Қиянат пен қызығудың арасы
қас қағым жер, қызым, ойлап қарашы:
көбелектің қанаты әсем соншама,
жақсы сезім қызыққаның сен соған,
әттең, соны қырқып алу – қиянат.
Көкейіңе осы бастан ұялат –
уақыт даңқын – сәт шығарған қас-қағым...
тірі жан ғой, тірі жан ғой, түсінсең,
қанатының сұлулығы үшін сен
көбелекті мүгедек қып тастадың.
Гүл жақсысын таңдап жұлып жүр бір дос,
Не істетпеді сұлулыққа құмарлық!..
Құмарлықтан, қызығудан шығардық
адамдардың табиғатын тәңіріне де білдірмес.
Қанаттыда – басқа қайғы, басқа мұң,
сол мұңлықты қорладың сен, қарашы,
қиянат пен құмарлықтың арасы
міне, содан қас қағым.
Екіншілей, қызым, бұлай ойнама,
сұлулыққа қызыққандар бүйтпейді;
ал, қызықпай өткендерді – ит дейді,
мұным – ақыл айту емес жай ғана
Қанаттының киесінен қашпасаң,
сен бақытты бола алмайсың ешқашан!
Бұлбұлда да қанат бар,
шыбында да қанат бар –
түсінсең-ау сен әттең,
қанаттардың барлығын да Жаратқан
жаратса егер – жаратқан ғой талаптан!
Көбелектің қырқып алып қанатын,
аяп тірі қалдырғанша, сен оның
қанаты емес, мойнын жұлсаң – жөн еді,
бастан кейде қанат қымбат себебі.
Ұшамын деп талпынғанның бәріне
тағдыр қанат берген емес, әрине.
Әйткенімен талпынғанның шығатын
тауы биік,
бақыты артық бір атым.
Сыйлап үйрен талаптыныц мұратын,
қанаттының зор мұратын сұрапыл.
Көзіңмен іш, сұлулықтың іш балын,
сезіммен іш,
қарын бірақ дұшпаның.
Көбелектің қанатына кырқып қызықпа, жаным,
қызықтасаң жарамай ма ұшқанын?!

1983