Төрт қабырға… қос терезе… сырлы еден...
Қос көлеңке түсіреді бір денем.
Бақылап тұр көлеңкемнің қимылын
Төрт қабырға… қос терезе, сырлы еден.
Екі төсек бір бұрышта…
ал анау
Керек екен шкафты да бағалау.
Тау-тау болып кітап жатыр үйілген,
Бұдан өзге түк көрмедің бе үйімнен?...
Жо-жоқ! Жалған!
Өсек айтпа ей, досым,
Сен қоя тұр, менің тілім сөйлесін.
Өзің айтшы, осы үйдің әр бұрышынан
Көрмедің бе қанағаттың бейнесін?!
Айтып ең ғой кейде мақтау, кейде сын
Сәбиімнің көріп тұрып жейдесін.
Неғып қана көрмедің, дос, осы үйден
Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін!...
Саусағымнан дағы өшпесе сияның
Күн нұрындай қуат табар қиялым.
Қанағатты жіберем де қарынға,
Күннің нұрын жүрегіме құямын.
Терезеден түсіп жатыр Күн үйге,
Осы Күн мен Мен тұрамын бұл үйде.
Кең бе үйім, тар ма үйім – бәрі бір,
Қос терезе аямайды жарығын…
1963