Поезд… поезд… жылдамдық еді қандай,
Көкжиекке біз қазір соғылардай.

Терезеден мөлдіреп қарай-қарай,
Талай қырды қалыппыз абайламай
Арал-теңіз дей ме анау ағарғанды,
Көкжиекке сүйелген шар айнадай.

Құбылады жер байғус не түрге еніп,
Әр төбеге бір бояу отыр қонып.
Бағаналар желгіштеп қарсы жүрді
Кәдімгі келер күндер секілденіп.

Тез жүреді бұл поезд, тез жүреді,
Нені көрсе – соны тек көз біледі.
Екі шегін бұл жерге домбыраның
Рельс қып тартыпты мезгіл өзі.

Поезд, поезд бояулап қалды бірде,
Баяулама, дөңгелек, ал дүбірле!
Өткен күннен келеміз тым асығыс,
Өйткені біз барамыз алғы күнге!

1963