Ей, бауырым, өзім жәйлі, мен жәйлі
Тағы да бір жыр жазбасам болмайды.
Өзімшілдік дейсің бе әлде ондайды?
Жоқ, ағайын, мұның миға қонбайды…

Біраз айттым асқар Алатау жәйлі,
Көңіл шыңы көктің бұлтын аулайды.
Тау суреті жанарымда аунайды,
Сол таулар да дәл өзімнен аумайды!

Мен өзіңмен бір белеңде көктеген
Шыбық едім, әлі толған жоқ денем.
Дей алмаймын қарық қылам, көп берем,
Бойымдағы азын-аулақ отпенен.

Өтіп жатыр ақылды күн, аужар күн,
Өз есемді – тек өзімнен даулармын.

Кейде ойларым тасқа тайып жүрді ақсап,
Айта алмадым тіс батырып, тырнақ сап.
Толқындағы қайық ем мен – бұл жақсы-ақ:
Қағып алды бір мақсаттан бір мақсат...

1963