Жырым менің!
Қасқа шыңды жарып ақ,
ашыққа шық,
ал, аңырат, аңырат!
Көбік-жалды айналайын арғымақ,
Қарауытқан жартастардан қарғып ақ!
Ескі ұғымнан әркім мүлгіп құптарлық,
Эпостардың тасасынан шық қарғып,
Уйтменнің балға-төсін көпір ғып,
ескі дәстүр арнасынан өт ырғып,
Ұйқастардың құрсауын сөк бұлқынып,
буындардың белін сындыр ұмтылып! –
Деп ем...
Жырым – жықпыл кезді түртініп;
екпінімен бұза алмады ырғақты,
Дәстүр атты дәу алдында дір қақты.
Арғымағым шаппаған соң дүбірлеп,
Жайылып жүр қойшы мінер тұғыр боп;
Құла жалды тай-толқынның тобы әлгі
Құтыра алмай құмға сіңіп жоғалды.
Құлын-ойым қыпың қағып кірпігі,
Мақал-биені еміп тұрды бір күні.
Тумаған соң арна болып қасқайып
Қаттысың деп тақтым шың мен тасқа айып.
Мынау сыбдыр, жырым, сенің үнің бе? –
Жасыл майса, тым құрса, сен дірілде.
Бұтаны да жыға алмаған жырларым,
Жылтырайды жыра-сайдың түбінде.

1980