Аспан жаққа шақырады мені өлең,
Шақырады аспан төніп тұрып төбеден.
О, жұлдыздар, алыс едің сен неткен,
О, жұлдыздар, жақын едің не деген!
Тамшы терді сығып алып денеден,
Жұлдыз қылып жағайыншы деген ем...
Оу, көк аспан тесіліпті-ау тегенең,
Тегенеңде құюлы екен көп өлең.
Сол аспаннан албырт сәуле себелеп
Жер төсіне құлап жатыр не керек!
Сол сәуле боп дүниені кездік біз.
Сол жұлдызбен жерімізді шегелеп!
Маужырап тұр, тыныш-ақ қой түн біздің,
Тыныштықты осы түнге мінгіздім.
Жалғыз ғана… есіледі жыр жолы,
Сәулесімен араласып жүлдыздың.
Әр тірліктің түні мынау, күндізі –
Әр тірліктің жұлдыз болып күлді ізі.
Жұлдыз көп қой, жұлдыз көп қой аспанда,
Одан да көп біздің жердің жұлдызы!

1963