Бір кезде күй болды ма, 
                              жыр болды ма, –
Әйтеуір көз саласың бірден бұған:
көненің көзі құсап күңгірттеніп
ілулі бір бұрышта тұр домбыра.

Отырдым біраз байқап қарап, ойлап:
Қақпағын жонған екен қарағайдан.
Бауына қара шашақ тағып біреу,
қойыпты құлағына қара байлап.

Қос құлақ құлай түйген қой ішегіне
ұқсайды егіз үннің емшегіне.
Шегеле ілінген сол домбыраға
беріп ем қолым созып, еңсеріле,

– Шырағым, тимегенің оңды болар,
Жесір ғой, көрмеймісің,
                                 көңлі қалар.
Отырса күйің тасып, –
                                 деді кемпір, –
бұл үйде басқа да бір домбыра бар.

– Бір өлген домбыра ғой, неше өледі, –
Сорлының өзі де тым шешен еді.
Құдайдың қу ағашын қызғанды деп,
Мықтасаң, өкпелерсің шешеңе бұл.

Өзіне өз айтқаны, білдім, батты,
Қабағын кешкі бұлттай кірбің жапты.
Бақадай бүлк-бүлк етті жұтқыншағы,
Иегі дір-дір қақты, дір-дір қақты.

Жан құсап шығаратын ақтық үнін,
Немесе түйілгендей қатты күліп
кәрия отыр,
домбыраға созған қолым
ауаға, сонда аңғардым, қапты ілініп.

Кеп кетті құпиясын сұрап ашқым,
көп болса, түйдім іштен, ұнамаспын.
Діңгектей түбін шапқан дүңк еткізіп:
«иесі қайда, – дедім, – бұл ағаштың».

Мен отырдым, әр демнен мән аңдыған,
ойымды жинай алмай одан-бұдан.
Кірпігін қақты кемпір жыпық-жыпық
жарыққа шыққан жандай қараңғыдан.

– Иесі қайда деме, жоқ деме сен,
Маңдай ма ед табақтайың бет пе десем.
Иесіз домбыраны қашан көрдің,
басқаша айт, шырағым, өкпелесең.

– Аңғырт па ең, ақымақ па ең,
                                     ерке ме едің,
Отырдың етегіңді серпе келіп.
Иесіз болса жаңа шертпес пе едің,
Әрине, шертер едің, өртер едің.

– Жастарда бар ма қазір оңған қылық,
қойды ғой тоқсанымда толғандырып.
Отыз жыл бұдан бұрын иесі болған,
жоқ болса бүгін ие, болған бұрын.

– Отыз жыл бұдан бұрын жалғыз ұлым
Қос ішекке байлап кеткен бар қызығын.
сол ілген орыны осы,
бұл бейбақтың
Күйі де дәл сол күні қалды үзіліп.

– Өзі ұстар деп ем келіп түбінде бір,
Қанша жыл көңіл одан түңілгелі.
«Аманат домбырам» деп,
ақ боз мініп,
ақшамда аттанып ед ұлым менің.

– Қайтеді пәнде байғұс, көнеді ғой,
Көндірем, көндірем деп келеді үрей.
«Майданда батырлықпен өлді» – депті,
Әрине, қорқақтар да өледі ғой.

– Орны боп өшкен күйдің, ар-атақтың,
Осыдан қайғы алдым мен, жара таптым.
Ұл өлді: қара тақтым домбыраға,
келін өлді: тағы да қара тақтым.

– Немерем қолындамын,
ақырғы айғақ:
Ішімде сондағы күй отыр қайнап.
Ісі жоқ немеремнің домбырамен,
Ол, әне, трәктірін жатыр майлап.

– Қу ағаш... соны қорғап күн өтеді,
ішегіне шанды ғана түнетемін.
Ұлымның үрейі ғой мына келген,
Әнеки, естисің бе, дың етеді?!

Әнші едім айтып қалған әр үйде өлең,
Үй болды мынау бірақ зар илеген.
Қарады домбыраға кемпір қатып,
еш дыбыс естімедім, әрине, мен.

Болған соң шашта қырау, сақалда ағым,
«білмеген у ішед» деп мақалдадым.
Түрегеп қоштастым да шығып кеттім
бұдан әрі отыруға бата алмадым.

1970