Қыл қаламның ұшымен сиқырлашы тірлікті
суретшілер кіл мықты.
Біреу құлын салыпты,
ешкі салған бірі енді,
біреу тырма жасапты,
тағы бірі – түренді.
Акварельдер,
бояулар.
Жанарлар бар сан түрлі:
біреуі – шат,
біреуі сабыр тапқан;
Салқын бір
көзқарастар бір түрлі құдіретін құлқынның
білдіре ме бір түрлі?!
Біздің дала дақпырты: бидайлардың ақ мұрты
селт-селт етіп жатты үркіп.
Натюрмортта: жарты алма,
кеуіп қалған өлі нан
шыққан тағам секілді Шығайбайдың қолынан.
Идея көп бұ залда,
стиль де көп,
мектеп көп,
әр суреттің алдына жиылған жұрт топ-топ боп.
– Мына сурет... – деді қарт –
қайда барад қол мына,
өзінікі ме екен шын қолындағы домбыра?
Түк сезбейтін секілді саусақтардың еті өлген,
айтыңдаршы, шырақтар, өзінікі ме екен қол?
Дүкенші ғой ал мынау: күледі екен танаудан,
алақаны жебір-ау: көрінбейді жамаудан,
сұраңдаршы: кімдікі анау қымыз, анау нан?!

Жұрт таң көріп қарады қарттың сөзін жаңағы,
кіржің қақты біреулер,
біреу кекеп қарады.
– Бұл не сөз? – деп бір жігіт күңкілдеді бұйығы,
– Сайтан білсін! – деп біреу қозғап қойды иығын.
Ал, өз басым сөзден сол естідім бір тың ырғақ,
төбе-құйқам бір түрлі жүре берді шымырлап.
Тік тұрғанға ұсады желке шашым жарты қап,
тебіренгенім соншалық:
қорқып кеттім қалтырап.
Сол-ақ екен...
Жан бітіп суреттерге қыбырлап,
біреуінің нәрсесін алып жатты бірі ұрлап.
Қозғалғанда түреннің жылт-жылт етті ұш жағы,
бір қол түрен ұстады,
бір қол қалам ұштады.

Топшысынан жұлынып бір қол шоршып кетті, әне,
бір бас ұшып, екінші бір иыққа тоқтады.
Сұқ-саусақтар бірі-бірін «сен», «сен»
десті түртісіп,
екі қолы біреудің жатты өзара қырқысып, –
әлдекімнің мұрнына жармасады бір пұшық.
Қымыз бу боп жоғалып,
таусылғандай ет еріп,
аспаз жүрді сабылып бос табақша көтеріп.
Бәрі қашты өз орнынан,
кімге тәтті, кімге ащы –
бір сұлудың аузынан қызыл-сумаң тіл қашты.
Шайпау сөздер жатты ұшып,
сұрапыл-ау, сұрапыл –
– Кімдікі екен, – дедім мен,
сумаңдаған мына тіл?!
Менменсісе бір жігіт биік кресло-сы-мен,
– Өзіңдікі ме орын? – деп сауал қоям осы мен.
Өзімдікі ме осы сөз,
Менікі ме шынымен,
әлде алдым ба біреуден пысықтықпен мұны мен?
«Өзіңдікі ме?» десе,
жібересің сен есе,
түбінде бір сауалдан тосыласың, немесе,
сауал қатал,
дайындал,
сасып қалма, бір бетсіз
қаламыңды көрсетіп: «Өзіңдікі ме?» десе.

1983