Партиялық поэзия сөйлейді. 
                          Хамит Ерғалиев

Төбе басқа, деседі ғой, тау басқа,
таулар жайлы толғадым мен әу баста.
Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ
екпінім де секілді еді қаттырақ.
Бертін келе төбені де жыр еттім,
жырым одан төмендеген жоқ бірақ.
Дару алған алғыс, тілек, батадан,
бояуларым ашық түсті, ақ-адал.
Жұрт айтқандай, «бұғып» жатқан жоқ түгім,
бар айыбым: бояуымның көп түрі,
ойларымның биігірек шоқтығы.
Тірлік еттім адал ойлап, ақ аттап:
иі қанған идеалды мадақтап,
қайырымды, кісілікті мадақтап,
коммунистік түсінікті мадақтап
келем, келем,
өлең деген сан-қилы:
кейбірінен құмның исі аңқиды,
кей сөзімнен мұңның исі аңқиды;
кей жолымнан шық исі аңқиды,
кей ойымнан жөргек исі аңқиды –
пәктігі сол ақыл-жүрек-пиғылдың.
Пәк сезімді ән жасадым, күй ғылдым,
қара тасқа қызу құйдым, тер төгіп,
алақаным жүред содан өртеніп.
Канал тарттым әжімінен ананың,
балалардың күлкісінен шолпы өріп.
Ақ бұлақты ақық еттім көмкеріп,
көк аспанды шатыр еттім төңкеріп.
Үміттенгіш,
сенгіш,
ыстық әрі әппақ
жүрегімнен сөз суырам сабақтап.
Ойымды – ойлап,
қағазымды парақтап
жүріп жатқан жайым бар, дос, далақтап.
Күнге үш мезгіл:
таңертең, түс, кеште мен
барлық, барлық жарамсақ пен кещеден
сақтаңдар деп тілек етем
бауыр, достан, таныстан,
тілек етем тағдырдан
күнге үш мезгіл нан ұстап.
Сонсоң, сонсоң...
Көз-көңліңе қонатын,
қорқам сенен, бір өлеңі жоқ ақын!
Амал қанша,
берік бол, дос, болмасқа,
қаруым жоқ шыншыл-дығым-нан басқа.
Сенде де бар балдай үміт, бай талғам,
менде де бар «әттең-ай» мен «майталман».
Шынымен-ақ түсінбейсің сен кейде,
Мен де кейде келістіріп айта алман.
Саған не жоқ!
Сенің үнің – ең ескі үн,
сен ешкімге менен жақын емессің,
ерік өзіңде – төрелік де,
тоқтық де –
тек әйтеуір
сен қорқатын жоқ түк те:
құмға құйған суға ұсап
сіңіп-құрып жоғалармын көптікке.
Менде сені қағып, жасқар жоқ талап,
мұрнын тесіп, арқасына ершік сап,
мезгіл өтті өгіз мінер ноқталап.
Менің жырым көл болса егер қоғалы,
қолға үйренген барысы мен қабаны;
барлық кезде жабайы ғой сұлулық:
жабайысы болса, ол – аққу, ақ қанат.
Анау жақта... пиночеттер,
Рейган мен Бегин де
соқтығатын кісі іздеп жүр,
тегінде
менің өртім – солар боп жүр су себер,
егер өзім өртші болсам,
қап-қалың
томдарыммен сөздің не бір батпанын
аударар ем соларға,
әттең қазақша өлең оқи білсе егер...
Сен ғой мені жау санайсың саналы ең,
Жау деп ұғам Отан жауын ғана мен.
Солай, достым.
Солай болмақ алда да,
өлең-ойың тым ауыр деп алдама.
Ауырлама сезім -образ-ұғымды,
сен арқалап жүрген жоқсың жырымды.
Жаман-жаман кітап жазу арқылы
оқушыңды жазалап ең, жарқыным,
Мені де ептеп алмақсың-ау жазалап,

(Неге сонша көтересің еңсені)
тек алуға жаратылған азамат,
ауырламай отырмын ғой мен сені?!
Рас, рас төбе басқа, тау басқа,
таулар жайлы жаздым, рас, әу баста.
Таудан аққан бейне ақ бұлақ, ақ бұлақ,
рас, рас, екпінім бар қаттырақ.
Өйткені мен есті сөзге
жүректің
отын қостым;
төбені де жыр еттім –
үнім одан әлсіреген жоқ бірақ.
Сонда да әлсіз бейнеленсе ой кейде,
биіктетер билігін кес,
асыл досым, ақыл қос.
Сен қоя тұр бақай баққан бақыр-дос,
«Партиялық поэзия сөйлейді!»

1983