Көктем. Аула. Боразда –
Ұқсайды бір шимайланған қағазға.
Шал қолында темір күрек кәдімгі,
Кәдімгі шал бұл өзі.
Жалғыз міні – ұнатады әзілді,
Әзілқойлау мінезі.
Сол әзілмен ұқтырады өзін ол,
Жүзі ескі, жаны бірақ су жаңа.
Сәл қысыңқы көзімен
Қарағаны керемет-ау қулана.
Ең әуелі ашайықшы жыр басын,
Еңбек деген суытпайды денені.
Кәрілік те – әлсіздік қой, құрдасым,
Бұл – жастық пен қайсарлықтың өлеңі!
Шал маңдайы – боразда,
Жер шарына ұқсайды оның басы да.
Бидай емес, маңдай терін себердей
Мынау бораздасына.
Айтсам егер мен шынын:
Секілденді бәрі соның меншігі.
Дәл сонікі Аспан, Жер,
Жердікі ғой өзі де.
Шып-шып етіп әжімдерден асқан тер
Жылғаланып құйылады көзіне.
Өзінікі әжім де,
Өзінікі тер-дағы.
Сондықтан да бұл шалдың
Асықпайды әзірге
Тер сүртуге қолдары.
Өзінікі көктем де,
Өзінікі дала бұл.
Шын қиналып кеткенде
Бір шытады қабағын.
Бұдан басқа қарсылығы жоқ оның
Тағдырға да, қолына.
Мынау кәрі дененің
Қуаты осы-ақ болды ма?!
Жо, жоқ мықты бұ шалың,
Қарсыласса жеңеді ғой бәрін де.
Еңбегіне – махаббатына өзінің
Қарсылығы жоқ, әрине.
* * *
Соғыс жұтқан өз ұлын
Сонау жылы көктемде.
Өзіне тастап төзімін
Тағдыр мазақ еткен бе?
Кемпірі де жоқ оның, –
Өзі айтады: «тозақта».
Мынау кәрі дененің
Жартысы да со жақта.
Қайсарлық бойға жамалды
Қайғылы талай түн қорлап.
Өлмейтұғын адамды
Өлтіре алар кім зорлап!
Шал осылай жүр тірі,
Сол күндерге кекті о да.
Оның кепкен кірпігін
Тер жуады тек қана.
Демал десең бір көнбей
Жер өңдейді Қобылан.
Кегін алып жүргендей
Күрегі мен қолынан.
Ол – жалғызбас. Жер қазып
Кімге тамақ әзірлер?
«Жинап жүрмін көрге азық», –
Деп кейде өзін әзілдер.
Қу бұтақтай тамыры,
Сары жапырақ – кеудесі...
О, тағдырдың әмірі,
Мықтымысың сен де осы?
Шал мықты ма әлде бұл
Ертеңге озған Бүгіннен,
Кәрі демін – дәрменін
Топырағына сіңірген?!
Шал маңдайы – боразда,
Жер маңдайы – боразда.
Боразда мен боразда
Қалай сыйсын қағазға?!
Көзіме де сыймады,
Көңіліме де сыймады…
Бұл – ғажап жан,
таппайды ол еш тыным,
Мейлің ая, күл мейлің.
Тартады оны еңбек деген махаббат,
Ал махаббат әлсіреуді білмейді.
Махаббат барда – Адам өлмес, Адам бар.
Сенбесеңдер, осы шалға қараңдар!..
1963