Қыр маңдайын сүйіп тұр
мұнар деген бір елес.
Шыққаныңша биіктік,
шыққан соң не?
Түк емес.
 

Қартаясың,
көнбе сен
ал өс деген үгітке,
ақ шаштарға сенбесең
бір биікке шығып көр.

Сүйт.
Биікке барма аса,
ұмтылғанның тарт қолын,
шыңға қара шанбасаң,
биік болу – қарт болу.

Биік болу – жаза бір,
қар жамылып,
мұз басып
жатысу ғой сазарып,
кетісу ғой сыздасып.

Бұлақ емес,
су ақты
көгал тамаша бүгін.
Хан жайлау сияқты
қайран аласалығым.

1967, 1982