Бесікте – Ана, бесікте – бөбек,
Бірі тербеледі, бірі тербетеді.
Бал-бөбек былдыр, өсіп те келед,
Анаға жалғыз сол жетеді.

Ана, Ана, қайран ана!
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,
Нұр себеді аналардың кірпігі
Ұйқыға да ояуға.
Дайын тұр ол біреу үшін жылауға,
Дайын тұр ол аяуға.

Тербейді Ана қуанышты, бақытты,
Тербейді Ана – аналық өз намысын.
Тербейді Ана уақытты;
Барлық әлем – бір-ақ бесік Ана үшін.
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетед ол өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –
Планетаның глобусы сияқты...

1963