Семіздік те – дәреже, семіз кісі,
семіздікте, ол үшін негізгісі.
Жас босанған әйелдей исініп кіл
әлдекімді кеп тұрар емізгісі.
Қарап жүріп исіну – ең ізгі ісі,
пейлі сүтті, сондықтан, теңіз кісі.
Әттең, әттең бір міні бар қасқаның:
ақыл дейді ол әркіммен арбасқанын.
Айла, амалдың ақыл деп бәрін, бәрін
адасудан ақылы арылмады.
Шыт-шыт бопты, әттең-ай, қабырға, әне,
бүгін ғана аңғартып жарылғанын –
кірпіш іздеп шығыпты қалың-қалың.
Бүтіндемес ешкім де, ештеңе де,
кеш ойлады-ау осыны кеще неме!
Емінгіштер соңында емініп жүр,
мұңдайларды ембесе – ешкі еме ме?!
Бар дейтұғын мың айла, мың амалы,
амал болса мал, рас, құралады.
Әрі қарай не болды?
Сұрама әрі –
Қабырғасы жарықтар шыдамады.
Қол ұсынды-ау кішік боп шіркін жаңа?
Саусақтар да семірсе іркіл қаға –
сиыр емшегі секілді бір түрлі о да.
– Емізгісі келсе елді...
қайырымды адам.
жақсылықтан жан екен айрылмаған!
Бірер аңғал осылай десе – күлем,
Қожанасыр түсті-ау деп есегінен.
Мол ғой шіркін біздің ел – теңіз елі,
емізеді ол емізсе,
емізеді
қазынаның емшегі есебінен!
Ақ пейілден,
ардан да айрылмаған
керек-ақ, шіркін-ай, қайырымды адам.
1983