Екі иығын көтереді күркіреп,
Шылым сорып жөтеледі күркіреп.
Содан кейін… мұртын сылап қояды:
Осындай ед: «Бөденнидің мұрты», – деп.

Ескі газет етегінен жыртып ап
темекі орап, сөйлейді кеп бұрқырап.
Мақтан еткен мұрты бірақ...
ұқсайтын
Буденныйдан гөрі мысық мұртына.

Жә, қайтеміз мұртын оның,
Мұрт деген
«пәлең» болса, ал, табиғат, құрт менен.
Мұрт пен мұртта айырма бар,
қысқасы,
бірімен де мұрыныңды сүртпе, Өлең!

«Қан майданда атым өліп табанда,
Қиын болды дос өлімі одан да...»
Қартың қанша сөйлегенмен,
Сол күннен
Сұр шинельден өзге белгі жоқ онда.

Аңыз болды-ау талайларға сол майдан,
аңыздардың дәмі қалды таңдайда.
Жарақаты қалды талай денеде,
Әжімдері қалды талай маңдайда.

«Бірде, – дейді, – казарманы күзеттім,
айналаны оқ орып тұр, күзеп тұр.
Ыстық балшық секілденіп жағыма
жарты қадақ қорғасын кеп быж етті».

«Сонда деймін: жағам нағып жанбаған,
Әлі күнге қайран қалам, таң қалам.
Қорғасынды жағыма кеп жабысқан
жұлып алып лақтырдым жалма-жан».

Екі иығын көтереді күркіреп,
Шылым сорып жөтеледі күркіреп.
Үш тал мұртын сипап-сипап қояды:
Осындай ед: «Бөденнидің мұрты», – деп.

Өтетұғын не айырып, не тесіп,
Шын көкпеңбек бет-ау дейсің бет осы.
Шәй ішкендей шып-шып етіп шекесі
Көрсетеді өтіріктің көкесін:

«Бірде, – дейді, – бетпе-бет
                                       кеп алыстым,
Қимылда қол – өзіме айтам: ал, ышқын!
Бірін былай, бірін былай сұлаттым,
бірін былай, бірін былай шаныштым».

«Көз дегенің кетеді екен түк көрмей,
түк көрмейтін көз болад деп күткен бе ой;
ақ мұнар боп кетеді екен айналаң,
ақ түбітті дауыл күні түткендей».

«Айналаның ызың-ызың, бәрі ызың, –
Жас бақсыны өстед деуші ед кәрі жын.
Жау дегеннің – қырылу ғой парызы,
қыру болды – мына менің парызым».

Жанарында: сенді-ау деген тұр үміт,
Қарайтыны содан шығар жылынып.
Қауыпсыз боп көз тастайды: шынында
Жаудың бәрі біткен сын-ды қырылып.

Сауап дерсің мұндай қартқа күлу бір,
Ұмытпаған жөн-ау бірақ білуді:
Өтірікті де растайтын сияқты
Жыртық-жыртық сұр шинелі ілулі.

«Содан, – дейді, – 
                қайттым бір топ мылтықты ап,
Жеңісімді жария етуге ынтық боп.
Жетіп едім өзіміздің ыштапқа,
«аңғалсың-ау», – деді біреу түртіп қап».

«Сонда көрдім: әй, зәлім-ай, әй, зәлім:
жаудың бірі ұшында тұр найзаның.
Ет-қызумен елемеппін,
іштіктен
Өлікті алмау, десеңші сен, қай заңың.

«Бүйірімнен түрткен кісі, тап менің
Оң жағымда қылышын тұр қақ бөліп.
Тани кеттім: Ворошилов екен ол,
Сасып қалып, ұят болды-ау, қап дедім».

Жанарында: сенді-ау деген тұр үміт,
Қарайды өзі қопарыла бұрылып.
Елімізде мұндай ерлер тұрғанда
бітпей ме жау өз-өзінен қырылып?!

Кеудесінде дүбірі бар тұяқтың,
Құлағында сыбыры бар қияқтың,
Мына қартың өтірікті айта-айта,
Өзі соған сеніп кеткен сияқты.

Екі иығын көтереді күркіреп,
Шылым сорып жөтеледі күркіреп.
Үш тал мұртын ұмытпайды есуді,
Осындай ед: «Бөденнидің мұрты», – деп.

1970