(Бір кезде «Лениншіл жаста»
осындай рубрика болған)
Жоғалттым-ау,
жоғалттым мен бір адам
балағы мен қолтығы қолбыраған.
Ымыртта ұшқан күй сын-ды домбырадан,
Жоғалттым-ау,
Жоғалттым мен бір адам.
Сөйлеп кетсе жұғатын мұртына бал,
желке шашы желді еді бұрқыраған.
Көңілденсе – кеудесі жыртылады, ал,
жыртық еді өкшесі жылтыраған.
Оқшау тұрмау үшін бе өзгелерден,
кезі болды кеселді сөзге де ерген.
Бірге кетті мылжыңмен сөзге өлермен,
опасыз бір ортадан безген ер-ді ол.
Осалдыққа бармаушы ед менің досым,
осал болмай не болды жеңілгесін?
Менің жалғыз бақытым шығар бәлкім,
досым түгіл, сатпаса көңілдесім?!
Патша еді ғой, шіркін ол, тағына адал,
адал болса патша да жарымаған
Өнер-ойдың хақ еккен нәрін оған,
нәрі бардың, сондықтан, бәрі ұнаған –
кәрі надан кісі еді, кәрі надан.
Періштеден,
періден,
әрі Алладан
ізгіліктен өзге түк таба алмаған
сорлы еді бір,
көрсеңдер сондай кісі
хабарлаңдар, жігіттер, маған, маған!
1983