Бітті, бітті біраз бедел түсіріп,
түйсіксіздік – жанның арам ісігі,
ол да кейде алаңқы боп,
қинайды
біреу тым «кем», біреу «артық» түсініп.
Тауық сын-ды бір үйретсе қыт-қытқа
қалмайды екен, алдайды екен жұрт мықтап:
жыр жазып ем – бір танысым ұялтты
«Статьяңды оқыдық» – деп, «құттықтап».
Өнерге үлкен талап бар ғой,
асылы
барлық талап – талап емес,
осыны ұқ.
Құрекеңнің «Кішкентайын» шертсең сен,
жігіттер бар: «Жібер, – дейтін, – қосылып».
Рас, жан көп алатұғын ұғына,
ой тоқтатар әр теңеудің ығына.
Ал, кейбіреу қарайды екен алдымен
мұқабаңның қатты-жұмсақтығына.
Бұлай айту ащылау ма?
Сен өйтіп
аз нәрсені жазба дейсің кеңейтіп.
Сені кей жан бұлдар, бірақ, біліп қой,
кітап құнын тиражына көбейтіп.
Қанша байтақ болғанымен,
тапшы әлем
Өлшегенге мұқабамен, ақшамен.
Салмағың, шын, қатырмамен өлшенді,
сатылмайтын өнер жасай бастап ең ..
Жүрсің, әйтеу, айналайын түсінік,
біреуді ит қып, біреулерді кісі ғып...

1967