Соғыс. Боран. Өзге түгіл жылқы үсіп,
Жел мен дала жатып алды жұлқысып.
Бүрді ауылды,
бүрсең қағып бітеуге
қасқыры мен қарақшысы бір түсіп.

Үйір дейтін сол түндері бетке үсік,
Үсіп кетті-ау, үсіп кетті көп кісі.
Пеште жанып үлгіре алмай шөп-шалам
Мұржалардан суырылып кетті ұшып.

Ауыз үйде сондай қара бір түнде
Сиыр тұрды қос бүйірі бүлкілдеп.
Төнді біреу терезеден түнеріп,
Көрді біреу сыртқы есіктің
                                      кілтін кеп.

Қос босаға бүйір құсап солқылдап,
ашты есікті бір жезтырнақ қол тырнап.
Қара пиғыл қара жел боп кірді үйге,
Қара боран ойнады үйде толқын боп.

Қара, қара… бәрі қара боп кетті…
Қара кісі қара сиырды ап кетті.
Қара шүйке – қара сиыр құйрығы
Қара әйелдің уысында қап кетті.

Қара кісі дәл өзіндей бір түнге
сіңіп кетті.
Қара ой қалды кілкілдеп.
Ырсиды есік күле алмаған еріндей,
Жылады әйел өзін-өзі жұлқып жеп.

Тыйылды әйел қара түндей қасарып,
етегінде екі сәби аш, арық.
Жетімдікті қара сиыр көрсетті,
ал, аштықты қара кісі жасады.

Тыйылды әйел,
тыйылды асау боран да,
Қорқытты тек ауыз үй мен қора алдап.
Күндер батып жатты әйнектен қызарып,
түндер өтіп жаты әйнектен қараңдап.

Қараулықтан қайырымдылық шықты асып,
болды ақыры бәрі паңа-ықтасын.
Күнелтті олар: қайырымсыздан сабақ ап,
Қайырымдыдан тостағандап сүт тасып.

Қос сәбиді, сүйеніш боп, медет боп
Өсірді әйел, тірлік етті дедектеп.
Қара кісі келеді деп жылатып,
Жұбататын қара кісі келед деп.

Өтті жылдар қасіретті жеп оймен,
байғұстарды бейшаралар жебеумен.
Ақ жандарды жаралаған өтті жыл,
Өтті жылдар «қара кісі» көбейген.

Қара адамды қара бұлттай түйдек бір
Қара дауыл ұмар-жұмар сүйретті…
Әйелді өмір: қарау пиғыл кісіні
«Қара кісі» деп тануға үйретті.

Біздің жібек топырақ қой мына бұл –
Қара адамдар аттамасын бір адым.
Пиғылынан күдіктенсем біреудің
Сол әйелге көрсеткім кеп тұрады...

1970