Тым ащы айтсам, кейіме,
ісінбей кет.
Тым тәтті айтсам мән берме,
түсінбей кет.
Тәтті сөзден – ақыл, ой ауырады,
тәтті жеген сәбидің тісіндей боп.
Тек тәтті сөз емес қой сүйікті етер,
бәрін тәтті айта алман иіп бекер.
Тәттіге ылғи үйренсе таңдай байғұс,
ащы татып бір күні күйіп кетер.
Пәк көңілге,
бет-жүзге қарамай түк,
ащы сөзді кейде мен қалам айтып.
Кезің болсын ол сенің ащы аңсаған,
кезің болсын тәттіні қаламайтын.
Өкпелеме,
мен емен «таза» жендет,
тұзды сөзбен ойым жоқ жаза бермек.
Асыл жанның өзі – бір жарақат,
жарақатты ащымен жазады емдеп.
1967