ӨРКЕНІ ӨСЕР ӨЛЕҢ

Əбіш КЕКІЛБАЕВ
1982 жыл

Адамзат адамзат атанғалы бері, оған бір елі ажырамас баян ды серік болып келе жатса да, сырын түгел алдыра қойма ған бір жұмбақ дүние – өлең.

Қоңыр шешем қоңыр кешті жамылып,
көзін сулап, қалып еді қамығып.
Қоңыр жолға түсіп едім мін өстіп –
қоңырқай ой маза берер емес түк,
Қоңырайып жатыр алда жол əлі –
кеудем кейде қоңыр жырға толады.
Қазақ қоңыр əнмен бесік тербетіп,
өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.
Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн...
қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.
Қоңыр күзде қоңыр шаруа-күйбеңмен,
қоңсы қонған қоңыр қызға үйленгем.
Қоңыр-қоңыр күй тыңдап ем жасымда,
шешем қалды қоңыр төбе басында.
Қоян жонға қоңыр ымырт түскенде,
қоңырайып отырамын үстелге...

Қазіргі қазақ поэзиясындағы қадау-қадау іргелі суреткерлеріміздің бірінің күллі творчествосына құлақ күй болғандай, осы бір жолдарды оқыған сайын көз алдымызға, неге екенін білмейміз, қызылды-жасылды жəрмеңке келеді. Жыр жəрмеңкесі... біреулер айдай жұрттың алдына шығып ап, кеуделерін төмпештеп, қолдарын сермелеп, өзеурей айқайлап, жұлқынып уағыз айтып, біреулер көз жастарын көл қылып, жылапсықтап мұң шағып, біреулер өткен-кеткеннің омырауына жармасып, тырп еткізбей ұстап ап, тақылдап ақыл айтып, енді біреулер екі иығын жұлып жеп, қарадай жұртқа тиісіп азан-қазан боп жатқан сөз базарында, сол ырду дырдудың біріне де елікпей, өзімен-өзі сатушы екенін де, алушы екенін де аңғартпай, езуіне жымиған жұмсақ күлкі мен түтіндеген ащы папиросты қатар қыстырып, жай басып жайбарақат жүрген бір иман жүзді қоңырқай жігіт келеді.
Оның əлгі жүрісінде, қапелімде кісі қызығардай ештеңе жоқ секілді. Алайда, біраз жұрт айналып-үйіріліп соның төңірегіне жиылып жатыр. Басқа бір ақындардың маңындағы қарақұм нөпірдей бірінің үстіне бірі өрмелеп, өзеуреп өлімін сатпағанмен, оған жұрт біртүрлі ерекше мейірмен, еміреніп қарайтындай.
Өлең деп əншейін жылтырақ сурет, қисынды сөз, лепірме көңіл емес, əлгіндей алаң жүректің ең ділгəр дертіне шипа болардай тұңғиық тұнық сезімнен өрбіген тылсым сыр ғана аталса қажетті. Əдебиет жəрмеңкесі сылдыраған ұйқас пен жалпақ жұрт жаппай білетін жаттанды қисындардан қашан да кенделік көрмепті. Қазір де кенде емес. Ал, жүрегіңе шыны майдай шық ете қалар шынайы жыр қашан да қат. Ондай өлең, əри не, арсы-күрсі аусарлықтан, шашпа-төкпе шайпаулықтан атымен ада.
Қазіргі жұрт тек құжынаған көшелердің даң-дұң шуылынан ғана емес, арзан сөз, даурықпа айқай-ұйқайдан да əбден мезі болған. Олар қолына кітап алғанда ығы-жығы дыр-думанды іздемейді, оңаша сұхбат іздейді. Олар жыр оқығанда одан өзеуреген ақылгөйді, өжеңдеген уағызшыны іздемейді, көкірегіндегіні көлегейлемей мұңдасар сырбаз сырласты, тоқсан тарау дүниенің толғақты гəптарына толғана тебіренер парасатты сұхбаттасты іздейді. Жұмекен Нəжімеденов – осыны мықтап ұғынып, мықтап ұстанып келе жатқан ақынымыз. Оған осы кітаптың қай бетіне, қай жолына үңілсеңіз де, көзіңіз қапысыз жетеді.
Бұл бір томдыққа ақынның «Жоқ, ұмытуға болмайды» атты кітабындағы поэмалары, «Күй кітабы», «Шуақ», «Ашық аспан» жинақтарындағы өлеңдері, əр кезде жазылған балладалары мен толғаулары еніп отыр. Ол шығармалар қай жылдары, қай жанрда жазылсын мейлі, автордың ет-жүрегін еріте тебіренткен етене шындықтан өрбіген. Мəселен, «Келін», «Көзсіз батыр», «Қанды сүт», «Соңғы махаббат» атты төрт поэмаға өзек болған төрт оқиға, төрт тағдырды қайсымыз көріп, қайсымыз бастан кешірмеп едік?! Бірақ, сол гəптарға қайсымыз Жұмекендей тебіреніп, қайсымыз Жұмекендей қапысыз қаныға алыппыз?! Адамзат болмысының соғыстай шеннен шыққан трагедиялық астарын мұншалықты терең жеткізген кемел туындылар біздің əдебиетімізде кемде-кем. Бұл поэмалар – Жұмекен Нəжімеденовтің ақындық тегеурінін əбден танытқан шығармалар.
Ол соғыс тəрізді алапаттың зардабы мен заңсыздығын айту үшін кеңірдекке артық салмақ салып, қаламына баттастыра бояу жағып, күшейем деп күшеніп жатпайды. Соғыстан қал ған төрт беріштің бүгінгі сыздағаны мен сырқырағанын ашар төрт гəпті мөлдіретіп жеткізеді. Төртеуіндегі де құдірет – өмірдің өзіндегідей дəлдік. Төртеуіндегі де құдірет –өзегіңді ойып түсер ащы шындық. Көзбен көріп, қолға ұстатқандай қапысыз дəлдік жан-жүйеңді түгел тебірентер шындықты сомдаса, өмірдің өзіндегідей қалтқысыз шындық мерген атқан мірдің оғындай мүлтіксіз дəлдікті шыңдаған.
Ақын талантының бұл қасиеті кейінгі жылдар жырларында күшейе түспесе бəсеңдемеген. Қуырылған жүгерідей аспанда ақ жұлдыздар ыршып-ыршып кетеді. Бұл – кез келген мұншалық дəл жеткізіп суреттей алмас көрініс.

Жасыл бұта қалқиып құлақ түрді,
бір құлақты жел жұлып лақтырды.
Ақ қайыңның табалап аңқаулығын,
Көгалға аунап көгала бұлақ күлді.

Бұл – кез келген мұншалық дəл ұғындыра алмас сұлулық.

Қойдан құлап өлді ер жігіт,
ал, қорқақ
Жолбарыстың жонын қыстап жүр аман.

Бұл – кез келген мұншалық дəл аңғара қоймайтын өмір шындығы.

Төбелердің көңілі үшін
ғасырлық
Кейде шыңның асқақтығын жасырдық.

Бұл – кезкелген мұншалықты дəл байқап, дəлдеп айтып бере алмайтын ащы ақиқат. Ж.Нəжімеденов өлеңнің құдіреті – сыршылдығында, сыршылдықтың құдіреті – шыншылд