Хан баласы азаптайтын жұртын кіл
тақтылардың ойыны да біртүрлі:
Ойнайтұғын әлдекімге қанжар ұрып – қанатып,
Ол болмаса – бота бауыздап, аң атып.
Қаңқұйлы да болса, әрине, хан ұлы,
Хан ұлын ел қасиет қып таныды!
Жүйрік мінді ол – ер үстінде толқыды...
Бір күні аңға кетіп еді,
Ол күні
Оралмады;
Ордада таң атпады,
Үшінші күн батты – бала жоқ тағы
Төртінші күн – көкжиектен аттады,
бесінші күн – халық болып жоқтады,
алтыншы күн – әскер де іздеп таппады.
Сонда әке-хан
«алдиярлап» сызып жүрген көлеңкедей көмескі
уәзірлердің ой-пиғылы деп ескі –
Жалғыз ғана жендетімен кеңесті
(Ханның бәрі – қатал, бірақ
бәрі ақымақ емес-ті).
Сонсоң халқын жинады да ол кенет,
Жанарында сұйық жалын дөңгелеп:
– Жарлық екі болмасын,–
Кім естіртсе жаманатты, дәл соның
Көмейіне құям, деді, қорғасын!
Бұдан қорқып жаманатты кімде-кім
айтпай қойса – менің ұлы міндетім:
Жалғызыма іздеттіріп аңды алыс,
Сарай салтын аттағаның үшін де,
таппағаның үшін қызық, алданыш,
Мынау аппақ ордалардың ішінде,
Жұртым, өзің ардақтаған
есімдерін ауызға ап,
Жүз ұлың мен жүз қызыңды өлтіремін бауыздап –
Осы менің ойыма алған жұмысым,
үш күн мәулет берем, деді, бұл үшін.

***
Көңілі – көркем, беті отты
ел еді бұл етекті –
арасында қалды сол ел екі оттың:
былай барса – қорғасынның азабы,
былай барса – екі жүз жас қыршын жанның ажалы,
Қай пейлінен тапты бұл ел жазаны?
Ақылдылар осыны ойлап азады,
аузына ие болды ақымақ,
ғажабы:
жай күндері жүретұғын соқтығып
балгерлер мен тәуіптердің жоқ бірі.
Жел де тынды
Тына қалды шөп-тағы;
бұлақ-тағы бір бүлк етіп тоқтады.

***
Хабар күтті ел.
Ең алдымен Хан күтті,
Жендетіне жұрттың аузын аңдытты.
Жендет – нағыз жендет еді, алайда
дүйім жұрттың аузын бағу оңай ма –
тың тыңдады ол желіп жүріп тепеңдеп,
Әлдебіреу сыбыр етер ме екен деп.
Бәрі тыныш.
Естілмейді түк дыбыс;
екінші күні өтті осымен тып-тыныш,
үшінші күн деген күні, бір кісі
Келетінін айтты ханға кіргісі;
«Неге?» деген сұрақ толы көзге көп
Қарады да оқшауырақ, өзгерек,
Көпшілікке қарады да аларып:
«айтам,– деді ол, хан – ұлының хабарын»
Сол-ақ екен иықтардан бір сұмдық
Жүк түскендей,
ел жеңілдей күрсінді,
Қайғылы еді – өзгерді ел,
Нұр көрінді ырза болған көздерден,
Үміт құсап әлдебіреу жалғаған
Ханға кіріп кетті батыл әлгі адам,
алып өтті ажалға асық өр басын,
көмейіне құйдырғалы қорғасын.
Көпшілік бір тыныс алды, не керек,
ешкім бірақ аяған жоқ оны елеп,
Ойлаған да жан болмады, аяғы:
Шаруа жайын соғып кетті баяғы.

