі, бәрі, бәрі – жақсы адам,
бәрі өмірін – бала болып бастаған,
Мен сықылды шал боп туған жоқ бірі.
Ал, мен үшін жазаның ең өткірі –
Сөзге иланушылардың тым аздығы,
Қағаз сұрайтын жандардың көптігі.
Содан, содан көңлім – тықыр,
Жарлы – ішім,
сен де – қағаз боп кеттің бе, о, күрзім,
әлде орныңда, баяғыша, бармысың?!
Қағаз-құдай, Мүңкір-Нәңкір!
Үрпиер
Сенен қорқып әлім де жоқ,
бір киер
киім ғана құндақ-ұстап, құрсақтап,
сүйегімді шашылудан жүр сақтап
(Көрдіңіз бе, шалдың, қуын?
Денесіне лайықтап жат-арық,
Қиындыққа аштық қосты апарып!

Көрініп тұр: хат жазудың өзін ол –
Жалақордан үйренгені ап-анық).
Пәнде ашынса – Алласына тіл тиер:
сонда бұ не?
Өмір ме, әлде, иман ба.
Ләй-ләһа, Ләй-ләһа иль Алла,
Мүңкір-Нәңкір асылдығы хақында,
Мұхамбеттің рәсүлдігі хақында,
Сөйлейін бір таңдай, тілім тақылдап,
Мына тілекті бер маған – мақұл ма:
Жібер мені өз заманыма қарай,
Өту қажет бұ заманды да аралай –
асықтырма!
Тұнық түнде су бетінен Ай аулап,
Сені еске алып, жөнелейін жаяулап,
Мүңкір-Нәңкір-тағала!
Қатал ием, бұған бұйрық етпесең,
бөгде заман мазағы боп өт десең,
туғанымды сен көрдің ғой!
Қорлама:
Метрика деген қағаз бер маған!”
Осыдан соң ойға шомды қарт бір сәт,
егер ойды таразыға тарттырсақ
Құс жүні боп ұшар еді қорғасын!
Келесі сәт көтеріп ап зор басын,
Хатты олай-бұлай қарап іркілді,
жыртып-жыртып лақтырмақ боп бір тұрды,
тағы да айнып өз ойынан ол бақыр
бір шайтанмен ақылдаспақ... болды ақыр,
Өйткені, әлгі Мүңкір-Нәңкір – жан ұлы
бір ұртына сиып жүрген бал, уы, –
басқа жұмысқа ауысуы мүмкін ғой,
Не бұл жоқта мүлде түсіп қалуы?
(Бұ да бізден алған тәлім-танымы!)

Әлхисса, Алдар көсе... (соңы)

Сөйтіп, ақыр кезікпеді еш адам
Мың жыл ғұмыр жасаған.
Жаны ышқынып сонда Алдар:
– Жаңсақ шықты уақыт жайлы толғамдар,
Уа, толғандар, болғандар,
айтшы, осы мен бе Алдар?
Уа, қара шың, сен айтшы,
атам – қазақ болғалы
бар едің ғой,
Менің туған кезімді
көрмедің бе сен-дағы? –
Қарт шың сонда қопарылып бірер күн
Күтірлете көтерді де қабағын
Мұзды басын шайқап-шайқап жіберді
– Уа, қара емен, сен сөйлеші,
мың жылғы
көп көріп ең өмір атты мылжыңды,
өткеріп ең талайды
атам – қазақ болғалы
бар едің ғой,
менің туған кезімді
Көрмедің бе сен-дағы?
Кәрі еменнің жапырағы судырап
қысық-көздерін бір ашты да бір жұмды.
Сонсоң ол да басын шайқап қынжылды.
– Уа, Ақ бұлақ, Ақ бұлақ,
Мен көргенде толқындарың шапқылап
жарысушы ед бір-бірінен озғалы –
әлі озбапты! –
Менің туған кезімді,
көрмедің бе сен-дағы?
– Жаңа ғана түсіп едім өрден мен,
Сірә, бұлақ емеспін-ау сен көрген,
Мен – жас толқын,
жаңа арнамын – басқамын,
бұлт-көрпемді жаңа аударып тастадым,
Бұ қарттың да қан-тамыры жүр ысып –
деп толқындар түртіп жатты бір-бірін
Сыңғыр-сыңғыр күлісіп.
– Уа, кәрі аспан, кең дала,
қара бұлттар бұрқ-сарқ еткен долдана
Қалың орман,
Қылаң сағым, алдама –
ендігі бар сүйенерім сен ғана!
деп еді Алдар;
бұлт-таулардан әрі асқан,
қылаң-сағым қара орманмен жарасқан...
Көкшиіп түк тіл қатпады кәрі аспан,
Кең дала да жақ ашқан жоқ, жақ ашқан
Құстар ғана ұшты үркіп
бергі шеткі ағаштан.
– Ей, мұңды аңыз, көкірегімді шерлі еткен,
ей, өлең-жыр, аспан астын тербеткен,
шабытты шақ, қайғы, шаттық, дәме-үміт,
Сен де менің туғанымды көрмеп пе ең?
Сендер де, әлде, болып қатал, жат ұрпақ,
Қалдыңдар ма мына мені жатырқап?!
Кенет... кенет бүтін дүние өзгерді:
Үлде менен бүлде киіп сөз келді,
аңыз шықты омырау-төсін гүл жапқан,
поэзия-ару шықты бір жақтан,
ауруына дару шықты бір жақтан
ертегі-әже кемсең қақты бір жақтан,
Арман, Аңсау, Дәме шықты бір жақтан,
Шабыт, Шаттық және шықты бір жақтан,
Мақал мініп мағна шықты жұмбақтан,
Бақыт күліп тағы да шықты бір жақтан,
Көзін сүзіп мұңлық шықты бір жақтан...
ақырында... Шындық шықты қылжақтан:
“Уай, Арысым!” деп біреуі тіл қатты,
“Уай, Арысым!” деп екеуі тіл қатты,
“Уай, Арысым!” деп барлығы тіл қатты.
“Уай, Арысым!” “Арысым!” деп,
О да енді –
тау, тас, дала жаңғырыға жөнелді:
емен келді қопарылып түбімен,
бұлақ келді күміс-күлкілерімен,
будақ шашын бұрқыратып бұлт келді,
орман шыбық шырқыратып бүктелді,
ақ көбіктер ыршып мініп қой-тасқа,
шақырғандай тағы да бір айқасқа
– қалтарысқа қараңғылау ой тастап
Медеу-сайдан тасқын келді ойқастап.
Жауын келді бұршақ атып, бұрқырап
дауыл келді жер-дүниені жұлқылап –
Соның бәрі құшаққа алды Алдарды...
Шаң аралас қараң етті бір тұмақ.
Жаман үйдің жанжалындай аптығып
дүние ілез тына қалды.
Ақ тымық.
Ертегі-аңыздардан туған ұлы адам
көз көрмеген бір қиырға құлады, ал!
Жо-жоқ, Алдар оралған жоқ молаға,
Көкке де – жоқ,
Жерге де – жоқ,
Ол аға
аңыз болып тарап кетті ауаға!
Ал, ақ көңіл...
ақ көңіл ғой біздің ел,
аңқаулардан – аңқау,
ізгі – ізгіден:
іргелерін көміп жатты тепкілеп:
“бір ғаламат нөсер жүріп өтті” деп.