Сенде туған, ей дала, жас балалар,
аман болсын қорлықтан, масқарадан.
Өңменімен өзіңді сүйген жігіт
пәтер алсын, тым құрса, астанадан.
Қумас үшін тағы да сағымыңды,
шертпес үшін бір күйді тағы мұңды.
дарынсыздар қайын ата тапсын мықты,
дарындылар үйренсін жағынуды.
Жазу кем бе, әйтеуір, күту кем бе,
кемшіліктен емеспіз, шүкір, кенде.
Бір жаманды бір әйел туа салса,
дала, саған ұқсайды ол түкіргенге.
Бұл сөздерді бәз біреу десе де ерсі:
өсірерсің жақсыңды, еселерсің;
жырлай берсін ақындар, жырлай берсін,
өсе берсін достарым, өсе берсін.
1967, 1982