Майдан.
Балшық.
Сұп-сұр жер
Табанынан солқылдатып сорады –
Тоңған солдат...
Шешіп алып шинелін
Винтовканың затворын орады.
Қара түтін жұтып жатты көкжиек,
Бұлттарды айдап үлгермеді жел-дағы.
Жағы үрпиіп дір-дір қақты Жер жүдеп –
Батты ма оған бір ұлының тоңғаны?
Бөбегіндей бейне бір
Солдат отыр винтовкасын құрғатып.
Винтовканың кейін тепкен серпіні
Ата-Жердің иығына тұр батып.
Атты солдат өз жауын,
Лақтырды ол өшпендіктен от көсіп.
Өзі-дағы қалмады аман –
Ана сүйген сол маңдайды оқ тесіп.
Сонда бірақ құламады ол, төкті есіл
Қара шашын қара жердің қойнына.
Туған жерге мәңгі тіреп өкшесін,
Артты даңқын мрамордың мойнына…
1963