… Келеді өмір әрі ұқтырып, әрі үғып,
Ұқтырудың, ұғудың да бәрі – үміт.
Күлу менен қуану жас мәңгіге,
Қайдан келсін біздің жерге кәрілік!

Ей, жастық шақ, күйіңді әкел, үйіп-төк,
Ән мен күйді тұр ғой анау сүйіп көк.
Алатауға тағы... тағы қарайын,
Көңіл, шіркін, қалсыншы бір биіктеп!..

Бір өзіңнің маңдайшаңа қонып Ай,
Жұлдыздарды қалдың кейде танымай.
Кейбір көздің күлкісіне сенесің,
Сенгішсің ғой, сенгішсің ғой, көңіл-ай!

Қызығым көп, басым жалғыз болса да;
(Жалғыз болсаң екеуді де мол сана?)
Аппақсың-ау, тым аппақсың, көңілім,
Өйткені сен кірлегішсің соншама.

1963