***
– Бол, айт! – деді оқыс бұрып хан бетін,
– Бол, айт! – деді жаңғырығып әлдекім,
Дайын екен бітіруге бұл істі –
Жендет дереу қорғасынды балқытуға кірісті.
Келген адам тіл қатпады біріне,
тек еденге отыра ғап жүгіне,
терең етіп бір күрсінді болдыра;
Сонсоң сайрап жүре берді қолындағы домбыра:
Жар құлап бір терең суды толқындырған тәрізді,
арғымақты құмға салып алқындырған тәрізді,
бір сұрапыл басталды да кетті енді
Сеңі жүрген ұлы өзендей көктемгі –
Дыбыс па, әлде, көрініс пе?
Кім білген,
тек әлдекім әлденені бүлдірген,
белгісіз бір аласапыран кезікті,
Әрбір шектің «ың» еткені сезікті,
Әр перненің үстіндегі үн күдікті,
Әр дыбысқа мың бір «бәле» ілікті...
Хан сұрланып сес қылды,
Ханға қарап қаны қашқан кескін кіл –
Күй тыңдайтын көңілі жоқ ешкімнің
Бірақ, кенет, жел жүгірді мысық құсап
май-табан,
бұлақ толқып жүре берді қайтадан,
шөп қалтырап түрегелді қайтадан –
Соққан сын-ды жүрегі елдің қайтадан!
Хан қарайып орынынан тұрды атып,
Қанды көзін қасіреттің дауылымен құрғатып,
айқай салар секілді еді... бірақ та
еміс қана естілер ғып құлаққа:
– Құлан тапап өлтірді ме? – деп сұрады ақырын, –
бастап еді жаман ырым, жат ырым,
Мен тарттым-ау бар күйікті оның астам бейлі үшін,
ымыртта ма? «Құлан қағы» деймісің?
тым соқтықпа болып еді, тым ұшпа,
Кім біледі, хақтың ісі дұрыс та –
деп күбірлей түсті-дағы ол, кенет,
қанды көзі шықты қайта дөңгелеп,
бір қарап ед домбыраға тесіле,
өзінің кім екендігі түсті кенет есіне –
айқай салды:
– Жарлық екі болмасын,
қайда әлгі балқып тұрған қорғасын?
Деуші едім мен (дұрыс шықты болжауым):
«Өлімімді кім естіртсе – сол жауым»,
Жауым, міне, анықталды, ол мына
бейтаныстың қолындағы домбыра –
Әмір етем: жендеттерім, жиыл бар,
Қорғасынды домбыраның көмейіне құйыңдар!
(біліп айтса есті қарттар кешегі:
домбыраның төсіндегі ойық содан деседі)
– Халқым, – деді қасіретті хан сонда, –
Мен де ұлың ем, бүгін ханың болсам да,
Хан қаһарлы – қайғы билеп жеңсе мұң,
жетіскеннен емес мына теңселу,
Ниет еткенде ұл-қызыңды қыруға
Өнеріңді ескермеппін мен сенің!
Даналық па, әлде арамдық айла-амал
Қос ішекпен семсерлерді байлаған?
Түк ұқпаппын ақ ордада отырып
Қорқақтар мен жағымпаздар жайлаған.
Соттасаң да тыңдап алшы, тоқташы,
Орда десем – екен ғой бұл от басы!
Маңайыма топтап жиып алыппын
Халық емес, азған тобын халықтың.
Нақ солардың қылығына қарап мен,
әлі туған жоқ-ау деп ем талапты ер –
Жаңылыппын.
Сезгем ұлым өлгенін,
Қаһарлансам – сол болатын көнгенім,
Әрі, біреу шығар бәлкім,
соны елім
туды ма екен – сынайыншы деп едім,
Түстім, міне, сынға өзім.
Хан тағына мұрагер бар демесем
ұмытыппын тұрғаныңды сен есен.
Құйсам – құйдым қу ағашқа қорғасын,
Өнеріңнің көмекейі емес ол.
Мына жігіт жеңді мені!
Қатты аяп
Қорғады елін бір ауыз сөз қатпай-ақ.
Мұндай күйші тудыруға жеткенде ел
көңіліңнен – мұң,
Шаншу кетер өкпеңнен.
Алғыс саған, қасиетті азамат,
Хан да күйге түсінеді деп келген! –
Қаһарлы хан болат құсап бір сынды,
Кәрі адаммын, ғұмырым бар кемді-күн,
тері көрік секілденіп күрсінді:
– Тілегім бар! – деді сонсоң, – мен бүгін
болсын бұл да өзімсіну – базына,
Меп үшін тым болса да үлкен қазына,
Мына ордада ойнап жатқан аңдыспақ
Күйшіні мен тұра алмаспын мәңгі ұстап,
кешірімсіз қарау үшін өзіңе,
Жүру үшін ерлер барын сезіне –
Күйшіңді бер бір-ақ айға жылына,
басқа кезде берем, халқым, өзіңе.

***
Расында күй ме Ханды жібіткен,
Әлде күйді мойындатқан жігіт пе?
Астамшылық мінезімен қанқұйлы
мойындамай қойғанда ше хан күйді?
Ал, егер де түсінбесе қайтер ең?
Қабыр – қара,
топырақ – мылқау,
сай – терең,
Күйшіні аяп көметіндер табылар.
Халыққа не?
Шаруасы бар, бағы бар,
ауызы бар: «мен емес» деп арылар.
Әдетімен қашанғы
Өлтіріп ап сағынар.
Өнерпаздар, қанша тула, алабұрт –
Қызғаныш деп аталады,
Көкейлерге түсетұғын ала құрт:
Хан – қызғанды түсінгені сондықтан,
Сүйеді ғой қызғанғанын ғана жұрт;
Сондықтан да күйші жеңді.
Хан анық
Қуат сезді және бір
жатып қалған қамалып.
Сол қуаттан қорықты ол,
Қорқу да
билігі бар адам үшін Даналық!
Даналықпен қызғанса ғой өнерді...
Өнер – Өнер дегенмен
тап осылай қорықса ғой өнерден!
Бар тұрғанда өнер, билік, обал, ар
«Қорқақтың» да ісі – дастан бола алар.
Әсіресе бір қорқуы естінің,
біле-білсең, мың ерлікке бара-бар!..

1980