Жазғы жайлау

Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен,
Білеу-білеу тамырлармен қан тарап;
Жабайы өскен көкшілдеу бір жемістен,
Әже барып алып келді нән табақ.
Бәрі де ұқсас «Сары жайлаудың» сазына,
Аппақ-аппақ гүлге толы түкпір-түп.
Қайыс белді жібісін деп азырақ
Шаруақор жоқ кеткендейін сүт бүркіп.
Қысырақтар сүйіседі шыңғырып,
Қазығынан айналады қай құлын.
Жігіт үшін – қыз жанары тұр күліп,
Кемпір үшін – құтылмайтын қайғы бұл.
Келін – шалт, сондықтан да көбейді
шашылған зат.
Жылағанға сый – таяқ.
Айран ұйытар табақшасы кедейдің
Мұндай күні таптырмайтын итаяқ.
Адамдардың көңілімен астасып,
Көркем бұлақ күлімсірей береді.
Жалаң аяқ тітіркене тас басып,
бала-қыздар батырады шелегін.
Ағаштардың бойын жұлқып тебіскен
білеу-білеу тамырлармен қан тарап:
жаңа піскен қып-қызыл бір жемістен,
тағы біреу алып келді нән табақ.
Қышқыл жусан;
бауырсақтың дәмді исі –
балалардың жадыраған қабағы.
Жарлы байғұс,
Мұрыныңмен қаңғисың,
ауызыңа түсетіні – шамалы.
Кешір, достар!
Ескі сурет осылай,
(ал, күй деген жаңарған да жоқ әлі.)
Көркем десең көне орныңды шошымай
«Сары жайлауды» бір тыңдасаң болады.

Күзгі жайлау

Қайыңның шашы сиреп...
күз боп қапты,
тырна келіп аспанға тізбек тақты.
Жалғыз уыс көк шөпті кәрі саулық
қалың ағаш түбінен іздеп тапты.
Жүдеулікті уақыттың белгісі ғып
Жарлы бала суыққа тоңды үсігіп.
Мұңаяды қайыңдар,
қайтеді енді
төбе-шашын берген соң желге ұшырып.
Ірі жапырақ әр жерді сипай аттап,
Үйріледі қоқтыққа қиқалақтап.
Кедейдің айран ұйытар табақшасы
кеуіп қапты,
бола алмай итаяқ та.
Десең әжем тым жиі ауырады,
тұсау есті ол құрықтың бауын алып.
Шешесінің шекпенін киген жас қыз
етегіне сүрініп ауық,ауық.
Көне сурет– күй сазы!
Таста!
Болар!
Жо-жоқ, бәрі бір кезгі бастамалар.
Сен де самай сиресе – өкпелеме,
әдеті ғой мезгілдің шаштан алар.

1967