Жұрттың бәрі, әрине,
түс көруге ерікті.
Бәйтен соның бәрінен
қызық бір түс көріпті.

Жүріп жатқан пендеше
бастық еді Бәйтенің.
«Басқа қолдан келмесе
Бәйтен болмай қайтеді».

Дейтұғын жел ауыздар,
дей берсін-ау тіл мейлі.
Бірақ осы «жауыздар»
қалжыңдамай жүрмейді.

Қиыстырса күшпенен,
атқаратын айлалы іс
арыз емес түс деген,
болмайды онда байланыс.

Отыр екен түсінде
ошағы боп мансаптың.
Столінің үстінде
телефондар самсап тұр.

Әуелі сәл абдырап,
Креслоға тас-қыңыр
Нығызданып алды да
Кнопканы басты бір.

Ашылды есік, аңқыды
бояу исі жүз түрлі:
топ-толық боп балтыры
секретарша қыз тұрды.

Кейде ұяң, кейде ерсі,
қоя ма қыз меңдемей.
Бәке, Бәке дей бер сен,
Бәкеңің де пенде ғой:

Күлім қағып қарады,
Жымың қағып қарады –
Жұмыр балтыр жаңағы
Сұлуланып барады.

Ыңғай беріп ұққан бір,
бүкпейді қыз сезігін.
Кенет... сұмдық!
Шықты әлгі
Әйелі боп өзінің.

Күлген болды күні үшін,
Әйел бірақ көк-теңбіл:
«Осы екен ғой жұмысың» –
деді-дағы жоқ болды.

Қиыстырса күшпенен,
атқаратын айлалы іс –
арыз емес түс деген,
болмайды онда байланыс:

Кенет...өңсіз, жанарсыз,
Шыққандай көр-моладан,
Рұқсатсыз, хабарсыз
кіріп келді топ адам.

Бәрі ентелей түседі –
Шошын, жүрек, суын, жан:
бірі өлген кісі еді,
бірі жұмыстан қуылған.

Қарар емес бет-жүзге,
Не жоқ екен бұ қартқа!
(Пенсияға жеткізбей
бұ қартты өзі шығартқан).

Есінде жоқ есімі
төнді-ау келіп ұрардай:
үш күн тосып есігін
кеткен біреу кіре алмай.

Бірі басшы... астана...
Кем бе мұның бағы одан –
О, масқара, масқара,
Сол кеп алды жағадан.

Басты кінә тау-зіл боп,
«Мә, мә, – десті, – жауыз жан».
«Жұртты алдайтын аузың» – деп,
қойды бірі ауыздан.

Мұрын болмай мұрын түк,
кесті бірі құлақты.
Бірі шалып сүрінтіп,
бірі теуіп құлатты.

Қиыстырса күшпенен,
атқаратын айлалы іс
арыз емес түс деген,
болмайды онда байланыс:

Жоқ бопты әлгі кісілер,
бір қараса жәй аңдап
Бәкең бақтың ішімен
Келеді екен аяңдап.

Кенет... атып, күркіреп
Шықты бір аң тасадан.
Құйрық жағы түлкі де,
О, сұмдық-ай, басы адам.

Қашты Бәкең зырқырап,
қалды ізіне қақ тұрып.
Жаға-жеңнен жыртып ап
келе жатыр лақтырып.

Жетті-ау, жетті... аһ, өлдім,
бұ қай мазақ-кекесін –
демек еді Бәкең бір:
ұрып алды шекесін.

Кетті оянып, күлкі бұл:
түскендей боп тасқынға,
Жатыр екен бұлқынып
Керуетінің астында.

Басын ұстап ісінген
«Тфу, черт!», – деді өжетсіп.
... Тым болмаса түсінде
бір қорыққанға не жетсін...

1969