Бірінші монолог

Көрген жоқ ем бұл күні
соқырға ұқсас ешкімді,
таяғының тықылы
қай жағымнан естілді?
Көргенім жоқ тал нулы,
үздім бірақ бір түбін.
Көргенім жоқ ауруды
естідім тек ыңқылын.
Ұғыншы, аға, әл келсе,
есер де де кес билік,
сіз көресіз,
ал, мен ше?
Мен тек қана естимін.
Айдың жүзін көргем жоқ, 
Нұр сіңгенін естідім.
Қайғылыны көргем жоқ, 
күрсінгенін естідім.
Махаббат па жердегі?
Көрмегенім бұл менің.
Жастық шақты көрмедім,
естідім тек күлгенін.

Аққан шуақ:
тау қыры,
көл, тас, орман күңіреніп,
кеткені ғой үн болып?
менің үшін барлығы
Табиғат па, көңіл ме,
келтіретін не түрлі үн?
Қосылмасам сол үнге
өлтіретін секілді.

Ұғыншы, аға, әл келсе,
есер де де кес билік.
Сіз көресіз,
ал, мен ше?
Мен тек қана естимін.

Екінші монолог

Ей, ағайын, дүниеде бар екенін анық күн
кіршігі жоқ сендердің күлкілерің танытты.
Көк теңізге көз тігіп қарағанда кешқұрым
рахат бар дегенді – өздеріңнен естідім.
Көркемдік бар дегенді – ғашықтардың тілінен,
еркіндік бар дегенді – ескен желден біліп ем.
Ләззат бар дегенді естіп едім, сезіп ем
диқаншының күрегі, шабыттының сөзінен,
Шын азап бар дегенді тұңғыш рет, түнімен
кірпік қақпай таң күткен төсегімнен біліп ем.
Қасиет бар дегенді – топырақтан естігем,
қасірет бар дегенді – жесірлерден естігем.
Құлшылық бар дегенді – өз басыңнан түсінгем,
шыншылдық бар дегенді – көз жасынан түсінгем –
солай, солай ағайын. Италия мен әкемнен
мен де өзіңдей бос келгем – түгім жоқ-ты әкелген.
Қас батырдың қаны мен жағымпаздың көзінен...
Бәрін, бәрін үйренгем бұл дүниенің өзінен.
Күн болды анық аспанда – бүгін де бар, болады.
Жақсылық бар дүниеде – ертең-дағы болады...
Сезу үшін салмағын – шыдау керек болады,
көру үшін, ал, бәрін – шығу қалды жоғары!

Үшінші монолог

Шындық іздеп келіп ем,
Сөйлеп едім жетіліп,
таппаған соң,
тегі мен
алдым жиып өтірік.
Бешпетімде – бар терім,
өтірік күліп келем ғой.
Шыққаннан соң әйтеуір
құр қайтпайын деген ғой.
Анда бардым – сорым да,
мында келдім – кешіктім.
Шындық гүлдер орынға
өтіріктер өсіпті.
Қол соғылды – өтірік,
көздер күлді – өтірік,
мақтап жатса лепіріп
сенген болдым өтірік.
Желпінемін несіне,
жеңіліспен отырып.
Жеңіп кетсем – өшігер,
Жеңілемін өтірік.
Жо, жоқ!
Бақыт – ұтқанда,
алқындырып өжет дем
арыстанға шыққанда,
таяқ жедім көжектен.
Мұның бәрін
қажетсіз еріккенің ісі деп,
кеттім мен де көжекті
менсінбеген кісі боп.
...Шындық деген асыл, ә?
Асыл ма екен ал осы?
Таптым ақыр басыма
жоқты іздеудің бәлесін!
…Шындық – құдай-қыз дейді,
құдай бар деп жұрт әлі,
таппаған соң іздейді,
тауып алса – құртады.

Төртінші монолог

Айтпай-ақ қой биік деп,
биіктеген кезде мен
Дәл өзіңнен биік боп
Көрінбеуге сөз берем.
Қате – менде, жөн – сенде,
келмейді ойды мол деуге.
Сөз беремін, өлсем де
сенен артық өлмеуге.
Ызаң жүр ғой іш тіреп,
жалықпайық төзуден.
Серт етемін күшті боп
Көрінбеуге өзіңнен.
Көнбесе өмір мұндайға,
көнбегені мақұл-ды.
Серт етемін, болмауға
сенен гөрі ақылды.
Сөз беремін, кемсеңдеп
сөйлейікші сенісіп:
ақымақтыққа келсең де
біріншілік – сенікі.
Жан азабын – жан шегер,
жан жоқ болса – сөз басқа.
Ант етемін, дәл сенен
ғұмыр бойы озбасқа.

Бесінші монолог

Ғұмыр деген оспадар,
өткізер ек аңдыспай,
бір тұяқта тас жанар,
бір тұяқтан шаң да ұшпай.
Бұрынғылар есептеп,
кетіп қапты күбірлеп:
арғымақ пен есектің
жарысқанын ғұмыр деп.
Бұрынғылар есептеп
айтып сапты тағы да:
туған ғой деп есекті
арғымақтың бағына.

Сейтсек ғұмыр – ерке үміт,
бәріне де жетіпті.
Арғымағың мертігіп,
есек озып кетіпті.

Жүйрікпін – деу – болмайды,
(Шабан десең – өзің де).
Айтасың тек ондайды
шаба алмаған кезіңде.

Ал, ұмтылдық!
Қалыспан,
жолды тәңір оңдаса,
Жарысу үшін – жарыспан,
озу үшін болмаса.

1967