Бірінші өлең
Иегін тау сүйеп Жиекке
Үмітін тұр артып.
Тағы бір ғажайып түн өтті –
Тек қана үлгердім құмартып.
Тағы бір таң атты арайлы,
Бір шаттық сезінем.
Көк аспан әйнектен қарайды
Қызыл күн көзімен.
Кешегі жырым ба – бұл жырым,
Кешегі ойым ба – масқара-ау!
Мына таң өзгеше сайратып бұлбұлын
Ұялтып тастады-ау!
Алатау оянды жаңғыра,
Мың түрлі құбылтып бір үнді.
Бұйырды, бұйырды таң мына
Төсекті тезірек жиюды...
Екінші өлең
Аймалап бір асқақ ән шыңды,
Сайларда барады күй ағып,
Дүние ақ нұрға малшынды,
Көздер тұр ұялып.
Алқынған кеуделер – жан майдан,
Еңбекті бақыт деп жүр атап.
Ащы тер құйылса маңдайдан
Тұп-тұщы рақат.
Рақат, мына жер үстінде
Сенім көп Қол менен Кеудеге.
Кеудем бар! Құдірет-күш кімде,
Шынымен менде ме?!
О, онда сене бер! Біл тағы
Қымбаттың бәріне бағамын.
Ал, бірақ сөгілсе Дүние ұлтаны
Өзімді шеге ғып қағамын!
Үшінші өлең
Секундтар қуалап бір-бірін,
Толқын боп соғады жарына.
Тыңдасам бұлақтың сылдырын
Қуанам құлақтың барына.
Мезгілдің қысы не, күзі не,
Шілденің лебі ессе өлеңнен.
Алдағы күндердің жүзінен
Күлкімді көруге келем мен!
Жүрегім шаттыққа бұрылды.
Кеудеме көрген жоқ сыз өтіп,
Осыдан бір сағат бұрынғы
Отырмын қатемді түзетіп.
Басымда бар білем ой анық,
Әр минут әлінше қатады үн...
Таң ата бала боп оянып,
Күн бата шал болып жатамын.
Төртінші өлең
Қағылар қабақтар, кірпіктер...
Уақыт көзінде ойнасын.
Оу, аспан, бұлтыңды жыртып бер
Нәзіктік орамал байласын.
Көңілдер күлкіге бір қансын,
Мейірім – ол ана.
Ел болып елу жыл тұрған соң
Өткенді ұмытпай бола ма.
Ей, жастык, қызық тап, таныс тап,
Өзіңді өзгеге мақұлдат.
Біреуден барасың алыстап,
Біреуге жақындап.
Сағаттар, соға бер!
Біз де есе
Жіберген жоқпыз ғой, жоқ әлі.
Бұл күннен бізді кім іздесе,
Келер күн төрінен табады.
Соқ, сағат!
Ұш, қиял!
Ой, ізден!
Арқамда ауыр жүк – сын бәрі.
Келемін Дыбыстық поезбен,
Рельс – телеграф сымдары.
Үн шықты ауадан, дірілден,
Ғасырды түсіндім.
Мына көп жұлдыздың бірін мен
Жарыма сырға ғып ұсындым!..
Минуттар, өте ғой, жарайды
Бізге аян бар сырың… бір сырың:
Секундтар саусағы санайды
Жүректер дүрсілін.
Бесінші өлең
Ұнайды-ау, Алатау, тұрысың,
Ұнайды кеңдігің, далам-ай,
Тек қана өнбейді жүрісім,
Неге олай!
Тезірек соқ, жүрек, дүрсілің
Шындық боп шынықсын тілімде,
Ертең мен бүрсүгін
Айналсын бүгінге.
Кеш қалдым, бабама тарттым да,
Өзіме сол керек!
Көкжиек жасаурап жатты алда,
Сұлудың көзіндей дөңгелеп.
Мені алыс мегзейсің бүгін сен,
О дала, әнімді қайталай.
Алатау сүйейді, сүрінсем
Байқамай.
Тұтанып келем мен – білемін,
Кеудемде керіліп жатпайды үн.
Сен қанша тез соқсаң, жүрегім,
Мен сонша аттаймын!
1963